Қоғам

АСТАНА АУЫСПАҚ…

Иран мемлекеті ел астанасын басқа аумаққа көшіруді ойластырып жатыр. Бұл мәселенің көтерілгеніне ондаған жылдар болған. Нақты бір шешімге келу қиын боп тұр. Дегенмен астана ауыстыру жайы алдағы уақыттарда өмір шындығына айналуы әбден мүмкін. Бұл мәселе таяуда ел Президенті Масуд Пезешкианның аузынан тағы да айтылды.

Иран астанасы Тегеранда бүгінде 10 миллионнан астам адам тұрады. Қаланың экологиялық ахуалы жыл сайын нашарлауда. Ауа жиі ластанады. Тұрғындарды электр жарығымен қамтамасыз ету қиын. Ең бастысы – ауыз су жетіспейді. Адамдар ежелден бері мекендеп, өмір сүріп келе жатқан аумақ астынан жерасты суларын ұдайы тарту әсерінен оның кей тұстарында жердің беткі қабаты жылына 15-20 сантиметрге дейін «отыруда». Сондықтан жылына бірнеше ондаған шақырым теміржол, автокөлік жолы, көпірлер, үйлер, мұнай-газ инфрақұрылымдары және жүздеген мың  ғимараттар бүлінуде. Оларды үнемі бақылап, жөндеу жұмыстарын жүргізуге тура келеді. Мемлекет жылына қыруар заңсыз су тарту қондырғыларын, құдықтарды жапқызып та жатыр. Бірақ қалада адамдар тығыз қоныстанғандықтан бұл әрекет нәтиже бермеуде. Қала төңірегінде ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізу де қиындаған. Жерасты суы көптеп тартылғандықтан кей аумақтар опырылып төмен түскен, жер тегіс емес, ойлы-қырлы, егілген дақылдарды суғаруға жіберілген су сол ойықтарға сіңіп кетуде. Осындай проблемалар жыл сайын көбейіп, үсті-үстіне жамалып жатқасын ел басшылығы астананы басқа жаққа көшіруді ойластыра бастаған. Бірақ бұл оңай емес. Есептеулер бойынша 80-100 миллиард доллар қаржы қажет. Үкімет алғашында Парсы шығанағынан су тарту жайын да қарастырған. Бірақ ол да қиынға түсуде. Сондықтан астананы көшіру жайлы ұстаным соңғы кезде жиі айтыла бастады.

Үкімет ел астанасын Парсы шығанағына жақын аумаққа, елдің оңтүстігіне көшіруді ойластыруда. Бендер-Аббас, Бендер-Ленге, Бушер айлақты қалалары «кандидаттар» қатарында. Жалпы алғанда 27 аймақ зерттелу үстінде. Олардың қатарында Пәкстанмен шекараға жақын Махран мен Чабахар да аталуда.

О. ТҰРАР.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *