28-маусым – бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Осы атаулы датаға орай кезінде облыстық, қалалық ақпарат құралдарында басшылық қызметтер атқарған, Қазақстан Журналистер Одағының облыстық филиалына жетекшілік еткен, бүгінде Парламент Сенатының депутаты, жерлесіміз Айгүл Қапбарованы (суретте) сөзге тартқан едік.
– Айгүл Жарылқасынқызы, сіз Сенат депутаты ретінде бүгінде мемлекеттік саясатта, көптеген бағыттағы жұмыстардың ортасында жүрсіз. Дегенмен кәсіби маман ретінде журналистика саласын да назарда ұстайтыныңызға сенімдіміз. Сондықтан әңгімені бүгінгі журналистиканың қоғамдағы ролі, миссиясы тақырыбынан бастасақ. Сіздің ойыңызша кейінгі кездері журналистика саласында қандай ауқымды өзгерістер болып жатыр? Бұл тұрғыда сізді не қуантады, не қынжылтады?
– Журналист болу – ақпарат ағынын сүзгіден өткізіп, жұртшылыққа шындықтың шырағын ұсыну деген сөз. Журналист – қоғамдағы медиатор, модератор, кейде триггер. Яғни ол пікір мен пікірдің арасындағы көпір, кейде қоғамдық серпінге түрткі болатын адам.
Бүгінгі медиакеңістік бұрынғыдан әлдеқайда күрделі ғой. Ақпарат көлемі экспоненциалды өсіп келеді, медиаэкология құбылып тұр. Мультимедиялық форматтар, дата-журналистика деген жаңа ұғымдар күн тәртібіне шықты. Бұл – кәсіби эволюция. Бірақ сол даму арасында кейде шындық жалаң қалып, шоу элементі алдыңғы қатарға шығып кетеді. Қуанатыным – жастар батыл, цифрлық сауатты. Қынжылтатыны – сапа мен тереңдік жиі ескерусіз қалатын болды.
«Факт пен фейк араласқан «инфоанархия» өріс алды»
– Бүгінде «қоғам белсендісі», «блогер» деген ұғымдар пайда болғаны рас. Жалпы, оқырман ажырата алуы үшін журналистің, қоғам белсендісінің, блогердің бір-бірінен ерекшелігі туралы айтсақ. Блог, әлеуметтік желілердің келуімен журналистика не тапты, не жоғалтты?
— Ақпарат тасқынында бұл үштіктің ара жігі бұлдырап кеткені рас. Өзіңіз білесіз, журналист – кәсіби талаптарға бағынатын институт. Оның жұмысы этика мен заң аясында өтеді. Ал блогер – аудиториямен эмоционалды байланысқа сүйенетін контент-креатор. Қоғам белсендісі – көбіне белгілі бір ұстанымды насихаттайтын, айтатын, кейде дабыра ететін азаматтық позиция иесі.
Әлеуметтік желілер журналистикаға жаңа динамика, интерактив пен ашықтық әкелді. Бірақ сонымен бірге факт пен фейк араласқан «инфоанархия» да өріс алды. Бұған қарсы иммунитет – тек кәсіби журналистикада. Сондықтан бүгінгі медиада «ақпарат өндіруші» мен «ақпарат ойлап табушыны» ажырата білу – қоғамдық сананың міндеті.
– Әлеуметтік желіде айтылатын ой, ақпараттың бәрі де дұрыс, шынайы ақиқат бола бермейтіні рас. Түрлі тақырыптарды талдау, тереңдің жетіспейтіні бар. Ендеше дәстүрлі БАҚ әлі де болса біздің қоғамға керек-ау. Сіз қалай ойлайсыз?
— Дәстүрлі БАҚ – қоғамның стратегиялық архитектурасының бір бөлігі. Әлеуметтік желілер жылдамдық ұсынса, дәстүрлі медиа сапа мен сенімділікке жауапты позицияны ұстап тұр. Бұл жерде біз «жылдам контент» пен «ойлы контент» ұғымдарын ажырата білуіміз керек.
Байқасаңыз, көпшілігі әлеуметтік желіден эмоция алады, бірақ түсінік пен сараптаманы кәсіби басылымнан іздейді. Сол себепті дәстүрлі медиа – бүгін де, ертең де ақпараттық гигиенаның басты кепілі.
– Қазақ журналистикасындағы көркем тіл, очерк, суреттеме жанрлары неге сирек? Бұл тенденция ма, әлде дағдарыс па?
— Бұл – стиль дағдарысы. Қазір журналистика ақпарат беріп қана қоймай, баяндау тәсілін эмоциямен жеткізуді меңгеруі тиіс. Яғни оқырманмен жанды байланысты ұмытпаған жөн деп есептеймін. Қазақ журналистикасының дәстүрінде публицистика, эссеистика, очерк – ұлттың рухани айнасы болған. Қазір бұл жанрлар «лайк» пен «оқылым» көрсеткіштерінің тасасында қалып қойды.
Журналистика тек жаңалық таратып қоймай, ұлттық діл мен тілдің мәдени трансляторы болуы тиіс. Сөздің шырайын келтіру, көркем тілмен ой салу – бұл қазақ оқырманының сұранысына толық жауап береді. Оны ұмыту – аудиториямен эмоционалды байланысты жоғалту.
– Бүгінгі журналист пен бұрынғы журналистің айырмашылығы бар ма?
– Бұрынғы журналист – көбіне «контентті өндіруші» болса, қазіргі журналист – «контентті интегратор». Яғни ол бір мезетте тілші, фотограф, монтажер, smm-маман, аналитик болуы тиіс. Бұл – медиакәсіптің гибридтелуі шығар.
Бүгінгі буын жылдам, мобилді, платформалық ойлайды. Бірақ тереңдік жағынан бұрынғылармен бәсекеге түсу қиын болуы да мүмкін. Себебі бүгін – ақпараттық реактив дәуір. Қазір сағат емес, секунд саналады. Бұл өз кезегінде ойланып жазуға мүмкіндікті азайтады.
«Жаңа тәсілдерге көшуіміз керек»
– Қазіргі басылымдарды қинайтыны – таралым мәселесі. Бүгінгі оқырман «зорлап жаздыртады» дегенді жалаулатып алғалы біраз жыл. Өздігінен газет-журналға жазылатындар аз. Солай екен деп қоғамның санасын көтерудің, ұлттық идеологияны насихаттаудың негізгі қайнар көзі болған басылымдарды құрдымға жіберу де қателік. Не істеу керек?
— Бұл – расында да бүгінгі журналистиканың күрделі сұрағы. Біз қазір газетті сату арқылы ғана күн көру мүмкін емес екенін түсінетін кезеңге келдік. Бірақ бұл «газеттің күні бітті» деген сөз емес. Ақпарат азайған жоқ – тек оның таралу формасы өзгерді. Осыны қабылдап, жаңа тәсілдерге көшуіміз керек.
Бүгінде әлемде газет-журналдарды сақтап қалудың мүшелік моделі деген табысты үлгісі бар. Бұл классикалық жазылымнан өзгеше. Мысалы, «The Guardian» (Ұлыбритания) оқырманына: «Сіз бізден жаңалық алғыңыз келсе – оқыңыз. Ал егер біздің бар болғанымызды қаласаңыз – мүше болыңыз» деп ұсыныс айтады. Қазір олардың тұрақты миллионнан астам мүшесі бар. Олар ай сайын ерікті жарна төлейді – біреу 1 фунт, біреу 5 фунт. Бірақ бәрі шынайы ақпаратқа сеніп, оны қолдағаны үшін төлейді.
Бізде де осы идеяны икемдеп көруге болады. Мысалы, жергілікті газетті сол өңірдің тұрғындары мүше болып қолдаса – бұл іштей үлкен күш береді. Бірі – поштамен қағаз нұсқасын алады, бірі – PDF оқиды, енді бірі – «бұл газет өмір сүрсін» деп жылына бір рет жарна салады. Ал редакция олардың мүшелерінің атын атап, алғыс білдіреді, арнайы нөмірлер ұсынады, онлайн-кездесулер ұйымдастырады. Көптеген газеттер соңғы онжылдықта таралымнан айырылды. Бұл – тек Қазақстанда емес, әлемде жүріп жатқан процесс. АҚШ-та 2000-жылдан бері 2500 газет жабылды. Ұлыбританияда кейбір өңірлік басылымдар аптасына бір рет қана шығатын болды. Бізде де өңірлік газеттердің таралымы мыңнан төмендеді. Алайда мәселе тек таралымда емес.
Оқырманға газет – жай ақпарат емес, оның құндылық мәдениет әлемінің бір бөлшегі екенін сезіндіре алсақ, ол ертең сол басылым үшін де, қоғам үшін де тұрақты тірекке айналады. Өйткені қазір «газетке қалай жаздырамыз?» деген сұраққа бұрынғы әдіспен жауап беру мүмкін емес. Өйткені адамның ақпаратты тұтыну психологиясы түбегейлі өзгерді. Енді оны «оқытамыз» деп емес, қызықтырамыз, сендіреміз, мазмұн арқылы тартамыз деп ойлау керек. Жастар үшін газет – архив секілді қабылданады. Ал шын мәнінде оны актуалды, заманауи контент көзіне айналдыру — редакциялардың міндеті. Бұл үшін бірнеше бағытта жұмыс істеу қажет. Басылым – брендке айналуы керек. Яғни газет тек қағаз емес, ой айтатын алаң ретінде танылуы керек. Мазмұн терең, тілі тартымды, форматы ыңғайлы болса. Қазір оқырман парақтауға емес, ұғынықты, нақты, көзге бірден ілігерлік материалға зәру.
Газет цифрлық кеңістікпен үйлесуі тиіс деп ойлаймын. Мысалы, мақаланың жалғасын QR-код арқылы оқуға болады, аудионұсқасы подкаст боп шығады, пікірталас Instagram-да өтеді. Бұл – газетті тек оқытпай, тірі алаңға айналдыру.
Оқырманға жазылу үшін себеп керек. Бұл – жалаң үгіт емес, «осы газетті оқымасаң, білмей қалатын маңызды дүние бар» деген сенім. Мысалы, өңірлік басылымдар аймақтың проблемасын нақты көтеріп, шешім жолдарын ұсынып отырса — оқырман оған өзі келеді. Яғни газет – қоғамдық адвокатқа айналуы керек.
Бір жағынан мемлекет тарапынан ынталандырудың жаңа модельдері қажет. Баспасөзге субсидияны тек таралым үшін емес, контент сапасы, аудиториямен жұмыс, қоғамдық тиімділік үшін бөлу керек. Баспасөз — идеологияның классикалық құралы ғана емес, енді ақпараттық әсер етудің стратегиялық құралы болуы тиіс.
Байқасаңыз, ақпараттың өзі азайған жоқ қой, керісінше — экспоненциалды түрде көбейіп жатыр. Тек оны қағаз арқылы тарату үлесі азайды, яғни мәселе – ақпараттың жоқтығында емес, оны тарату әдісін ойлап бас қатыру бар. Газет – өліп жатқан медиа емес. Газет – трансформацияға бет алған, қауымдастық құрушы құрал.
– Журналистиканы таңдайтын жастарға не айтар едіңіз?
— Әрине, кім де болса әу бастан мамандықты дұрыс таңдауы керек. Журналистика – мамандық қана емес, ол – өмірлік позиция. Жастар осыны есте ұстаса деймін. Бұл ардақты мамандықты таңдаған адам өз ісіне берілген, әділ болуы, қоғамға адал қызмет етуі керек. Оған кәсіп деп қана емес, қоғамға, елге қызмет етуге мүмкіндік беретін күш деп қараса болады.
– Заң шығарушы органдағы жұмысыңыздың жауапты да қауырт екенін білеміз. Уақыт бөліп, ой бөліскеніңіз үшін рахмет. Істеріңізге сәттілік тілейміз.
Сұхбаттасқан Д. ОРАЗ.