Басты жаңалықтар Мәселе

Желтоқсан оқиғасын ұмыттыру кімге керек болуда?

Желтоқсан оқиғасы әлі күнге дейін толық ашылып, лайықты бағасын алған жоқ. Ол аздай, енді қанды көтерілісті көлеңкеде қалдырып, кейінгі ұрпақтың санасынан өшірудің алғашқы қадамдары жасалып жатқандай сезімдеміз. Біздің бұлай деуімізге Түркістан облыстық білім басқармасы тарапынан аудандық, қалалық білім бөлімдеріне таратылды делінген хабарламалардағы тапсырмалар себеп болуда. Бізге хабарласқан Жетісай, Сайрам ауданының бірқатар мектеп басшыларының сөзіне сенсек, Тәуелсіздік күніне орайластырылған жылдағы іс-шараларға шұғыл өзгеріс енгізілгенге ұқсайды. Есімін атамауды өтінген бір мектеп директоры былай дейді: «Мен өзім желтоқсаншымын. Біз мерекелік іс-шараны желтоқсан оқиғасымен байланыстырып, сахналық көріністер қойылатын болған. Алайда, жоғарыдан желтоқсан қайраткерлерінің жасаған ерліктерін сахналайтын қойылымдар қоюға тыйым салыныпты. «Тәуелсіздік күніне қатысты шаралар тізбесі бекітілген. Театрландырылған қойылымдар қоюға нақты шектеу қойылды. Кей өңірлерде Желтоқсан оқиғасына қатысты қойылымдар әлеуметтік желіде тарап жатыр. Жеке бақылауға алуды сұраймын» деген білім бөлімінен келген хабарламаға сәйкес қойылымың бәрі тоқтатылды. Бұл тарихты тұншықтыру емес пе?!».

Мұндай тапсырманың шұғыл берілуіне не себеп болды? Осы сауалмен Сайрам ауданы білім бөлімінің басшысы Бауыржан Ахметов пен Жетісай аудандық білім бөлімінің бас маманы Ғалымжан Әбілқайыровқа хабарластық. Екеуі де өздері тарапынан желтоқсанды атап өтуге болмайтыны жайында ешқандай нұсқама берілмегенін, бірақ облыстан келген хатты сол қалпында мектеп басшыларына жібергендерін айтты. Осыған қарап мерекелік іс-шараларда театрландырылған қойылымдарды шектеуге пәрмен Түркістан облыстық білім басқармасы тарапынан келген бе деген ой келді.

Осы себепті облыстық білім басқармасы басшысының баспасөз хатшысы Нұрлан Сұлтанбекпен де байланысып көрдік. Ол кісі оқушыларға психологиялық жағынан кері әсер етпес үшін киімдеріне қан жағып көрсетілетін қойылымдар қоймау туралы сөз болғанын, ал жалпы тыйым болмағанын жеткізді. Сөзінің дәлелі ретінде «Аудандарға жіберілген хаттың» көшірмесін де жолдады. Онда былай делінген. «Облыстағы мектепке дейінгі, жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында  «16 желтоқсан — Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күнін» танымдық-ғылыми-сараптамалық, ағартушылық, қайырымдылық пен әлеуметтік іс-шаралар шеңберінде, «Заң және тәртіп», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» қағидаттарының аясында өткізуді ұсынамыз. Іс-шаралар өткізу кезінде білім алушылардың жас ерекшелігін және қызығушылықтарын ескеру маңызды. Сынып сағаттары білім алушылар үшін қызықты және олардың еліне деген сүйіспеншілігін, патриоттық сезімдерін дамытып, татулыққа, бірлік пен тұрақтылыққа негізделуі қажет. Білім беру ұйымдарында іске асыру үшін «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасына сәйкес, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігін мерекелеуге арналған іс-шаралар жоспары жолданды».

Кімнің рас айтып, кімнің жалған сөйлеп отырғанын әркімнің өз ар-ұятына қалдырдық. Бізді мазалайтыны мынау: 1986 жылдың аязды күнінде нақты талаппен бейбіт шеруге шыққан қазақ жастарын әскерилердің сапер күрегімен, темір таяқтармен ұрып, итке талаттырып, қан-жоса еткенін, мұзға отырғызып, өлді дегендерді жүк көлігімен қала шетіндегі қоқысқа апарып тастағанын, елінің болашағы үшін жастардың жанын құрбан еткенін кейінгі ұрпақ неге білмеуі керек? Оқушылардың психологиясына кері әсер етеді деп уайым жесе, сол білім саласының басшылығында отырғандар ең алдымен ғаламтордағы барлығына қолжетімді, балалардың басты ойынына айналған «Gounter-Strike» секілді қан жосаға, қатыгездікке толы ойындарды жоюмен күрессін. Одан бөлек оқушыларды өз-өзіне қол жұмсауға дейін жетелейтін түрлі қауіпті ойындар толып жатыр емес пе?!

Қорыта айтқанда, біз кейінгі ұрпаққа желтоқсан оқиғасын ұмыттыруға емес, керісінше оның қандай қиын жолмен келгенін, Тәуелсіздігімізді сақтау келешек ұрпақ үшін қаншалықты маңызды екенін ұғындыруға, ұлықтауға жұмыс істеуіміз керек. Ұрпақты отансүйгіш, патриот етіп тәрбиелеу – тарихты жасырумен емес, жария етумен жүзеге асса керек-ті.

Ұлықбек ҮМБЕТ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *