Өткен аптада «Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытынан өрт шығыпты» деген қауесет қала тұрғындарына лезде тарап кетті. Шынтуайтында Азаматтық қорғаныс басқармасы қала әкімімен бекітілген жоспарға сәйкес «Петро Қазақстан Ойл Продакст» ЖШС базасында оқу-жаттығу өткізген болатын. Бұл жаттығу жер сілкінісі салдарынан күшті әсер ететін улы заттың төгілуі кезінде құтқарушылардың әрекетін саралап, пысықтады. Мүдделі мекемелердің қатысуымен өткізілген оқу-жаттығу барысында нысанның азаматтық қорғау құралымдарының дайындығы пысықталып, Департамент тарапынан әдістемелік көмек көрсетілді.
Айта кету керек, кешегі апта түгелімен Құтқарушылар күніне арналды. Түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Нақтыласақ, Қазақстан Республикасы «Құтқарушылар күні» мерекесіне орай Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі (Шымкент қаласы)» РММ құрылымдық бөліністері арасында гір тасын көтеруден 2 салмақтан және үстел теннисінен 2 топтан тұратын (35 жасқа дейін және 35 жастан жоғары болып) жарыс өткізілді. Жарысқа 40-қа жуық қызметкер қатысты. Олар өз күштерін сынады, шеберліктері мен төзімділіктерін көрсетті. Әрбір қатысушы жеңіске жету үшін барын салып, өзінің дайындық деңгейін дәлелдеуге тырысты.
Жеңімпаздар құтқарушылар күніне орай өтетін іс-шарада марапатталатын болады.
Айтпақшы, құтқарушылар кәсіби мерекесінде «Таза Қазақстан» республикалық акциясына да үлес қосуды ұмытпады. Бұл жолғы іс-шараны олар қыркүйектің соңғы жексенбісінде белгіленген Еңбек күніне орайластырылды. Шымкент гарнизонының бастығы, генерал-майор Қуанар Базарбаев бастаған жеке құрам қала аумағындағы өрт сөндіру бөлімдерінің аулаларын көгалдандырды. Іс-шараның мақсаты — өскелең ұрпақты отансүйгіштік пен еңбекке деген құрмет рухында тәрбиелеу, экологиялық мәдениетті қалыптастыру сондай-ақ, қоршаған ортаны аялауға үгіттеу болды.
Осылайша құтқарушылар 40-тан астам көшет яғни, мезгілге төзімді қылқан жапырақты ағаштар мен түрлі гүлдер отырғызды.