Шымкент қаласындағы өңірлік коммуникациялар алаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024-жылғы қыркүйектегі Жолдауы барысында берілген тапсырмалардың орындалуына қатысты брифинг болып өтті. Қала әкімдігінің ресми өкілі, әкім орынбасары Сәрсен Құранбек бұл бағыттағы атқарылған жұмыстар бойынша мәліметтер берді.
3300 жұмыс орны ұсынылған
«Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланған 2025-жылдың ақпан айында Шымкентте «Еңбек адамы – елдің байлығы» атты және маусым айында өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілген. Бұл жәрмеңкелерде қаладағы 160-тан аса ірі, орта, кіші кәсіпорын мен 227 мекеме бірнеше жүздеген тұрақты және уақытша жұмыс орындарын ұсынған. Ұсынылған жұмыс орындарының жалпы саны тиісінше – 1800 және 1500.
Жәрмеңкеге негізінен жоғары оқу орындарының, арнаулы орта кәсіптік білім беру ұйымдарының түлектері, 9-11-сынып оқушылары және жұмыс іздеген адамдар қатысқан. Тұрақты және субсидияланатын жұмыс орындарына жолдау іске асырылған. Сондай-ақ пробацияда тіркеуде тұрған және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған 29 адам тұрақты жұмысқа жіберілген. Еңбек мобильділігі орталығынан 2025-жылға 130 іс-шаралар жоспары бекітілген.
24 628 адамға – 1,6 миллиард теңге көмек
Шымкентте аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсету мақсатында 2025-жылға қала бюжетінен 7,5 миллиард теңге қарастырылған. Биыл 4684 отбасыға (24 628 адам) 1,6 миллиард теңгеге атаулы әлеуметтік көмек көрсетілген. 1 жастан 6 жасқа дейінгі 4242 балаға 1,5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ай сайынғы қосымша төлем 228,9 миллион теңгеге тағайындалып, төленген.
2024-жылдың осы кезеңімен салыстырғанда биыл әлеуметтік көмек алушылар саны 40 пайызға азайып отыр. Соның арқасында қала бюджетінде 3,3 миллиард теңге үнемделген. Бұл халық табысы артуының, жұмыспен қамту шаралары мен АӘК алатын отбасыларға тұрақты түрде мониторинг жұмыстарын жүргізудің, АӘК бойынша шешімдерді жедел қабылдап, қорытынды жасау шараларын оңтайландырудың, көмекті алуға үміткерлерді тексеру кезінде қателіктерді болдырмаудың, арнайы енгізілген цифрлық қызметтің арқасында мүмкін болған. Мобильдік қосымша арқылы өтініш берушінің материалдық жағдайын тіркеу жүргізіледі, оның нәтижелері бойынша тиісті акт түзіледі. Атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаждығының болуы немесе мұқтаждық санатына сай келмейтіні туралы қорытынды дайындалады.
Шымкент қаласы мен Қарағанды облысы осы пилоттық жобаға қосылған. Отбасылардың әл-ауқат деңгейін анықтаудың барлық үлгісін қолдана отырып білім беру, халықты әлеуметтік қорғау, тұрғын үй қатынастары және дене шынықтыру салалары мен бірқатар мемлекеттік қызметтер көрсету бойынша осы пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Жаңа тәсіл нақты мұқтаж азаматтарға жергілікті атқарушы органдар тарапынан қосымша қолдау шараларын көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл модель мектептегі тамақтандыру, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету, санаториялық-курорттық емдеу, тұрғын үй қызметін көрсету және тағы басқа шараларды іске асыру кезінде де пайдаланылады. Қосымша қолдау шаралары бойынша өтінімдер отбасының цифрлық картасы арқылы жиналған объективті деректер негізінде автоматты түрде қабылданады.
Жалдауды субсидиялау, сертификат беру
Тұрғын үй кезегінде тұрған шымкенттіктерге кезегі жеткенге дейін жалдау ақысын субсидиялауға қатысу мүмкіндігі қарастырылған. Жеке тұрғын үйден жалға алынған тұрғын жай үшін төлемдер мемлекеттік бюджеттің қаражаты есебінен 50 пайыз және алушылардың есебінен 50 пайыз тепе-теңдік негізінде жүзеге асырылады. Жалдау төлемдері бойынша 1 және 2-топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе сондай баланы тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен көпбалалы отбасылар өтініш бере алады. 2022-жылдан бүгінге дейін жалпы 7553 азаматқа аталған субсидия тағайындалған. Бүгінде олардың 4791-інің жалдау мерзімі біткен, 2762 азаматты субсидиялау жалғасуда. 2025-жылы субсидиялауға 552,3 миллион теңге бөлінген. Өткен маусым айынан бастап қаржының мақсатты пайдаланылуына арнайы мониторинг жүргізіліп, соның нәтижесінде 468 азаматқа субсидия беру тоқтатылған.
Қалада тұрғын үй сертификаттарын бөлу бойынша да әлеуметтік көмек көрсетіліп келеді. 2024-жылға 500 миллион теңгеге қайтарымсыз негізде тұрын үй сертификаттарын беру жоспарланып, толығымен жүзеге асырылған. Бүгінгі таңда 552 азаматқа 499 947 789 теңгеге тұрғын үй сертификаттары берілген. 2025-жылға 500 миллион теңге көлемінде беру жоспарланған. Сертификатқа 238 өтінім түскен, оның ішінде 119 азамат 113,1 миллион теңгеге тұрғын үй сертификаттарын алған. Олардың қатарында 1 және 2-топтағы мүгедектігі бар азаматтар – 24, мүгедектігі бар бала асырап отырғандар – 234, жетім және асыраушысы жоқ балалар – 9, көпбалалы отбасылар – 34, толық емес отбасылар – 15, бюджеттік мекеме қызметкерлері – 13.
Дүйсен Ораз
