Біле жүріңіз

БІРЛІГІМІЗ МЫҒЫМ БОЛСЫН!

Қазақстан халқының бірлігі күні – 1-Мамыр мерекесін биыл 30-шы мәрте атап өткелі отырмыз. Ресми жарияланған деректерге қарағанда, қазір біздің елде халық саны 20 миллион 500 мың адамнан асты, осының ішінде 124 ұлт пен ұлыстың өкілі бар. Саны көп ірі ұлттар ретінде қазақ, орыс, өзбек, украин, ұйғыр, неміс, татар, әзірбайжан, корей ұлттары аталады. Жалпы халықтың 71 пайыздан астамын өз қандастарымыз құрап отыр.

1897 жылы – 83 пайыз

Тарихымызға көз жүгіртсек, қатарымыз Қазақстанда тұратын халықтың 30 пайызына дейін азайған кездері болған. Неге олай болды – мұны жұртшылықтың біле жүргені дұрыс. Бұған байланысты түрлі ақпарат көздерінде жарияланған тарихи және статистикалық деректерді саралап көрдік.

Осыдан 130 жылдай бұрын, 1897 жылы Ресей империясында жүргізілген халық санағы нәтижелері бойынша еліміздегі қазақ саны 3 миллион 400 мыңдай болып, жалпы халықтың 83 пайыздайы деп көрсетілген екен. Ол кездегі ел тұрғындарының саны 4 миллион болған.  Халықтың 11 пайызын орыс ұлтының, 2 пайыздайын украин ұлтының өкілдері құрапты. Татарлар мен ұйғырлар саны тең шамалас, қоса алғанда 111 мың адамнан асқан. 30 мыңдай өзбек, 12 мыңдай мордва, 5 мыңдай дүнген, 3 мыңдай неміс, 1,5 мыңнан аса еврей, 1254 поляк ұлтының өкілдері тұрған екен. Яғни ішкі Ресей мен басқа да аумақтардан әкеліп орналастырылған адамдардың саны тұрғын халықтың 17 пайызын құраған.

1959 жылы – 30 пайыз

Ал арада өткен Ұлы Қазан төңкерісі, Азамат соғысынан, отырықшыландырып-ұжымдастырудан, көтеріліс, ашаршылық, саяси қуғын-сүргін нәубеттерінен кейін, 1939 жылы жүргізілген халық санағы деректерінде Қазақстандағы қазақ саны 37,8 пайыз (кей деректерде – 40,4 пайыз) деп көрсетіліпті. Қалай десек те қазақтың өз жерінде азшылыққа айнала бастағаны байқалады. Бұл кезде Қазақстанда 6 миллиондай адам тұрған.

Арада 20 жыл өткен соң, 1959 жылы жүргізілген халық санағының нәтижелері кей деректерде былай деп көрсетілген: Халықтың жалпы саны 9 миллион 309 мың адам. Оның 30 пайызы қазақтар, 42 пайыздан астамы орыстар. Елде 762 мыңнан астам украин, 660 мыңдай неміс, 192 мыңдай татар, 137 мыңдай өзбек, 75 мыңдай корей, 60 мыңдай ұйғыр ұлтының өкілдері тұрыпты. 656 мыңнан астам адам – басқа да өзге этнос өкілдері.

Бұдан кейінгі жылдарда ғана қандастарымыздың саны ақырындап арта бастаған. 1979 жылы елдегі 15 миллионға жуық тұрғынның 36 пайызын құраған. Арада 10 жыл өткесін, 1989 жылы 39 пайыздан асқан. Бұл кезде Қазақстанда 16 миллион 464 мың адам тұрған екен.

71 пайызға жеттік

Қазақ өз жерінде көпшілік деңгейіне өз алдына Тәуелсіз ел болған соң көтеріле бастады. 1999 жылы Қазақстан Республикасында жүргізілген халық санағында ел тұрғындарының 53,4 пайызын қазақтар құрайтыны мәлім болған. Бұл кездері елімізде 4,5 миллиондай орыс, 547 мың украин, 371 мыңдай өзбек, 100 мыңдай корей ұлтының өкілдері тұрыпты. Әрине, бұған дейінгі жылдардағыдай халық құрамында әзірбайжан, шешен, ингуш, армян, молдаван, қарашай, құмық, лезгин, авар, гагауз сияқты басқа да да көптеген ұлттардың өкілдері болған.

 Осыдан 5 жыл бұрын, 2021 жылы жүргізілген халық санағы Қазақстандағы жергілікті ұлт өкілдерінің саны 70 пайыздан асқанын көрсетті. Халықтың 16 пайыздайын орыс, 3 пайыздан астамын өзбек, 2 пайыздан астамын украин ұлтының өкілдері құраған. Ұйғыр, неміс, татарлардың әрқайсысының үлесі халықтың 1-1,5 пайызы аралығында болған. Әрқайсысы 100 мыңнан асатын әзірбайжандар мен корейлер, саны 30 мың мен 85 мың аралығын құрайтын шешен, қырғыз, поляк, күрд, тәжік, белорус,  дүнген, түрік ұлтының өкілдері болған.

Ал таяуда жарияланған ресми деректерде Қазақстан халқының 71,5 пайызын, яғни 14,5 миллионнан астамын қазақ ұлтының өкілдері құрайтыны айтылды.

Әрбіріміз Отанды сүйе білейік!

Біз мұның бәрін неге тізбелеп отырмыз? Қандастарымыз, жалпы, Қазақстанды Отаным дейтін әрбір азамат қазақ халқының басынан өткен қиындықтар жөнінде біле жүрсе екен дейміз. Біздің қазақ – пейілі өзінің жері сияқты кең халық, ешкімге бөле-жарып қарамайды, қай ұлттың баласына болса да өзінің отандасы, жерлесі ретінде жылыұшырап тұрады. Осыны білетіндер бар – оларға қарап көңілің өседі, білмейтіндер, білгісі келмейтіндер бар – соларға қарап көңілің түседі. Тіл-көзден, жамандардың арам пиғылынан сақтасын, түсіне білген жанға Қазақстан деген бір жайлы мекен ғой. Осыны еліміздің әрбір азаматы сезіне жүрсе екен дейміз.

Кейбір жетесіздер әлеуметтік желіде тарихымызды бұрмалайды, тілімізге тиіседі, намысымызға тиеді. Сондайлардың арасында өз тілін білмейтін, білгісі келмейтін мәңгүрттер, өзге діни ағымға кіріп алып өз ұлтының салт-дәстүрін мансұқтап жүргендер де бар. Сондайлар ойланса екен.

Адам өз отбасын, өз үйін қалай сүйсе өз Отанын да солай сүйе білуі керек. Бірлігіміз мығым болсын!

Д. ОРАЗ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *