Басты жаңалықтар Мәселе

Автонарықтың алдағы ахуалы қандай болмақ?

26 қыркүйектен бастап елімізге шетелдерден жеткізілетін көліктерді рәсімдеу тәртібі өзгерді. Енді жеке импорттаушылар шетелден әкелетін көліктерге электрондық паспорт олардың шығарылғанына бес жылдан аспаған жағдайда ғана рәсімделетін болды. Жаңа тәртіп сонымен қатар көлікті тіркеуге де әсер етеді.

Бұған көлік импорттайтын азаматтар мен дилерлер наразы болып отыр. Кеденде декларациялап, көлік рәсімдеу өте баяу жүріп жатыр. Жеке адамдар әкеліп жатқан көліктерге бұған дейін қолданылып келген 15 пайыздық кедендік баж енді жүрмейді, оның орнына 48 пайыздық бірыңғай мөлшерлеменің қолданылуы басталыпты.

Еліміздің бірнеше қаласында бұған наразылар жиналып, облыстық, қалалық мемлекеттік кірістер департаменттеріне барды. Тиісті мекемелерден барған қызметкерлер оларға жағдайды түсіндіруге тырысты, уәждерін жоғарыға жеткізуге уәде берді. Кей қалаларда жиналамыз дегендерге тыйым салынды. Мысалы, шымкенттіктер мемлекеттік кірістер департаменті алдына жинала алмады, өйткені жазбаша арнайы рұқсат сұралмағандықтан олардың әрекеті заңсыз саналар еді.

Жұрт осылай шулап, әрі-сәрі боп жүргенде мәселеге байланысты ресми түсініктеме де жарияланды. Яғни өзгерістер импортты оңтайландыру, көлік паркін жаңарту және көлік құралдарын тіркеудің ашықтығын арттыру үшін жасалып отыр екен. «Талаптардың көбі бұрыннан бар, қазір ережелер біртұтас жүйеге келтірілуде» деп айтылды. Енді жеке тұлғалар үшін электронды көлік паспорты мен көлік құралы конструкциясының қауіпсіздік сертификаты тек шығарылғанына бес жылдан аспаған көліктерге ғана рәсімделеді. Электронды паспорт бір адамға жылына бір көлікке ғана беріледі. Кедендік рәсімдеу көліктің әкеліну мақсатына байланысты. Егер импорттаушы оны өз жеке пайдалануына алған болса, жолаушылардың кедендік декларациясы қолданылып, төлемдер Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай тарифімен есептеледі. Көлік кедендік құжатта көрсетілген адамға ғана рәсімделеді. Сондай-ақ, Көлік министрлігі импортталатын көлікті алғашқы мақұлдау кезінде «Еуро – 5» және одан жоғары стандарт талаптары қойылатынын да жариялады. Яғни көліктің шығарылған жылы ғана емес, экологиялық талапқа сайлығы да назарға алынады. Ал шетелден көлік импорттаушы оны елде сату үшін әкелген болса, онда оған тауар декларациясы қолданылады. Яғни кедендік және импорттық баж, 16 пайыздық қосымша құн салығы төленеді. Егер көліктің қозғалтқыш көлемі 3 литрден асар болса, оған қосымша акциздік салық бар.

Бүгінде кей азаматтар тарапынан «мұның астарында ірі көлік монополистерінің әрекеті жатқан болуы мүмкін» деген сөз де айтылып жатыр. «Жеке импорттаушылар олардың  бұл саладағы артықшылықтарына елеулі қиындық әкелген болуы мүмкін. Өйткені оларда өтпей тұрған көлік көп. Себебі — тым қымбат. Жұрт салоннан алғаннан гөрі жеке импорттаушылардан алғанды тиімді санайды, көлік біршама арзанға түседі. Ал кедендік рәсімдеудің қымбаттауы шетелден көлік әкеп сатып жүрген азаматтарға тиімсіз. Мынадай жағдайдан кейін олардың көбі басқа кәсіпке кетуге мәжбүр болуы мүмкін», — дейді олар.

Бүгінде ел арасында бұған қатысты түрлі сөз таралып жатыр. Өйткені оның қарапайым жұртқа да қатысы жоқ емес. Халыққа қолжетімді бағадағы көлік керек. Шетелден көлік әкеліп, сатып жүрген кәсіпкерлер бұған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады. Кәсіпкерлер кедендік рәсімдеу тәртібіне енгізілген өзгерістерді жыл аяғына дейін тоқтатуды, сондай-ақ, бес жылдан асқан көліктерді барлық талапты сақтай отырып кедендік рәсімдеуге және сертификаттауға мүмкіндік беруді сұрап отыр. Әлеуметтік желіде бұған байланысты жазба жариялаған бір азамат: «Әкелінген көліктің бес жылдан асқандарына электронды паспорт берілмейді. Содан ол атына рәсімделген адамда тұра береді. Оны металлоломға да өткізе алмайды. Қазіргі ЕЭО тәртібімен төлейтін етсе, қымбатқа шығады. Мысалы, 2015 жылы шығарылған «Тойота Сиенна» (3,5 литр) көлігінің қазіргі тәртіппен кедендік рәсімделуі 14 миллион 833 мың 460 теңге болады. 2010  жылғы (2,5 литр) «Тойота Камри» 9 миллион 796 мың 29 теңге,  2012 жылғы (2,5 литр) «Лексус» 9 миллион 775 мың 445 теңге , 2019 жылғы «Лексус» 9 миллион 775 мың 445 теңге, 2019 жылғы «Киа Соул» (2 литр) 8 миллион 27 мың 432 теңге болады. Міне, осындай төлемдерге дайын болыңыздар. «Растаможка» базасы жеке тұлғаларға әлі де жабық», — дейді. Қысқасы, жаңа ереже талаптары бойынша рәсімделетін көліктің құны жаңа кедендік рәсімдеуден кейін тағы да бірнеше миллионға қымбаттай түспек.

Бүгінде елімізге автокөлік Қырғызстан, Ресей, Беларусь, Армения (Еуразиядлық экономикалық одақ) елдерінен ғана емес, Грузиядан, Қытайдан, Жапониядан, Оңтүстік Кореядан, Біріккен Араб Әмірліктерінен, Германиядан, АҚШ-тан да әкелінеді. Мысалы, АҚШ-та автобазар саласы өзгеше, онда көліктердің пайдаланылу мерзімдері қысқа, уақыты келгенде оны арнайы аукциондарға арзан бағаға қояды. Мұндай аукциондарға сондай-ақ түрлі жол-көлік оқиғаларына ұрынғандары да өте арзан бағаға қойылады. Соларды сатып алып, шебер «костоправтарға» жөндетіп әкелетіндер бар. Ол әсіресе теңіз жолына мүмкіндігі бар Ресей, Грузия сияқты елдерге тиімді, олар осындай жолмен сатып алған көліктерін бері қарай сатады. Осындай көліктердің ішінде қылмысқа қатысы барлары, қылмыстық жолмен сатылғандары, салықтан айналып өтудің түрлі тәсілдерін қолданғандары да болады. Біздің мемлекет автопаркті жаңартып, экологиялық талаптарға сәйкестендірумен қатар осындай көліктер нарығына тоқтам салуға да тырысуда екен.

Дегенмен бұл тәртіп жеке импорттаушыларға ауыр тиіп отыр. Шекарада қаңтарылып қалған көліктердің алдағы жайы не болары белгісіз. Жұрт жаңа тәртіпке көндігіп, рәсімдеу арқылы шығынға батса, әкелген көлігін, әрине, қымбат бағаға сатуға тырысады немесе жеке импорттаушылар жұмысын тоқтатады. Ал монополистердің көлігі болса да қымбат, несиеге алса екі есе шығындалады. Қарапайым жұрттың көпшілігінің оған қолы жете бермейді. «Бұл еліміздегі автонарықтың құлдырауына апаруы мүмкін», — дейді сала сарапшылары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *