Басты жаңалықтар

АГРАРЛЫҚ САЛАДА АЛДЫҢҒЫ ОРЫНДА

Салыстырмалы түрде Түркістан облысының жер көлемі аса үлкен емес. Алайда, ауа райының аграрлық салаға қолайлылығы мен жергілікті тұрғындардың еңбекқорлығының арқасында шаруалар ауылшаруашылық өнімдерін өндіруден, оны экспорттаудан, инвесторлар тартудан республикада алдыңғы қатарда келеді. Бұған жуырда белгілі болған жарты жылдың жұмыс қорытындысы дәлел бола алады. Ол туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі мәлімет таратты. 

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің үйлестіруімен ауылшаруашылық саласында жүйелі жұмыстар атқарылып, өндірістен бастап қайта өңдеу мен экспортқа дейінгі барлық бағыттарда нақты нәтижелерге қол жеткізілуде. Баспасөз қызметінің дерегіне жүгінсек, 2026 жылдың қаңтар-маусым айларының қорытындысы бойынша облыста 325,3 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 110,7 пайызды құраған. «Осы көрсеткішпен Түркістан облысы республика бойынша 1-орынға шықты. Агроөнеркәсіптік кешенге инвестиция тарту қарқыны да жоғары деңгейде сақталуда. Есепті кезеңде салаға 153,2 млрд теңге инвестиция бағытталып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көлемі 1,5 есеге артты. Бұл – өңірде ауыл шаруашылығы өндірісін жаңғырту, жаңа кәсіпорындарды іске қосу және қосылған құны жоғары өнім өндіруге басымдық берудің нақты нәтижесі.

Алты айда тамақ өнімдерінің өндіріс көлемі 96,6 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 126,2 пайызды құрады. Өңдеу өнеркәсібінің барлық негізгі бағыттарында өсім қамтамасыз етіліп, ет өнімдерін өңдеу 172,1 пайызға, өсімдік майы және май өнімдерін өндіру 136,7 пайызға, сусындар өндіру 139,6 пайызға, ұн-жарма өнімдері 121,4 пайызға, балық өнімдері 121,4 пайызға, жеміс-көкөніс өнімдерін өңдеу 108,5 пайызға өсті.

Экспорт бағытында да оң динамика қалыптасты. Жыл басынан бері облыстан 904,5 мың тонна ауыл шаруашылығы және қайта өңделген өнім экспортталып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көлемі 2 есеге ұлғайды. Оның ішінде 642,4 мың тоннасы өсімдік шаруашылығы өнімдері, 25,8 мың тоннасы мал шаруашылығы өнімдері және 236,3 мың тоннасы қайта өңделген өнімдер болды.

Ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыру мақсатында биыл егіс алқаптарының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 8 мың гектарға ұлғайып, жалпы 919 мың гектарға орналастырылды. Оның ішінде дәнді дақылдар 326 мың, майлы дақылдар 87 мың, көкөніс 42 мың, бақша 62 мың, картоп 12 мың, мал азықтық дақылдар 228 мың гектарға және мақта 162 мың гектарға егілді. 21 шілдедегі жағдай бойынша 242 мың тонна масақты дақыл, 583 мың тонна көкөніс, 750 мың тонна бақша, 207 мың тонна картоп және 3,2 млн тонна мал азығы дақылдары жиналды.

Өңірде су ресурстарын тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстар да жүйелі түрде жүргізілуде. Биыл қосымша 50 мың гектарға су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланған. Соның нәтижесінде мұндай технологиялар қолданылатын жалпы алқап көлемі 164 мың гектарға жетіп, жыл сайын 280 млн текше метр ағын суды үнемдеуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда су үнемдеу технологиялары 37 мың гектарға енгізіліп, жоспардың 74 пайызы орындалды.

Түркістан облысы мал шаруашылығы бойынша да республикадағы жетекші өңірлердің бірі саналады. Бүгінде еліміздегі ірі қара малдың 13 пайызы немесе 1 млн 238,6 мың басы, қой-ешкінің 20 пайызы немесе 5 млн 211,6 мың басы, жылқының 10 пайызы немесе 549 мың басы және түйенің 14 пайызы немесе 46,1 мың басы облыстың үлесіне тиесілі.

Алты айдың қорытындысында облыста 116,3 мың тонна ет, 271,8 мың тонна сүт және 170,8 млн дана жұмыртқа өндірілді. Мал шаруашылығының тұрақты дамуы экспорт көлемінің ұлғаюына да тікелей ықпал етуде. Қазіргі таңда республикадан экспортталатын ірі қара мал етінің 80 пайызы және қой етінің 75 пайызы Түркістан облысының үлесіне тиесілі. Есепті кезеңде шетел нарығына 10,3 мың тонна сиыр еті мен 14,4 мың тонна қой еті экспортталды», — деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканы әртараптандыру, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді ұлғайту, инвестиция тарту және экспорттық әлеуетті арттыру жөніндегі тапсырмалары Түркістан облысында осылайша қарқынды түрде жүзеге асырылып келеді. Туризм саласында да табысты жұмыстар атқарылуда. Мәселен, осы жылы Түркістан қаласына саяхаттап келушілер саны 250 мыңнан асқан. Инфрақұрылымды дамытуға 14,4 млрд теңге бағытталып, жаңа инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Рухани және мәдени туризммен қатар, цифрлық шешімдер мен халықаралық бағыттар да белсенді дамуда. Бұл сала бойынша алдағы уақытта ауқымды мақала беретін боламыз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *