талай қазақ ұл-қызы
«Қазақтың тойы бітпесін», «Жиған-тергенің тойға шашылсын», «Тойда жолығайық» деп тілек айтатын қазақтың тілегі қабыл болса керек, шынында да тойымыз біткен емес. Әсіресе, оңтүстік өңірлерде. Күн сайын тойда жолығып, жиған-тергеніміз тойға шашылып жатыр. Бірақ, бүгінгі біздің айтпағымыз басқа.
Сол күн сайын болатын тойда даяшы болып кімдер жүр? Қаншама тойға барып жүріп көретініміз – даяшылардың барлығы дерлік өрімдей жас қыз-жігіттер. Бір емес, бірнешеуімен тілдескенімізде түгелдейі мектептің жоғары сыныбында оқитынын айтады. Тойхана иелері үшін мектеп жасындағы балаларды жұмысқа тартқан тиімді екені түсінікті. Оларға азырақ ақша төленеді. Сонда дейміз-ау, бір Шымкенттің өзінде жүздеген тойханалар болса, онда мыңдаған оқушылар даяшы болып жүр деген сөз емес пе? Мұндай жағдай Шымкентте ғана емес, Түркістан облысының көптеген аудандарында кездеседі. Ол аз десеңіз, жалданып билейтін биші топтардың құрамында да оқушы қыздар көп.
Бәлкім бұл оқушылар ата-анасына салмақ салмай, өз табыстарын өздері табуды мақсат тұтатын шығар. Әрине, ақша тапсын, бірақ, оқушы балаларымыздың басты мақсаты басқа болуы керек қой. Біріншіден, кәмелет жасқа толмаған баланың кешкі және түнгі уақыттарда тойханада жұмыс істеуі былай тұрсын, өзге жұмысқа жегілуінің өзі заңға қайшы. Ең бастысы, білім жарыстыратын заманда ұл-қыздарымыздың білім алудың орнына түн қатып жұмыс істеп жүргені – болашағымызға балта шабумен тең емес пе?! Түннің бір уақытына дейін созылатын тойдан оқушы балалар үйіне қай уақытта қайтады? Әрине түн ішінде. Түнде шаршап келген баланың ертеңгі сабаққа тыңғылықты дайындалады, мектепте сабаққа белсенді қатысады дегенге кім сенеді? Уақтылы ұйықтамаған баланың денсаулығы сыр беретінін дәрігерлер ғана емес, әрқайсымыз білеміз. Ендеше білімі төмен, денсаулығы дімкәс олардан бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптасады деп айта аламыз ба? Үшіншіден, даяшы, дәлірек айтқанда оқушы ұл-қыздар келген қонақтарға қызмет көрсетіп, тіпті, бокалдарына арақ-шарап құйып береді. Дәлірегі құйғызамыз. Біз, ересектер сонда кімдерді тәрбиелеп, қандай болашақ қалыптастырып жатырмыз? Сорақысы – ішіне қызу барып, масайған месқарын еркектердің өзі оқушы қызға қырындап, реті келсе ешкімге байқатпай денесін сипап қалуға тырысады. Көруге – ұят, айтуға арымыз жібермесе де бүгінгі өмір шындығы осы.
Еңбек – адамның екінші анасы. Баланы жастайынан еңбекке баулып өсіргеннен ұтарымыз көп. Кеңес Одағының көзін көрген ұрпақ мұның мәнісін жақсы түсінеді. Алайда, заң шеңберінен шығуға тағы болмайды. Жұрттың есінде шығар, құзырлы органдар бір кездері мақталы аудандарда өз отбасының мақтасын теруге, болмаса ағайын-туыстарының шаруасына көмектесіп, азын-аулақ ақша табатын балалардың ата-анасының тынышын қашырып, олар оқитын мектеп басшыларына түрлі шара көрген болатын. Сол құзырлы органдар бүгінгі тойханалардағы осынау заңсыздықтарды неге көрмейді, неге тоқтам салмайды? Әлде қалталы тойхана иелеріне тісі батып, сөзі өтпей ме?
Мектеп басшылары бұл мәселе жайында мүлдем бейхабар десек, ешкім сенбесе керек. Бірақ, қолдан келер дәрмен жоқ. Біз осы тақырып төңірегінде Мақтаарал, Жетісай аудандарында ұзақ жылдар мектеп басқарып, зейнеткерлікке шыққан жетісайлық Әбдіманап Жандаровты сөзге тартып, пікірін тыңдап көрдік. «Жуырда Асықата кентіндегі «Шынар» мейрамханасында тойда болдым. Қызметте жүргеннің барлығы оқушылар мен студенттер. Бұл жағдай барлық дерлік мейрамхана, тойханаларда кездеседі деп айтуға болады. Өкінішке қарай, Шымкент пен аудандарда мыңдаған бала еңбегі заңсыз пайдаланылуда. Өз басым ұлдың да, қыздың да түнделетіп қоғамдық орындарда жұмыс істегенін құптамаймын. Ал баланы ерте жастан еңбекке баулу – бөлек әңгіме. 2008 жылдардан бастап оқушыларды мақта мен жүзімге шығаруға тыйым салды. Бұл қате шешім болды деп ойлаймын. Мақта теру — бала еңбегін қанау емес, түсінген адамға бұл — еңбекке ерте жастан баулу, еңбекке тәрбиелеу. Соның арқасында жетістікке жетеді. Бала сол жұмысты көріп жүріп, ата-ананың еңбегін бағалайды. Тәрбие отбасыдан басталады десек те, еңбек өмірге үйретеді. Әлем үлгі тұтып, тіршілігіне қызыға қарайтын Жапон елінде балаларды шахтаға түсіріп, ата-аналарының қандай ауыр жұмыс істейтінін көрсетеді екен. Оны көрген бала үлкендердің еңбегін бағалауды үйренеді. Ал бізде олай етсең — «детский травма».
Мырзашөл өңірінде жүзім шаруашылығы жақсы дамыған. Алексей Молчанов деген азамат шаруашылық басқарған жылдары жиын-терім маусымында оқушылар түске дейін жүзім теріп, түскі астан кейін концерт тамашалап, спорттық жарыстарға қатысып, демалатын. Үш мезгіл тегін тамақ, таза төсек, жұмысына жалақы алатын. Сол арқылы оқушылар өз мектеп формасы мен қыстық киімін түгендейтін. Еңбекпен пісіп өскен балалардың арасынан қазіргідей ерте жүктілік, суицид секілді естір құлаққа түрпідей тиетін сұмдық оқиғалар орын алмайтын. Болашағымыз баянды болсын десек, бүгіннен бастап бала тәрбиесіне деген көзқарасты, әдіс-тәсілдерді өзгерту керек. Біз ұрпағымыздың санасына ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып, сапалы білім беруді мықтап қолға алғанымыз жөн. Бұл – бүкіл қоғамға ортақ міндет».
«Торғай сойса да қасап сойсын» демекші, бала тәрбиесі мен біліміне қатысты маман сөзіне алып-қосарымыз жоқ. Бүгін тойханаларда түнделетіп жұмыс істеп жүрген баладан ертең топ жаратын білімді көшбасшы тәрбиелеп шығу қиын. Қазір той тойлаудан емес, білім алудан, ғылым қуудан жарысатын заман. Ал, тәрбиелі ұрпақ, білімді болашақ тәрбиелеу – бүгінгі аға буынның борышы.
Ұлықбек ҮМБЕТ.
