Адвокаттар осылай деп дабыл қағады
Түркістан облысында Сауран, Созақ, Сарыағаш, Келес, Жетісай аудандық білім бөлімінің басшылары, есепшілері мен басшының міндетін уақытша атқарған жүзге жуық адам сотталды. Шардара, Мақтаарал, Бәйдібек, Сайрам ауданында тағы ондаған адамның ісі сотта қаралуда. Олардың тағдыры не болмағы әзірге белгісіз?
Қазынаның қаржысына қол салуға ешкімнің де құқы жоқ. Қытай секілді заңы қатал елдерде мұндай қылмыс жасағандар өлім жазасына кесіледі. Бұл өзгелеріне сабақ болады. Адам өмірін ең қымбат қазына ретінде қабылдаған біздің елде қылмысты өз өмірімен есептесетін ауыр жаза жоқ. Дегенмен, егер мемлекет мүлкі сеніп тапсырылған шенеунік расымен жемқорлық жасап, оның қылмыстары даусыз дәлелін тапса, сөзсіз қатаң жазаға тартылуы тиіс. Ал, егер қылмысын дәлелдейтін айғақтар болмаса ше? Нақты дәлелмен емес, долбармен, болжаммен үкім шығарып, адам тағдырына немқұрайды қарауға бола ма? Мұндай тенденция белең алар болса, ұлт зиялысын қынаша қырған сонау 37 жылдағы топалаң қайта келіп, жазықсыз жандар жаппай жалаға ілігіп, әділдікті ту еткеннің бәрі темір торға тоғытылмай ма? Қолданыстағы заң бойынша күдіктіні болжаммен соттауға болмайды. Керек десеңіз, дәлелін таппаған кез келген күмән айыпталушының пайдасына шешілу тиіс. Солай бола тұра судья тарапынан болжаммен соттауға жол берілгенін қалай түсінуге болады?
Мақаламызға Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы Дәулет Акатовқа қатысты болжаммен шығарылған үкім арқау болып отыр. Жуырда елге белгілі режиссер, әділетсіздікке аяусыз қарсы шығып жүрген Алматы қалалық мәслихатының депутаты Еркін Рақышев әлеуметтік желіде судьяның нақты айыпты көрсетпей, «Акатовтың ақша ұрланғанын білмеуі мүмкін емес» деген болжаммен соттағанын ашына айтты. Әрине, Е.Рақышев заңгер емес, қателесуі мүмкін. Алайда, бұл жайтты адвокаттар да ашық айтып жүр. Солардың бірі, «Адал групп» адвокаттық кеңесінің адвокаты, Дәулет Акатовтың қорғаушысы Нұрлан Күлбаев былай дейді: «Менің пікірімше, тергеу орындары сотқа дейінгі тергеп-тексеруді сапасыз жүргізіп, прокурор қадағалау функциясын жеткіліксіз жүзеге асырған. Сот тарапынан да іс материалдарын толық зерделемей, дәлелдің жеткіліксіздігіне қарамастан, кінәсі жоқ азаматты қылмыстық жауапқа тартуға жол берген. Құқық қорғау органдары әлеуметтік желілерде орын алған қоғамдық жаңғырықты басу үшін кінәсі жоқ және дәлелденбеген тұлғаларды негізсіз қамауға алуды әдетке айналдырып барады. Біздердің, яғни адвокаттардың пікірі бойынша, тергеу органы да, прокуратура да Д.Акатовтың кінәсін дәлелдейтін бірде-бір айғақ таппаған.
Істі зерделей отырып, түйгенім бойынша, алдымен Д.Акатов қылмыс жасады деген болжам қалыптастырды, сосын оған болжаммен күдік келтірілді және соңында сотпен жаза тағайындалды. Үкімде дәлелденбеген, орын алмаған және ойдан құрастырылған уәждер жазылды деп санаймын. Біз заңгерміз, сондықтан фантазияны фактіден айыра білуіміз керек. Нақты негіздер болмаса, кез-келген гипотезаға сеніп, логикамен тұжырым жасауға болмайды. Тұжырым тек дәленденген және өз негізін тапқан айғақтармен ғана жасалуы керек».
Н.Күлбаевтың сот үкімін заңсыз деуінің себебін біз 18 тамыз күні сотталушылардың апелляциялық шағымын қарау кезінде көз жеткізгендей болдық. Сотталушылардың бірі, Сарыағаш аудандық білім бөлімі бас есепшісінің орынбасары болған Ержан Асылов өзіне қойылған сұрақтарға былай деп жауап берді: «Мен қазынадан заңсыз алған қаржыны басшы Д.Акатовқа да, бас есепшіге де білдірмей, өз жақындарыма аударып отырдым. Олар бұдан хабарсыз болды. Мен бұл қаржыны олармен бөліспей, өз пайдама жараттым. Басшымыз жиналысқа, іссапарға кеткенде электронды кілтті бізге сеніп тапсырып кететін. Өйткені, ол кілт болмаса жұмыс жүрмейді, ақша аударымдарын жасай алмаймыз. Менің бұл әрекеттерімнен олардың еш хабары болған жоқ. Біз ұйымдасып ештеңе жасамадық».
Д.Акатовтың жазықсыз екендігі жөнінде оның тағы бір қорғаушысы Аян Мамытхан былай дейді: «Әділдік орнатамын деп түрмеге қамалған Акатовтың ісі ақталуға жатады. Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы болған Акатов бюджет қаражатының ұрлануынан күдіктеніп, бұл туралы өз бастамасымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы органдарға ресми түрде хабарлаған. Оған дәлел болатын айғақтар бар. Акатов басшының міндетін атқара отырып, әуелі бөлімнің қаржылық қызметін тексеру үшін тәуелсіз аудитке тапсырыс береді. Тексеру барысында миллиондаған қаржыны ұрлау фактісі анықталған. Акатов қылмысты жасырмады, керісінше, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне анықталған заң бұзушылық фактілері туралы жазбаша хабарлап, барлық құжаттарды ұсынған. Алайда, бұл әділдігі өзіне қарсы жұмыс істеп, өзі ашқан қылмысқа өзі айыпталып, дәлелдің жоқтығына қарамастан болжаммен сотталып кете барды. Қылмыс туралы бірінші болып мәлімдеген адам қалай сотталушылар орындығында болады? Неліктен жүйе адал басшыны көтермелеудің орнына жазаға тартады? Егер Акатов заң бұзушылықты жасырғысы келсе, жай ғана үнсіз қалар еді. Бірақ ол ар-ұжданы мен заң бойынша әрекет етті. Сол үшін жазаланды. Біз, Акатовтың адвокаттары Бас прокуратураға, Қазақстан Республикасының Президентіне істі апелляцияда әділ қарауды, адалдығы үшін жазалаған қызметкерлердің іс-әрекеттеріне принципті құқықтық баға беруді талап еттік. Мұндай теріс әрекеттерді әшкере етіп, бүгін тоқтатпасақ, ертең әлі қанша адамның тағдырына балта шабылары белгісіз».
Иә, бір емес, бірнеше адвокат істің әділ қаралмағанын, Акатовтың ақталуы тиіс екенін ашық айтып отыр. Егер апеллияциялық сот алқасы істі жіті зерделесе адвокаттар Д.Акатовтың ақталатынына сенімді. Бірақ, соңғы нүктені сот қояды. Сол себепті алдын ала болжам немесе соттың істі қарауына кедергі жасауға болмайды. Ақиқатына жүгінсек, әділдіктің орнауына себепші, қылмыстың ашылуына түрткі болған адам сотталуы емес, керісінше марапатталуы тиіс емес пе? Бірақ, бәрі керісінше сипат алғаны түсініксіз.
Ұлықбек ҮМБЕТ.
