Қоғам

Тілің барда – күнің бар

дейді тіл жанашыры Қабыл Дүйсенби

Қабыл ағамыздың туған тілін сүюі, әдебиетке жақындығы ана сүтімен дарыған қасиет. Мектепте оқып жүргенінде Төлеби аудандық «Ильич жолы» және «Қазақстан пионері» газеттеріне мақалалар жазып тұрған. Журналист болу оның бала күнгі арманы болғанымен, Алматыға жолы түспей, 1975 жылы Шымкенттегі Қазақ химия-технологиялық институтына (ҚазХТИ) студент болып қабылданады.

Қабыл Тұрарұлының хакім Абайдың «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға» деген өсиетін нық ұстанғанын тағылымды өмір жолы байқатады. «Жігітке жеті өнер де аз» демекші, ол бірнеше мамандықты меңгерген. Атап айтсақ, ҚазХТИ-ді «инженер-технолог», М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі», Астанадағы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясын «мемлекеттік басқару менеджері» және Аймақтық әлеуметтік инновациялық университетін «заңтану» мамандығы бойынша бітірген. Ол жоғары оқу орындарында алған мамандықтары бойынша 13 жыл ірі өндіріс орындарында, 18 жыл атқарушы органдарда және 12 жыл сот жүйесінде абыройлы еңбек етіп, өзіндік қолтаңбасын қалдырған азамат.

Қабыл аға жоғары қызметке бірден отыра қалған жоқ. Өндіріс орындары мен аудан, қала, облыс әкімшіліктерінде, министрлік пен облыстық сотта қызметті ең төменгі — бас маманнан бастап, содан кейін сатылап көтеріліп, қалада, облыста бөлім меңгерушісі, басқарма басшысы, комитет төрағасы, кейін министрлікте өз ісінің білікті маманы екендігін дәлелдеген қызметкер. Бұл кісінің алғашқы еңбек жолы 1980 жылы институт жолдамасымен Шыршық қаласындағы «Трансформатор» зауытында инженер-технологтан басталып, аға инженер-технолог, техникалық бюроның бастығы, Шыршық «Электрохимпром» өндірістік бірлестігінде №4 цех бастығының орынбасары болды. 1990 жылы Шымкент «Электроаппарат» зауытында цех бастығы қызметін атқара жүріп, сол зауытта «Қазақ тілі» қоғамының бастауыш ұйымының төрағалығына сайланып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Зауытта істейтін 800 адамның 8-і ғана қазақ екенін ескерсек, кәсіпорында қоғам құрудың қаншалықты қиын болғаны айтпаса да түсінікті.

Ана тілінің көсегесін көгертуді өмірлік мұрат тұтқан Қабекең тың иедяларын жазып қана қоймай, оларды жүйелі түрде ретімен жүзеге асырады. Ол «Электроаппарат» зауытында қазақ тілін дамытудың нақты жоспарын жасап, зауыт директоры А.Суворовқа бекіттіріп алады. Жоспар бойынша ең алдымен зауыттың маңдайшасындағы «Чимкентский завод Электроаппарат» деген жазуды алдыртып, «Шымкент Электроаппарат зауыты» деп өзгертеді. Бұдан кейін зауытқа қарасты балабақшада қазақ топтарын ашып, барлық бөлімдердің бланкілерін қазақшаға аударуды және іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуді, қызметкерлерге қазақ тілін үйретуді қолға алады. Жұмысшыларды қазақ тілді басылымдарға жаздырту сияқты тағы басқа түрлі мәдени шараларды ұйымдастырды.

1990 жылы зауыт басшылары мен жұмысшыларды үгіттеп, «Наурыз» мейрамын жоғары деңгейде өткізгені бүкіл ұжымды бір желпіндіріп, өзге ұлт өкілдерінің қазақ халқына деген көзқарасын өзгертіп, құрметін арттыра түсті. Зауыт жұмысшыларының 99 пайызы өзге ұлт өкілдері болғандықтан, бұл оңай шаруа болмағаны анық. Оның үстіне қоғамдық негіздегі жұмысқа ақы төленбесе де, ол ұлттық құндылықтарды насихаттау және қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде биік тұғырына қондыру жолында уақыты мен күш-жігерін аяған емес. Мысалы, ол Чимкенттің – Шымкент болып өзгеруіне екі жыл бойы ерінбей, нақты үлесін қосқан атпал азамат! Сонымен қатар, қазақтың ұмыт бола бастаған кейбір салт-дәстүрлерімен халықты қайта қауыштыру секілді руханият мәселесінде әрқашанда алдыңғы шепте жүрді.

 Тілге деген құрметті әр адам өзінен бастауы керек

Қабыл Дүйсенби есімі елге қазақ тілінің нағыз жанашыры, шын жоқтаушысы ретінде танымал. Бұған оның «Тілің барда – күнің бар», «Тіл үшін күрес – бізге тиген үлес», «Тіл бірлігі – ел  бірлігі», «Тіл мәселесі – ел мәселесі», «Тілді сүю – елді сүю» деген секілді ұран сөздері дәлел. Бұл кісінің мемлекеттік тілді дамытуда бір кітапқа арқау боларлық еңбегі әрі қазақ тарихынан ойып аларлық өзіндік орны бар. 

Жалындап тұрған жігіттің зауыттағы игі істеріне сүйсінген Шымкент қаласы Абай ауданының сол кездегі әкімі Пернебай Әубәкіров оны әкімшілікте жаңадан ашылған Тіл бөлімінің меңгерушілігіне шақырады. Бұған өзі келіскенімен, зауыт директоры білікті қызметкерін жібергісі келмейді. Бірақ, П.Әубәкіровтің табандылығымен мәселе шешіліп, цех басшысы өндірістен әкімшілікке ауысады. Бұл туралы Қабыл аға: «Үлкен өндіріс орындарында 13 жыл жұмыс істедім. Шыршықтағы «Трансформатор» зауытында бес мың, «Электрохимпромда» он бір мың, ал Шымкенттегі «Электроаппарат» зауытында сегіз жүздей адам еңбек ететін. Менің сол кездегі айлығым аудандық партия комитетінің 1-хатшысының жалақысымен бірдей тұғын. Ал, аудан әкімшілігіндегі айлығым одан 13 есе аз болды. Бірақ, мен ұлттық идея, тіл үшін қызметімді ауыстырғаныма өкінгенім жоқ» — дейді. Осы бір жайттың өзі мемлекетшіл тұлға келбетін айқын аңғартып тұрғандай!

 Шынайы Тіл жанашырының осы мақсатта төккен тері мен еткен еңбегі елеусіз қалмады. Сол тұстағы қала әкімі Амалбек Тшанов Қабыл ағаны ауданнан алдыртып, Шымкент қалалық әкімшілігінің Тіл басқармасына басшы етіп тағайындайды. Шымқалада Қабыл Тұрарұлы тыңнан түрен салып, жүздеген көшелер мен даңғылдардың, алаң мен мектептердің орысша атауларын өзгертуге білек сыбана кірісті. Осылайша ол қазақтың ғұлама ғалымдарының, батырлары мен билердің, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ақын-жазушылардың есімдерін тірілтіп, Шымкент төріне шығарады.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары халқымыздың Қабекең сынды патриоттарының арқасында Шымкентте іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру шаралары жүйелі түрде жүргізіліп, көшелердегі көрнекі ақпараттар мен жарнамалар қазақшалана бастады. Сонымен қатар, осы 7-8 жылда қаладағы 6 қазақ мектебінің санын 21-ге, мемлекеттік тілде тәрбие беретін балабақша санын 2-ден 27-ге дейін жеткізуге аянбай атсалысты. «Шымкент қалай қазақшаланды?» — дегенде елдің есіне ең алдымен Қабыл Дүйсенбидің түсетіні де осы еңбектерінен болса керек.

Оның тағы бір ерлігі елімізде бұрын-соңды болмаған тұңғыш Тіл орталығын ашуға күш салып, 1997 жылы қаңтар айында Шымкент қалалық Тіл басқармасының жанынан «Мемлекеттік тілді міндетті және ақысыз оқыту орталығын» іске қосуы болды. Содан кейін бұл игі бастама 1998-2000 жылдары Астана мен Алматыда және республикамыздың басқа облыстарында жалғасын тапты. Тіл жанашырының мұндай игі істері өскелең ұрпаққа қашан да үлгі-өнеге. 

   Әбіш Кекілбаевтың өзі қызығушылық танытты  

Қабыл Тұрарұлының қызметі 2001 жылы ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Оңтүстік Қазақстан облыстық Ақпарат және қоғамдық келісім басқармасында бас маман, ал 2002 жылы Астанада Мәдениет комитетінде бас маман ретінде жалғасты. Білікті әрі іскер маман өзі еңбек еткен мекемелер жұмысының жандануына кәсіби тұрғыда жаңа леп берді. Мысалы, Мәдениет комитетінің сол уақыттағы төрағасы Б.Тілеуханның «Іс қағаздарын қалай қазақшалаймыз?» деген сұрағына «орыс тілінде әзірленген құжаттарға қол қоймас бұрын, оның қазақ тіліндегісін талап етіңіз!» деп жауап береді. Төраға оның ұсынысын өз тәжірибесінде қолданып, нәтижесінде Мәдениет комитетінің құжаттары бір-екі айдың ішінде қазақшаланып шыға келеді. Осылайша әр басшы өз қызметкерінен құжаттардың қазақ тілінде дайындауын талап етсе, мемлекеттік тіл бірінші кезектегі қажетті тіл етуге болатынын бас маман іс жүзінде дәлелдейді. 2003 жылы ол Шымкентке оралып, ОҚО Ақпарат және қоғамдық келісім басқармасындағы Тіл бөлімінде бас маман болды. Алайда, облыстағы жалғыз Тіл бөлімі жабылған соң, облыс әкімі Б.Жылқышиевтің қабылдауына арнайы кіріп, ОҚО Ішкі саясат департаментінің ішінен Тіл бөлімінің ашылуын ұсынады. Ұсыныс қолдау тауып, өзі осы бөлімге басшы болады. Бөлімде небәрі екі қызметкер болғанымен, олар өте ұйымшылдықпен облыс көлемінде қыруар жұмыстарды атқарып, жақсы нәтижелерге қол жеткізді.

Ол алты жылдай «Ана тілі» газетінің ОҚ облысындағы штаттан тыс тілшісі болып, қаламақысыз, тегін жұмыс істеді. Тәжірибелі маман мемлекеттік тілді тек бөлім деңгейінде дамыту мүмкін еместігін түсініп, БАҚ арқылы жоғары жаққа және көпшілікке «Тіл комитеті мен басқармалары құрылмай, тілдің ісі бітер ме?» — деп, мәселе көтереді. Республикада мемлекеттік тіл мәселесімен айналысатын дербес Тіл комитетін, ал облыстарда Тіл басқармасын құру керектігі жөнінде жергілікті және республикалық басылымдарға 20-дан астам мақала жазды. Бұл ұсынысы Үкімет тарапынан қолдау тауып, 2005 жылы елімізде Тіл комитеті және облыстарда Тілдерді дамыту басқармалары құрылады. Бастаған ісін тастамайтын қашанғы әдетімен ол ОҚО Тілдерді дамыту басқармасында бөлім басшысы, басқарма бастығының орынбасары қызметін атқарып, барлық салада іс қағаздардың мемлекеттік тілде жүргізілуіне және бекітілген терминдердің дұрыс қолданылуына жіті көңіл бөлді. Оңтүстік Қазақстан облысының Әкімшілік-аумақтық картасын алғаш рет қазақ тілінде жасаған да осы кісі. Бұл картаға заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың өзі қызығушылық танытып, облысқа жолы түскенде оны Қабыл ағайдың қолынан алады. Қабекең «Оңтүстік Қазақстанның топонимикалық кеңістігі», «Тілім – тірегім» кітаптарының және ондаған әдістемелік құралдардың авторы.

«Ер қадірін ер білер» — деп бабаларымыз айтқандай, елдің өсіп-өркендеуін көксейтін тұлғалар ұлт болашағы үшін жасалып жатқан еңбекті әрқашанда бағалары хақ. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге қосқан зор үлесі және ономастика саласындағы (елді мекендер мен алаңдарға, даңғылдар мен көшелерге жер-судың тарихи атауларын қайтарудағы) ерен еңбегі үшін Қабыл Дүйсенби қала, облыс әкімдерінің және Тіл комитеті Төрағасының «Алғыс хаттарымен», «Құрмет грамоталарымен» және «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталаған. Сонымен қатар Мәдениет министрлігі тарапынан тілге сіңірген ерен еңбегі еленіп, 2008 жылы «Қазақ тілінің жанашыры» Құрмет белгісімен марапатталады. 2009 жылы «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық байқауында оның «Атаулар сыры» атты телевизиялық жобасы «Үздік автор» аталымын иеленді. Оңтүстік Қазақстан облыстық соты мен Жоғарғы Соттың және Қазақстан Судьялар одағы Төрағаларының «Алғыс хаты», «Құрмет грамотасы» және «Мінсіз қызметі үшін», «Сот жүйесінің үздігі», «Сот жүйесіне 30 жыл»  медальдары мен «Сот жүйесінің белсенді қызметкері» төсбелгісі берілген. 2021 жылы Мемлекет Басшысының «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» медалін кеудесіне тақты.

Мадина Атаева,

Шымкент қалалық соты Баспасөз қызметінің басшысы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *