Әлеумет

ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖИНАҒЫНА ҚАТЫСТЫ ӨЗЕКТІ САУАЛДАР

Таяуда азаматтардың зейнетақы жинағының ең төменгі жеткіліктілік шегін есептеу әдістемесінің өзгертілгені мәлім. Мұны жұрттың біле жүргені жұрыс

1. Ең төменгі жеткіліктілік шегін (ТЖШ) есептеу әдістемесі қалай өзгерді?

— Енді ТЖШ мөлшері әрбір салымшының жасына қарай келтірілген құнды есептеудің стандартты формуласы негізінде және болашақтағы зейнетақы төлемдерінің мақсатты көрсеткіштерін ескере отырып айқындалады. Нақтыласақ, жаңа әдістеме «Болашақта лайықты деңгейдегі зейнетақы табысын алу үшін бүгін жеке зейнетақы шотында қандай ең төменгі сома қалуы тиіс?» деген сұраққа жауап береді.

Формула ұзақ мерзімді демографиялық (ұлттық демографиялық кестелер), қаржылық (табыстылық мөлшерлемелері мен зейнетақы төлемдерін индекстеу) факторларды, сондай-ақ республикалық бюджет туралы заңмен жыл сайын белгіленетін әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді – жасына байланысты ең төменгі зейнетақы мөлшерін және ең төменгі жалақыны ескереді. Бұл болашақтағы зейнетақы төлемдерінің тұрақтылығы мен болжамдылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, енді ТЖШ есептеу кезінде зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мерзімінен бұрын пайдаланған сәттен бастап зейнеткерлік жасқа дейін түсетін болашақ міндетті зейнетақы жарналары есепке алынбайды. Өйткені өмірлік жағдайларға байланысты жарналар толық көлемде аударылмауы немесе белгілі бір кезеңдерде мүлде түспеуі мүмкін. Мұндай тәсіл азаматтардың жинақтарының бір бөлігін пайдаланғаннан кейін болашақта төмен мөлшердегі жинақтаушы зейнетақы алу қаупін азайтуға бағытталған.

2. Ең төменгі жеткіліктілік шегін есептеу әдістемесі неге өзгертілді?

— 2021 жылдан бастап БЖЗҚ салымшыларына тұрғын үй жағдайларын жақсарту және емделуге ақы төлеу сияқты заңнамада көзделген балама мақсаттарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін зейнеткерлік жасқа дейін мерзімінен бұрын пайдалану құқығы берілді. Осыған байланысты мемлекеттік органдар Зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегін айқындау әдістемесін әзірлеп, оны Қазақстан Республикасы Үкіметі бекітті.

Алайда кейінгі жылдары салымшылардың ТЖШ-дан асатын зейнетақы жинақтарын жеке зейнетақы шоттарынан жиі алуы олардың болашақта БЖЗҚ-дан алатын зейнетақы төлемдері мөлшерінің төмендеуіне себеп болу қаупі туындады. Осыған байланысты ең төменгі жеткіліктілік шектерінің мәндерін қайта қарау туралы шешім қабылданды.

Бұл өзгерістер халықаралық ұйымдардың ұсынымдарына сәйкес болашақтағы зейнетақы төлемдерінің жеткіліктілігін кезең-кезеңімен қамтамасыз ету қажеттілігімен байланысты. Сондықтан болашақ жинақтаушы зейнетақыны қамтамасыз ету үшін қажетті зейнетақы жинақтарының сомасына және зейнетақы жасындағы зейнетақы төлемдері есебінен салымшының еңбек табысын алмастыру коэффициентінің өсуіне қойылатын талаптар күшейтілді. 

Дайындаған
Бизах Бекбердиев,

«БЖЗҚ» АҚ Шымкент қаласы филиалының
бас маманы
.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *