Әрбіріміз ас үйдегі құбыр бітелгенде сантехник іздеп, желіні тазартуға тырысамыз. Сол тазарту кезінде құбырдан қатып қалған май бөліктері, қалдықтардың небір түрі шығады. Ал осындай келеңсіздік қала бойынша орын алғандағы жағдайды елестетіп көріңізші. Күн сайын орталық кәріз желілеріне сіз сияқты қаншама тамақ қалдығын тастайтындар бар.
– Коллекторлар майға толып кетеді, одан желінің өткізу деңгейі төмендейді – диаметрі азаяды деген сөз. Сондықтан қоғамдық тамақтану орындарында міндетті түрде май жинауға арналған жергілікті тазарту қондырғылары болуы керек және осы қызметке лицензиясы бар мамандандырылған ұйыммен оларды пайдалану бойынша келісім-шарты болуы тиіс, — дейді «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС менеджері Ирина Казаринова.
Кәріздегі май желіні тазартудағы материалдық және басқа да ресурстық шығындармен қоса қызмет көрсету барысында да көптеген проблемалар туғызады. Мысалы, қоғамдық тамақтану орындары орналасқан көпқабатты үйлердің тұрғындары мұндайды жиі бастан кешіреді. Тамақ қалдықтарынан орын алатын май желіні бітеп, жертөлелерді су басады. «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС әкімшілігі орталықтандырылған кәріз желісіне қалдық төгу мәселесін шешу үшін тиісті шараларды көруде.
– Қазіргі уақытта Шымкентте 900-ге жуық қоғамдық тамақтану орны жұмыс істейді. Оның 272-сінде май сүзгіштер орнатылмаған немесе тиісті режимде жұмыс істемейді. Осы қоғамдық тамақтану орындарының иелеріне мекемеміздің заң бөлімінің қызметкерлері жергілікті тазарту құрылғылары мен май сүзгіштерді орнату қажеттілігін үздіксіз ескертіп отырады. Себебі бұл — сарқынды су қабылдаудың техникалық шарттары мен ережелерінің негізгі талабы, — дейді «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС бас заңгері Дінмұхаммед Оңғар.
Жергілікті тазарту құрылғылары мен май сүзгіштерді орнату жөніндегі бұл талаптар орындалмаса, «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС әкімшілігі сумен қамту және су бұру қызметін толық немесе ішінара тоқтатуға құқылы. Сондай-ақ сотқа жүгіне алады және май сүзгіштерді сот тәртібімен орнату мәселесін шешеді.