Әлеумет

Tаукент түрленіп келеді

Созақ Түркістан облысындағы донор ауданның бірі. Аймақта орналасқан кәсіпорындар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосып келеді. Олар тұрғындарды жұмыспен қамтып қана қоймай, қазынаға миллиардтап салық құяды. Осының барлығын үйлестіріп отырған аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жуырда Таукентке барып, кенттің әлеуметтік-
экономикалық даму барысын бақылады. Алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер мен жоспарларды көрді.

Сапар барысында кент әкімі Елдос Дәулетбаев атқарылған жұмыстар туралы баяндап, жүзеге асырылып жатқан жобалардың жай-жапсарын таныстырды. Тұрғындар тарапынан мемлекеттік қолдауларға ризашылық білдіріліп, бірқатар өзекті ұсыныстар ортаға салынды. Биыл Таукентте инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған ауқымды жобалар қолға алынбақ. Атап айтқанда, мазут сақтау қоймасын қалпына келтіру бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Сонымен қатар, бу қазандығын жаңғыртып, жаңа қондырғы орнату және су қыздырғыш қазандығын ауыстыру жоспарлануда. Бұл жұмыстар кенттің жылу жүйесінің сенімділігін арттырып, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етеді.

Жол инфрақұрылымын дамыту да басты назарда. Биыл Көкжиек, Жыныс ата, Кенесбаев және Х.Тоқмұхаммедов көшелеріне жалпы ұзындығы 4,165 шақырымды құрайтын орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Өткен жылы да бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылды. Тәуелсіздік, Көкбұлақ, Мәңгілік ел және Болашақ көшелеріне жалпы 2420 метр асфальт жабындысы төселіп, пайдалануға берілді. Сонымен қатар, көпқабатты 15 тұрғын үйдің аулалары абаттандырылып, тұйық көшелерге 3815 метр қиыршық тас төселді. Кент ішінде көше жарықтандыру жүйесі жаңартылып, 100 пайызды қамтып отыр. Сондай-ақ №132 көпқабатты тұрғын үйден кент мәдениет үйіне дейін жаңа аяқжол салынды.

Электр желілерін жаңғырту бағытында да нақты жұмыстар жүргізілуде. «Оңтүстік жарық транзит» ЖШС-нің инвестициялық бағдарламасы аясында Х.Тоқмұхаммедов және С.Тойшыұлы көшелеріндегі ескі бағаналар мен электр желілері ауыстырылып, «Тастақ» трансформаторы жаңартылды. Сонымен қатар, жаңа электр бағаналары орнатылып, заманауи трансформаторлар іске қосылды. Биыл Бесбұлақ саяжайындағы 115 электр бағанасын жаңарту жоспарланып отыр.

Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту да назардан тыс қалған жоқ. Кенттегі балалар және спорт алаңшалары жөндеуден өткізіліп, жаңа ойын алаңдары салынды. Көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары абаттандырылып, балаларға қолайлы орта қалыптастырылды. Қоғамдық қауіпсіздік бағытында да жүйелі шаралар қолға алынған. №132 үй маңындағы аялдамаға мультимедиялық арка, бағдаршам, LED-экран және жарық шамдары орнатылды. Сонымен қатар, кент кіреберісіндегі LED-экран арқылы мемлекеттік бағдарламалар мен маңызды ақпараттар тұрақты түрде көрсетілуде.

Кенттің көркі мен келбетін арттыру мақсатында орталық маңызы бар Астана көшесінде сәндік қоршаулар орнатылып, қарағаш, павлония және шырша ағаштары отырғызылды. Суару жүйесі іске қосылып, жасыл желектерді күтіп-баптау жолға қойылған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *