Басты жаңалықтар Біле жүріңіз

Еңбегі – адал,еті – арам…

Газетіміздің әр санында Құранда аты аталған үй жануарлары мен өзге де тіршілік иелері жайында танымдық деректер жариялап келеміз және оны жалғастыра бермекпіз. Бүгінге дейін төрт түлік түгел айтылды. Енді кезінде күш көлігі ретінде өзіндік маңызы болған, бүгінде көп жағдайда керексіз күйдегі есек туралы да айта кетуді ұйғардық.

Құранда бұл жануар туралы 5 мәрте айтылған екен. «Нахл» сүресінде оның адамдарға көлік ретінде жаратылғаны туралы, «Жұмға» сүресінің 5-аятында Алла тарапынан түсірілгенге сенбеушілерді Алла кітап арқалаған есекке теңегені жөнінде айтылыпты. Ал «Лұқман» сүресінің 19-аятында «…дауыстардың ең жаманы – есектің даусы» деген жері бар екен. Яғни жоғары үнмен айтылған мағынасыз бос сөз есектің оқыс шыққан, жағымсыз дауысына теңеледі. Негізі есектің дауысы 3 шақырым қашықтан анық естіледі.

Құран мен хадисте адамның есек етін асқа тұтынуына тыйым салынған, ол харам саналады. Еті нәжіс (лас), денсаулыққа зиянын тигізуі мүмкін. Сахабалардан «Хайбарды алған күні Алла елшісі үй есегінің етін жеуге тыйым салып, жылқы етін жеуге рұқсат етті» деген сөз жеткен. Дін ғұламалары «Алланың халал еткен нәрселерінің әрбірі жақсы саналады әрі ол адам баласының ағзасы мен дініне пайдалы. Ал әрбір харам еткен нәрсесі лас есептеледі әрі ол адам ағзасы мен дініне зиянын келтіреді» деген екен.

Қазақта «Есектің еңбегі – адал, еті – арам» деген сөз бар. Бұған қатысты ел арасында қисса сақталған. Онда Жер бетін топан су басып, Нұх пайғамбар кемеге жан-жануарларды асығыс кіргізіп жатқанда Ібілістің есекті азғырып, құйрығына жасырынып, кемеге кіріп алғаны туралы баяндалады. Артына Ібіліс жасырынған кезде есек шошып кетіп ақырып жіберіпті, зәр жіберіп қойыпты деседі. Жан-жануарлар ішке ұмтылып жатқанда ол бір орнында тұрып қалған екен. Нұх пайғамбар «Кір ішке!» деп жекісе де, артынан келе жатқан қошқар сүзсе де қозғала қоймапты. Сонда Нұх: «Ей, малғұн, өткелді бөгемей, кір ішке!» — дегенде есектен бұрын ішке Ібіліс кіріпті. Нұх шық десе: «Кір, малғұн!» деген – өзің. Мен – малғұнмын. Өзіңнің әміріңмен кірдім», — деп кемеге жайғасып алыпты. Сөзден жеңілген Нұх пайғамбар есекке ренжіп:

«Көрген күнің қараң болар,

Жүрісің шабан болар.

Жегенің сабан болар,

Етің арам болар», — деген екен. Есектің судан өтерде белі қайқайып тұрып зәр жіберетін жаман әдеті содан қалған деседі. Ібілісті көрсе жаны қалмай қорқып, ақыратын көрінеді.

 Қауіпті сезсе, жүрмей қояды

Есек –  сүтқоректі, тақ тұяқты, азық талғамайтын, құрғақшылыққа төзімді жануар, жылқы туысына жатады. Еркегін – әңгі, ұрғашысын – мәші, төлін – қодық, екі жастан асқанын тайқар деп атайды. Кезінде жабайы болған. Адамдар қолға үйреткеннен кейін әртүрлі тәсілдермен жүк көлігіне жарайтын бұқар есегі, каталон есегі (Испания), иран есегі (хомад) сияқты тұқымдарын шығарған.

Есектер 18-20 жыл тіршілік етеді. Жыныстық жағынан 3 жасында жетіледі. Аналығы төлін 12,5 ай, кейде 14 айға дейін көтереді. Қодығын 6 айға дейін емізеді, сосын ол шөпке көшеді. Оларда егіз туу жоқ.

Африкадағы Сомали, Эфиопия елдерінде есектің жабайы түрі тіршілік етеді екен. Үйірінде бір әңгі, әрқайсысы бір-екі жасар қодықтарын ертіп жүретін бес-алты мәшіден болады. Жабайы есектер құрып кету қаупі төніп тұрғандықтан Қызыл кітапқа ендірілген.

Бүгінде Азия мен Африканың көптеген дамушы елдерінде есек тасымал көлігі ретінде қолданылады. Олар төзімді, күй талғамайды, азыққа өзге малдан қалған кәшекті де жей береді. Бұл елдерде есекті жүк тасуға, мінуге ғана емес, соқаға, тырмаға жегуге және тағы да басқа шаруаларға пайдаланады. Есек 30-40 кило жүкті 100 шақырымға дейін еркін жеткізе алады. Төзімді. Тұяғы аттың тұяғынан мықты келеді, сондықтан да Ауғанстан сияқты таулы елдерде тастың үстімен де тепеңдеп жүре береді. Есте сақтау қабілеті зор, бір көрген жолынан жаңылмайды. Ол қатерлі жолға айдағанға жүрмейді, шамасынан артық жүк артылса, орнына қозғалмай қояды. Бұл оның қырсықтығынан емес, өзін сақтау түйсігінің жоғарылығынан. Сондай-ақ оның шаруадан әбден зықысы шыққанда қыршаңқыланып жүрмей қоятыны, алдына келгенді тістеп, артынан келгенді тебетін де мінезі бар. Кейбір жыртқыш аңдарға әл бермейді, кейде қасқырдан да қайтпайтын кездері болады.

Етін жеп, сүтін ішетіндер бар

Кейбір елдерде есек етін азыққа тұтынатындар бар. Жарияланған деректерге қарағанда, есек етінің өткір, жағымсыз иісі болады. Сондықтан оны әбден жуып, маринадтап барып пісіреді. Адам ағзасы есек етін сіңіруге бейімделмеген, асқазан-ішек жолдарына жайсыз әсер етеді. Әсіресе кәрісінің еті қатты, ыдырап, сіңірілуі қиын. Онда холестерин көп, жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдықтыру қаупі жоғары. Дегенмен есек етін ежелден тұтынатын халықтарда ағза соған бейімделіп кеткен. Мысалы, Қытайдың кей аумақтарында, Африканың бірқатар елдерінде одан түрлі тағамдар жасайды. Оңтүстік Африкадағы Лесото елінде есекті еті үшін арнайы өсіреді. Венгрияда, Италияда, Испанияда есек етін шұжық жасауда пайдаланады.

Кей деректерге қарағанда, бүгінде әлемдегі есектердің жалпы саны 45 миллионға жуықтайды. Біздің елде де баршылық еді, кейінгі жылдары Қытайға өткізетіндердің әрекетінен соң біршама азайды. Кейбір өңірлерде жекелеген адамдардың есек фермасын ашқаны туралы деректер шығып қалады. Қытайда есектің терісінен қан ауруларына қарсы препарат, косметикалық заттар шығарып сатады, әлем елдеріне экспорттайды. Сол себепті онда есек азайып, шетелдерден импорттаған кездері көп. Ал кей елдерде есек сүтін ішетіндер, одан аса қымбат ірімшік жасайтындар бар. Мысалы, іргеміздегі Ресейдің Ставрополь өлкесінде есек сүтін өндіретін ферма бар екен. Өніміне сұраныс жоғары деседі. Ал Кипрде есек сүтінен балаларға арналған азықтық қоспа шығаратын кәсіпорын жұмыс істейді. Мұндай фермалар мен кәсіпорындар кезінде Еуропада, әсіресе Францияда, Германияда, Швейцарияда, Бельгияда, Италияда баршылық болған екен. Бұл елдерде есек сүті жетім қалған балаларды, жүйкесі әлжуаз балалар мен ауру, қарт, әлсіз адамдарды емдеу үшін пайдаланылған екен. Бүгінгі күндері де әлемнің бірқатар елдерінде сүт өндіретін есек фермалары бар.

Есек сүтті өте аз береді. Бір күнде 300-400 грамдай. Ал бағасы сиырдікінен 20 есе қымбат тұрады екен. Ғаламторда жарияланған ресейлік және басқа да шетелдік деректерден, жарнамалардан «100 миллиграмы – 1000 рубль», «1 литрі – 40-50 еуро», «150 доллар», «2000 доллар» деген бағаларды көзіміз шалды. Жарнамасы мықты жүргізілетін шығар, жұрт оны кей дертке ем, косметикалық әсері зор, теріні жасартады деп те тұтынатынға ұқсайды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *