Мәселе

СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ СОҢҒЫ КҮН БОЛЫП ЖҮРМЕГЕЙ!

Әне-міне дегенше кезекті оқу жылы да аяқталды. Бүгінде түлектер мектеппен қоштасуды атап өтуге қызу дайындық үстінде.

Бұл өзі жылда орын алатын қарбалас. Өкініштісі, осындай қызықшылықты атап өту кезінде жыл сайын алдын ала айтылған ескертулер, салған тыйымдарға қарамастан, түрлі тәртіп бұзушылықтар, оқыс оқиғалар болып тұрады. Тіпті, адам шығыны орын алған кездер де бар. Жастар көлік кортеждерін ұйымдастырып, даңғаза шумен жүргенде жол апаттарына ұшырайды. Сондықтан да биыл Оқу-ағарту және Ішкі істер министрліктері ерте бастан қамданып, мектеп бітіру салтанаттарын өткізуге байланысты қатаң талаптар қойды. 

Талапқа сәйкес, мектептерде қандай да бір іс-шараға арнап ақша жинауға тыйым салынған. Салтанатты іс-шараларға біржақты шектеу жоқ, бірақ олар мектеп қабырғасында ғана өткізілуі тиіс. Бұрынғыдай мейрамхана жалдап, «жұлдыздар» шақырып, табиғат аясына шығып сырнайлатып-кернейлеткен қымбат шоулар ұйымдастыруға болмайды.

Мектеп басшылығы, әрине, ескертулер шегінен шықпасы мәлім. Өйткені талапқа құлақ аспаса, қомақты айыппұл төлеуі, тіпті қызметімен қоштасуы да мүмкін. Ал мектеп бітірушілер мен олардың ата-аналары ше? Мұндай талаптарға түсіністікпен қарай алар ма екен? Біржақты жауап беру қиын. Бұл мәселеге, тіпті, бір кездері Білім министрлігін басқарған Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтің өзі алаңдаушылық білдіріп отыр. «Кей өңірлерде бітіруші сынып оқушыларының ата-аналары тарапынан 200, 300, тіпті 400 мың теңгеге дейін ақша жиналатынын көріп жүрміз. Бұл барлық отбасы үшін бірдей қолжетімді емес. Мұнда әлеуметтік теңдік мәселесі бар.

Бұл мәселені тек мектепке немесе мұғалімдерге артып қою дұрыс емес. Ата-аналар чатында ақша жинау басталады, соның салдарынан келіспеушілік туындайды. Сондықтан бұл – қоғам мәдениетіне қатысты күрделі сұрақ», — деді депутат.

Иә, бұл күндері мектеппен қоштасуға байланысты ақша жиналмайды емес, жиналып жатқанын естіп те қалудамыз. Арнайы киім алу, киім тіктіру, виньеткаға, фотосессияға, салтанатты кеш өткізілетін орынның жалдау ақысына деген сияқты шығындарға қыруар ақша керек. Балалар сүйікті ұстазын қомақты сыйлықпен риза еткісі келеді, «пәленнен жинайық!» деп мұндай іске бастамашы болатын белсенді ата-аналар қай ортадан болса да табылады. Әйтеуір ақша жинауға себеп жетеді. Бұл күнде жұрт тойшыл ғана емес, намысшыл, «перзентім үшін» деп қарызға белшеден батса да келісілген қаржыны өйтіп-бүйтіп әйтеуір тауып береді. Ер балалардың өзі арнайы киім сатып алуға қомақты ақша жаратады. Ал қыздар киімі олардікінен әлдеқайда қымбат. Оның үстіне «прическа» жасап, боянып-сәнденуге де аз қаржы кетпейді. Қысқасы, мектеп бітіру кезінде оқушының да, ата-анаға да жүйесіне салмақ салатын нәрсе жетеді.

Ендеше, министрліктердің мектеп бітіру кештерін өткізу тәртібіне шектеу енгізгені жөн-ақ. Бірақ, осы шектеу сақталады ма, мәселе осында. Мұндай шектеу жыл сайын енгізілгенімен, оның қатаң сақталып жатқаны шамалы. Шынтуайтына келгенде, бұл шектеу мұғалімдерден бұрын ата-аналарға маңызды. Өйткені, баланың қауіпсіздігі мен өмірінен қымбат не бар? Уақытша қызыққа баланың болашағын, өмірін алмастыруға болмайды. Осыны ұғынатын уақыт келді емес пе?! Мұны мектеп бітіруші түлектерге де байыппен, ұғынықты етіп түсіндіре алуымыз керек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *