Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында түрлі ақпарат құралдарында әйелдер туралы жарияланымдар аз болмады. Солардың бірі «Stan.kz» сайтында жарияланды. Айым Атамбаеваның «Тарихта аты қалатын Қазақстан әйелдері кімдер?» деген тақырыппен басылған мақаласында бірқатар танымал жандардың аты аталып, олардың өзі жұмыс істейтін салаға, елге, мемлекетке сіңірген еңбектері жөнінде егжей-тегжейлі айтылыпты.
Бірінші болып кезінде Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтын басқарған Күнсұлу Закарияның есімі аталады. Оның биотехнология, микробиология және биологиялық қауіпсіздік салаларында атқарған істері орасан. Әсіресе 2020 жылғы «Ковид» пандемиясы кезіндегі әрекеті жалпы жұртқа таныс десек болады. Биология ғылымдарының докторы К.Закарияның басшылығымен қазақстандық «QazVac» инактивтелген екпесі жасалған болатын.
Жалпы, К.Закарияның жетекшілігімен бірнеше ондаған отандық және халықаралық ғылыми-техникалық бағдарламалар, жобалар іске асырылыпты. «Барыс», «Даңқ» ордендерінің, әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері К.Закария бүгінде биологиялық қауіпсіздікке қатысты бірнеше ғылыми бағдарламаларды іске асыру үстінде. Өткен жылғы жазда ол «QazBioPharm» ұлттық холдингі директорлар кеңесінің мүшесі болып сайланыпты. Ал оған дейін Мемлекет басшысының ғылым және инновациялар мәселелері жөніндегі кеңесшісі болып келген.
Екінші болып аты аталған Данна Қарағұсованың өткен жылы АҚШ-тан ұшырылған коммерциялық экипаж құрамында Жер бетінен 100 шақырымнан аса биіктегі «Карман сызығына» дейін барып қайтқаны мәлім. Әрине, мұндай қадамға әйел түгілі, «менмін» деген көп еркектің жүрегі дауалай бермесі белгілі. Коммерциялық ұшудың құны қымбат, бірақ ресми түрде ашық айтыла бермейді. Ал бейресми деректерде 200 мыңнан 500 мың долларға дейін барады деп айтылуда. Міне, осындай ұшуға қатысқан Д.Қарағұсованы бүгінде жұрт «Қазақстаннан шыққан тұңғыш ғарышкер әйел» деп атап жүр.
Д.Қарағұсова елімізде халықаралық деңгейде ірі мәдени-ойын-сауық жобаларын іске асырған маркетингтік холдингтің негізін қалаған екен. Қазақстанға әлемдік жұлдыздар концертін әкелумен айналысқан.
Елімізде экстракорпоральді ұрықтандыру әдісін енгізіп, сәби аңсаған талай отбасының қуанышына себеп болған, репродуктолог-эмбриолог, биология ғылымдарының докторы, «Экомед» медициналық орталығының ғылыми директоры Салтанат Байқошқарова үшінші болып аталады.
С.Байқошқарованың арқасында бүгінде елімізде 26 осындай орталық жұмыс істеуде, ЭКО әдісімен 25 мыңға жуық сәби өмірге келіпті. Мемлекеттік «Аңсаған сәби» бағдарламасы қолға алынып, сәби күткен қиын жағдайдағы жандарға арнайы квоталар бөлініп, жағдай жасалуда.
Жанар Авард-Төребаева есімді тағы бір қазақ әйелі бүгінде Францияда қартаю процестерін зерттеумен айналысуда екен. Дәрігер-клинист. Ол Алматы облысының тумасы. Бүгінде Франциядағы беделді мамандардың бірі. Жоғары дәрігерлік деонтологиялық комитет мүшесі, университеттік клиникаға қарасты орталықтың бөлімін басқарады. Ренн қаласындағы Қазақстанның Құрметті консулы.
Аружан Саиннің де есімі көпке таныс. Ол балалар құқығын қорғаумен белгілі болған. Оның құрған «Милосердие» ерікті қоғамы сәбилер, балалар үйлеріне, науқас балаларға қолдау көрсетіп келеді. «Құрмет» орденінің иегері. Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл болды. Балаларға арналған мемлекеттік саясатты іске асыруға белсенді атсалысып, балалардың денсаулығы мен құқықтарын қорғауға күш салып жүр. «Алтын жүрек» ұлттық сыйлығына ұсынылған.
2000 жылғы Сидней Олимпиадасында Қазақ елінің атын шығарған Ольга Шишигина да тарихта аты қалатын әйелдер арасында аталады. Ол 100 метрге кедергілер арқылы жүгіруден алтын медаль ұтқан болатын. Қазақтанның еңбек сіңірген спорт шебері, бірнеше ордендермен және медальдармен марапатталған. Туризм және спорт академиясының жеңіл атлетика кафедрасын басқарған, шекара қызметінде нұсқаушы болған. Оның Парламент Мәжілісінің депутаты болғаны да белгілі.
Сондай-ақ жеңіл атлетикадан 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының чемпионы болған, Бейжің, Рио-де-Жанейро Олимпиадаларында күміс пен қола медальдар иеленген Ольга Рыпакова да осы тізімде. Ол сондай-ақ басқа да бірнеше халықаралық жарыстарда жүлделі орындар иеленген. Спортты дамытуға қосқан үлесі үшін көптеген марапаттарға ие болған, оның есімі Өскемендегі халықаралық деңгейдегі жеңіл атлетика орталығына берілген.
Бізде әлемдік шыңдарды бағындырған альпинист әйелдер де бар. Анар Бурашева әйгілі Эльбрус, Эверест, Килиманджаро сияқты шыңдарға шыққан. Оңтүстік және Солтүстік Америкадағы, Австралия мен Океаниядағы, Антарктидадағы шыңдарды бағындырған. Ең кемі 4884 метрден 8848 метрге дейінгі тау шыңдарында болған. Мұның бәрі аса биік әрі қатерлі тау жолдары екенін ескерсек, А.Бурашеваның Қазақстан спортына қаншалықты зор еңбек сіңіргенін аңғарамыз.
Теннистен Қазақстанды танытып жүрген Елена Рыбакинаның да аты бүгінде дүркіреп тұр. Түбі мәскеулік болғанымен әлемдік спорт додаларына Қазақстан атынан шығып жүр. Ол – «Үлкен дулыға» турнирінде жеңіске жеткен тұңғыш қазақстандық әйел. Уимблдонда чемпион атанды. Австралияда, Үндістанда, Италияда және басқа да елдерде өткен халықаралық жарыстарда жүлделер ұтты, бірнеше мәрте чемпион атанды. Есімі әлемнің ең үздік ондығында аталады.
Әйелдер құқығын қорғаушы Роза Әшірбаева ұзақ жылдар бойы осы салада еңбек етіп жүр. Ол әйелдердің әлеуметтік, экономикалық және саяси бастамаларға белсенді араласуына өзіндік ықпалын тигізіп келеді. Әсіресе әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселелеріне ерекше назар аударып, тиісті шаралар атқарылуына белсенді атсалысады.
Міне, «Тарихта аты қалатын Қазақстан әйелдері кімдер?» атты мақалада осындай жайлар айтылыпты. Иә, лайықты әйелдер. Дегенмен бұл тізімді әлі де толықтыра түсуге болар еді. Өмірдің әр саласында көзге түсіп, елге, мемлекетке еңбек сіңіріп жүрген әйелдер өте көп. Бірін жұрт таныса, енді бірі үнсіз ғана өз міндетін атқарып, адал еңбек етіп жүр.
Х. АСАН.
