Қыс қашаннан бері кентаулықтар үшін сары уайым. Өткен қысты дірдектеп өткізген олар биыл жағдай қалай боларын әлден ойлап алаңдаулы. Өйткені, ертеңіміз не боларын білмесек те, қылышын сүйретіп қыстың келері анық.
Әрине, жоғарыдан түсіп жатқан тапсырмаға сеніп, алаң көңіл аздап тыншығанымен, жылдағы келеңсіз жағдай биыл да қайталана ма деген қауіп жоқ емес. Кентаулықтардың үміті мен күдігін қатар туғызған не жағдай? Енді соған тоқталайық.
Өткен жылы кентаулықтар өз пәтерлеріндегі қысқы уақытын қабат-қабат көрпе жамылумен өткізгені ұмытыла қоймады. Күннің көзі жылт етіп, ауа температурасы көтерілгенде ауыз су тапшылығы басталды. Осы кезде көгілдір отын да тоқтап, көңілді күпті етті. Қала басшылығы заң талаптарына сай, қауіпсіздік мақсатында автокөлікке газ құю бекеттерінде газ баллондарға көгілдір отын құюға тыйым салыпты. Әрине, заңдылықтың, қауіпсіздік шараларының сақталғаны жөн, бірақ қалыптасқан қиын жағдайдан халықты алып шығу үшін тұрмыстық газбен қамтуды да қолға алу керек емес пе? Бұл қиындықты өз мүдделеріне пайдаланған кәсіпкерлер баллондағы газдың бағасын бірден шарықтатып жіберіпті. Бұл тұрғындарға қолай болмағаны түсінікті.
Суықтан тоңған тұрғындар ортақ мәселені бірге талқылау үшін «Кентау коммуналдық қызметтер мен мәселелер» деген чат ашқан. Сол жерде бар жаңалық жазылып, мәселе қозғалып отырады. Осы чатта жуырда үлкен баллондағы газ 4500, кішісі 2100, 2500 теңгеден сатылып жатқаны жайлы айтылып, дабыл қағылуда. Демек, осы мәліметке сүйенсек, Кентауда тұрмыстық газдың бағасы литріне 112,5 теңгеге қымбаттап кеткенін көруге болады. Оның өзі тапшы болғандықтан, тұрғындар көрші ауылдарға сабылуға мәжбүр. Көлігі жоқтарға тіпті қиын. Сонда табиғи газдан тарығып, тұрмыстық газға қол жеткізе алмай отырған олар өзгені айтпағанда тамақты қалай дайындайды? Бұл мәселе Кентау қаласының басшылығын толғандыра ма, толғандырмай ма білмейміз, әйтеуір әзірге түйінді тарқатуға асығар емес.
Кентаулықтардың жағарға газ таппай жүрген ахуалын біз әлеуметтік желіде жариялаған болатынбыз. Бұған қатысты Кентау қаласы әкімдігі: «Кентау қаласында әлеуметтік сұйытылған мұнай газын тасымалдайтын 4 кәсіпкерлік субъектісі бар. «Төлеби Авто Газ», «Kaz Eco Gaz LTD17», «TS Оңтүстік мұнай сауда», «Регионгаз». Қазіргі таңда, қалада газдың қалдығы 29 тн құрап отыр. («TS Оңтүстік мұнай сауда» — 2 тн, «Регионгаз» — 27 тн). «Төлеби Авто Газ», «Kaz Eco Gaz LTD17» газ желісі ұйымдары қаладағы бекеттеріне газ сақтау базаларынан күнделікті тасымалдауда», – деп жауап жазыпты. Желідегі жауап осындай болғанымен, шынайы өмірдегі ахуал басқаша. Дәлірек айтқанда, қалада газ тапшылығы сақталып отыр. Баға да қымбат.
«Газ мәселесін айта-айта шаршадық. Үйде мүгедек бағып отырмын. Газ жоқ, тамақ дайындаудың өзі уайым болды, – дейді Кентау қаласының тұрғыны Рәзия Мұхамедова. – Газ бағасы қымбаттағаны аздай енді қоқыс тасымалының қызмет құны да өсті. Бұрын қоқыс тасымалы үшін адам басына 109 теңгеден төлеп келсек, шілде айынан бастап бірден 311 теңгеге, яғни үш есеге жуық көтерілді. Судың текше метріне 40 теңге төлеуші едік, ол 70 теңге болды. Бұл не масқара? Бағаны бақылайтын ешкім жоқ па? Әркім ойына келген бағаны қойып, онсыз да қиналып отырған халықты қашанғы қанайды? Бағаны еселеп өсіргеннен кейін соған сай жұмыс сапасы да көтерілсе жақсы ғой. Қайдағы, қала дәл бұрынғыдай қоқыстан көз ашпай жатыр. Сөзім құрғақ болмас үшін айтайын, орталық базардың қарсы бетіндегі Панфилов көшесінің басындағы қоқыс контейнерлерінің қасынан өту қиын. Сасық иіс қаңқаны қабады. Бұл халықтың әрі-бері көп жүретін көше есептеледі. Іргесінде мектеп орналасқан. Қоқыс — ауру ошағы. Олай болса мектеп пен базардың төңірегіндегі ауру ошағы саналған қоқысты неге тазаламайды? Осы секілді келеңсіздіктерді әкімнің назарына салмақ болып, қабылдауына жазылдым. Әкімдіктегілер қабылдау уақытысын өзіміз айтамыз деп еді, кешегі күні ғаламтордан үш күн бұрын әкімнің қабылдауы өтіп кеткенін білдім. Сонда мені әкімнің айналасындағылар алдап соққаны ма, әлде әкімнің өзі қарамағындағыларына мәселе көтеретін тұрғындарды жолатпауды тапсырған ба? Бәлкім, бетіне мақтап, жағымпазданатындарды ғана қабылдайтын болар. Олай болса қаладағы түйткілді мәселелер қашан, қалай шешімін табады?».
Тұрсынхан есімді қала тұрғыны қала әкімі Жандос Тасовтың қабылдауында болған екен. «Қойған сұрағымның бірі осы қоқыс мәселесіне қатысты болды. Сонда әкім: «Қоқыс тасымалының ақысы өсті. Енді қосымша екі қоқыс таситын көлік сатып аламыз. Содан соң қоқысты уақтылы алып кетеді. Контейнерлерді исі шықпайтындай етіп жуып, тазалап тұрады», – деген болатын. Негізі орталықта тұрғаннан кейін болар біз жақтағы қоқыс бұрыннан уақтылы алынатын. Бірақ исі сол қалпы. Жуылып, залалсыздандырылған контейнерлерді көрмедім», – деді ол кісі бізбен әңгімесінде.
Тұрсынхан мырзаның сөзіне қарағанда қоқыс тасымалының қымбаттауына қала әкімінің өзінің де қатысы бар секілді ғой. Қоқыс таситын көлік сатып алу үшін де халықтың қалтасына қол салуы керек пе? Қала қазынасының қаражаты қайда кетіп жатыр сонда? Айтылған екі көлікті сатып алғасын қоқыс тасымалының құнын қайта түсіреді ме? Әй қайдам! Ақылға қонымсыз тірлік болып тұр. «Халық қаласа, хан түйесін сояды» деуші еді бұрынғы халық даналығы. Қазір керісінше болып тұр: «Әкім қаласа халық қалтасынан қағылады».
Жоғарыда айтылған мәселелерге қатысты әкімдік тараптың пікірін білу үшін Кентау қаласы әкімінің баспасөз хашысы Жанна Әлімбаевға хабарластық. Ол кісі бағаның Қазақстан бойынша көтеріліп жатқанын алға тартып, дегенмен тиісті бөлімдерден нақты мәлімет алып беретінін айтқанымен, онысы әлі қолымызға тимеді. Бәлкім, «жеті өлшеп, бір кесті» жауап дайындалып жатқан болар. Алдағы уақытта мәлімет келіп жатса, оны да оқырман назарына ұсынатын боламыз.
Балқы БАЗАР.