Жаздың аптап ыстық күндерінде медициналық жедел жәрдем қызметінің жұмысы да еселене түскендей. Халқы тығыз қоныстанған Шымкентте дәрігерлер көмегіне жүгінетіндер де аз емес. Оларға «Жедел жәрдем» жедел жетіп жүр ме? Көмекке үлгеріп жатыр ма? Қалалық жедел жәрдем стансасының бас дәрігері Гүлнар Құрманбековамен (суретте) болған сұхбатта біз осы және басқа да сұрақтарға жауап табуға тырыстық.

Шақыртулар саны 2000-нан асады
–Гүлнар Мамытқызы, көп ұзамай ыстығы ерекше шіліңгір шілде айы келеді. «Жедел жәрдем» шақыртулары қазіргіден де көп болатын шығар…
–Бізде шақыртулар ауа температурасы 30 градус бола бастағаннан-ақ көбейеді. Қазірдің өзінде жай күндері 1800 – 1900 шақырту болып тұрады, ал күн ысыған кезде олардың саны 2000-нан аса бастайды. Негізінен қан қысымы көтерілуінен, «салқындаймыз» деп кондиционер астында көп отырудан, суға мұз салып ішуден тұмау, суық тию, жедел тыныс жолы жұқпаларымен ауыратын науқастар көбейеді. Сырқатқа шалдығу әсіресе балалар арасында жиілейді, өйткені олар көп серуендейді, ойнайды, балмұздақ жейді, суға шомылып салқындайды. Жаз күндерінде созылмалы ауруы асқынатын жасы ұлғайған кісілерден де шақырту көп түседі.
Жалпы, бізде «жедел жәрдем» көліктері тәулік бойы 18-20 шақыртудан орындайды, 230-250 шақырымға дейін жол жүреді.
25 жаңа автокөлік алынады
–Шақыртуларға үлгеріп жатырсыздар ма? Жұмыс қай кезде көбейеді? Қызмет көрсететін көліктер, тиісті мамандар жеткілікті ме?
–Бізде 108 бригада күнделікті тәулік бойы жұмысқа шығады. 59 мобильді бригада қызметті емханалардан қамтамасыз етеді. Олар бұрын тәулік бойы жұмыс істеген болса, енді жаңа бұйрыққа байланысты таңғы сағат 8.00-ден кешкі 19.00-ге дейін, сенбі күндері таңғы 8.00-ден түскі 12.00-ге дейін істейді. Басқа күндердің бәрінде түнгі уақытты қоса алғанда біздің бригадалар қызмет көрсетеді. Демалыс, мереке күндеріндегі шақыртуларға да біздегілер барады.
Халыққа уақтылы қызмет көрсету мақсатында біз күн сайын кешке қарай 20 «қарбалас бригаданы» қосымша жұмысқа шығарып жатырмыз. Олар жалға алынған жеңіл көліктермен қызмет көрсетеді. Бұлай етуге бізге бұйрықпен рұқсат берілген.
Шақыртудың ең көбі кешкі 18.00-ден түнгі сағат 01.00-ге дейін түседі. Негізінен созылмалы науқаспен ауыратындар сырқаты асқынғанда, дене қызуы, қан қысымы көтерілгенде шақыртады. Біздегі қарбалас бригадалар жұмысқа сол кезде шығарылады. Бригада құрамында фельдшер мен дәрігер болады.
Медициналық жедел жәрдем стансасының құрамында 10 бекет жұмыс істейді. 108 бригада сол бекеттерге бөлінген. Жұмыстың барлығы автоматтандырылған. «103»-ке, арнайы орталыққа шақырту түседі, сол бойынша науқастың мекен-жайына санатына байланысты көлік жіберіледі.
Өткен жылы әкімдік тарапынан емханаларға 23 арнайы автокөлік тарту етілген. Биыл 25 машина күтіп отырмыз. Осы айда 10-ы жеткізіледі, қалғаны күз айларында келеді деп жоспарланған. Бұл үлкен көмек.
Бізде қазір бригадалар жеткілікті десек болады. Биыл тағы 7 бригада қосып, қаладағы медициналық «жедел жәрдем» стансасында барлығы 115 бригада болайын деп жатыр.
Қаламызда медициналық академия, медициналық колледждер бар, бізге жас мамандар сол оқу орындарынан келеді. Мемлекет бағдарламасымен келіп, бір жылдай жастар практикасында жүреді. Оларға мемлекет тарапынан жалақы төленеді. Осында жұмыс істеп, көреді, үйренеді. Солардың ішіндегі білімді, жауапкершілігі жоғары, ізденімпаздарын жұмысқа алып қаламыз. Үміткерлердің түйіндемелері қаралып, конкурстық комиссияға жіберіледі. Комиссия оларды арнайы сұхбат өткізіп барып қабылдайды. Сосын олармен еңбек шарты түзіледі.
Жалпы алғанда, қазір маман тапшылығы жоқ, кадрлық резерв үнемі жаңартылып отырады.
2022-жылдан бері симуляциялық орталық жұмыс істейді. Стандартқа сәйкес жабдықталған 6 жиынтық (108 муляж) бар. Төрт халықаралық стандарт бойынша Американдық жүрек қауымдастығының (АНА) сертификаттары бар, симуляциялық оқу әдістерін меңгерген өз ісінің кәсіби мамандары 3 дәрігер-нұсқаушы бар. Жаңадан қабылданған қызметкерлер симуляциялық бағдарлама аясында тәлімгермен бірге жұмыс істейді, қажетті дағдыларды тәжірибелік түрде меңгереді. Жұмыс барысында үздіксіз оқыту тренингтері ұйымдастырылады.
–Ал автокөліктердің жабдықталуы қалай? Онда қандай құралдар болады?
–Жедел жәрдем автокөліктері №225 бұйрыққа сәйкес барлық қажетті медициналық құралдармен және дәрі-дәрмектермен жабдықталған. Онда ИВЛ-аппарат, дефибриллятор-монитор, электрокардиограф, пульсоксиметр, электрлі сорғыш сияқты қажетті құралдар, дәрілер болады.
–Жалған шақыртулар болып тұра ма? Ондай жағдайда мәселе қалай шешіледі?
–Жалған шақыртулар сирек те болса кездеседі. Ондай жағдайда мәселе шақырту себебіне қарай шешіледі. «102»-ге хабарланады, кей жағдайларда тиісті жазба жасалып, акт түзіледі.
Денсаулығыңызға қамқор болыңыз
–Бригадалардың жұмыс сапасын қандай критерийлер бойынша бағалайсыздар? Қызмет сапасын арттыра түсу үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
–Бригадалар жұмысының сапасын бағалау үшін жыл сайын ішкі индикаторлар әзірленеді. Мысалы, жеделдік көрсеткіштері, бригадалардың толық емес қызмет көрсеткен себебімен тәулік ішінде қайта шақырулар, пациенттердің қанағаттануы сияқты көрсеткіштер назарға алынады. Шақыруға уақтылы келу мақсатында жыл сайын бригадалар саны артуда. Жаңа қосалқы станция ашылды, 5 реанимациялық бригаданың санитарлық көліктерінде Шымкент қаласының Зияткерлік көлік жүйесімен интеграцияланған навигациялық трекерлер орнатылды. Мамандарды оқытуға көп көңіл бөлеміз. Біліктілікті арттыру курстарынан бес жылда бір рет өтуден басқа, қызметкерлер екі жылда бір рет базалық және кеңейтілген реанимация, балалар реанимациясы, жарақаттар кезінде алғашқы көмек халықаралық стандарттарына оқытылады. Қызметкерлер муляждармен жабдықталған симуляциялық орталықта және «АНА» (Американдық жүрек қауымдастығы) нұсқаушы сертификаттары бар дәрігер-нұсқаушылардың көмегімен практикалық дағдыларды жетілдіреді. Аптасына екі рет жедел медициналық жәрдем станциясының базасында оқыту конференциялары, сондай-ақ қосалқы станцияларда дәрістер тұрақты негізде өткізіледі. Жыл сайын жас қызметкерлер Шымкент жүрек орталығының бөлімшелерінде тағылымдамадан өтеді. Оқу кезінде қалада жедел медициналық көмек көрсету бойынша жарыстар ұйымдастырылып, өткізіліп тұрады, мамандар осыған ұқсас республикалық жарыстарға да қатысады.
Бізде сондай-ақ «Пациенттерді қолдау қызметі» комиссиясы жұмыс істейді. Онда пациенттердің өтініштері, инциденттер қаралады, болашақта ондайға жол бермеу үшін жүйелі шаралар қабылдау мақсатында қателер егжей-тегжейлі талданады. Сол жұмыстардың негізінде жүйелі шаралар қабылданады.
Айта кетейін, біздің стансаның республика көлеміндегі биік жетістіктері аз емес. Мысалы, 2022-жылы біздің бригадамыз республика бойынша «Ең үздік бригада» атанып, 1-орынға ие болған. 2023-жылғы республикалық сайыста бір фельдшеріміз «Ең үздік жедел жәрдем фельдшері» атанған. Өткен жылғы болған республикалық сайыста біздің дәрігеріміз «Ең үздік жедел жәрдем дәрігері» атағын жеңіп алды. Биыл да бір дәрігеріміз еліміз бойынша өткізілген сайыста «Үздік жедел жәрдем дәрігері» атағына ие болды. Өзім де биыл сайыс жеңімпазы болып, «Үздік денсаулық сақтау менеджері» атандым. Осының бәрі де тынымсыз еңбек пен кәсіби біліктіліктің нәтижесі дер едім.
–Жұртшылыққа сақтық шаралары бойынша қандай кеңестер берер едіңіз?
–Халыққа ыстық күнде көшеге көп шықпауын, қажетті жұмыстарының бәрін мүмкін болса таңертеңгі және кешкі салқында істегені дұрыс болатынын ескертер едім. Жалпы, көшеге шығатын болса, көлеңкелі, саялы жерлерді паналап жүргені абзал. Салқындығы адамның дене температурасынан асып кететін тым мұздай сусындар ішпеу керек. Кондиционер астында көп отыра беруге болмайды. Балаларды қадағалаусыз қалдырмаған дұрыс. Олар балмұздақты тым ретсіз жей бермесін. Әркім маусым ерекшелігіне сай сақтық шараларын ұстанып, өз денсаулығына қамқор болуы керек.
–Жұрттың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап беруге уақыт бөлгеніңіз үшін рахмет.
Сұхбаттасқан – Д. НҰРПЕЙІС.