Мемлекеттен атаулы көмек алатын отбасы мүшелерінің біртіндеп жұмыс тауып, өз күнкөрісін жасауға әрекеттенуі қуантады. Десе де бұл әлеуметтік сала мамандарының күшімен жүргізілген үгіт-насихаттық, нақты жобалар ұсыну арқылы жүзеге асатын ауқымды жұмыстардың нәтижесі. Мысалы, соңғы нәтже қорытындысында осындай отбасылардан 330 адам жұмыспен қамтылғаны белгілі болды.
Жалпы, биыл жыл басынан бері қалада 8 227 отбасыдағы 42 866 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда аздап азайған. Бәрі де әңгіме басында айтып өткініміздей жұмыспен қамту шараларының нәтижесінде қол жетіп отыр. Былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда атаулы көмек алатын отбасылар саны 30,4 пайызға азайды. Адамдар өз бетінше әркет жасауға, мемлекеттік қолдаулардың арқасында кәсіпкерліпен айналысуға, өзін өзі қаржыландыру ісіне мойынсұна бастады деген сөз.
Мысалы, атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш берген отбасылардың тұрмыстық жағдайын сараптай келгенде мамандар олардың арасында 12 092 азаматтың жұмысқа жарамды екенін анықтаған. Екі қолға бір күрек тауып берсе жұмыс істеп, отбасына маңдай термен ақша тауып келуге қауқарлы. Тіпті 12092 азаматтың 7 281-ісінің жұмысы бар да болып шықты. Тек сол жұмыстан тапқан табыс отбасын асырауға жетпей, тұрмысын титықтатып отыр. Амал жоқ, мемлекеттен көмек сұрауға мәжбүр. Мұндай жағдайға әлеуметтік сала мамандары әрине заң шеңберінде түсіністікпен қарайды. Алайда, тепсе темір үзетін күші бола тұра, жұмыс іздеуге құлықсыз, тауып берген жұмысты істеуге ниеті жоқ, масылдықпен мемлекеттен көмек алып жата бергенді жеңіл көретіндер де жоқ емес.
Ал, тауып берген жұмысқа қуана-қуана баратындар күн санап көбейіп келеді. Мамандарды қуантып отырғаны да осы жағдай. Адамдардың санасы өсе бастады. Жатыпішер мінезді ар көре бастағаны. Жұмыспен қамтылды деп отырған 330 адам солар. Оның 211-і тұрақты жұмысқа тұрса, 43 адам қоғамдық жұмыс орындарына жолдама алды. 12-сі «Жастар практикасы» бағдарламасымен түрлі салада бағын сынап жүр. Барған мекемесінде өзін тірлікке тиянақты, іске жауапты екенін көрсете білсе, сол мекемеде тұрақты жұмысқа қалуы әбден мүмкін. 17 адам «Әлеуметтік жұмыс» орындарына бағытталса, 47 адамның кәсіпкерлік жобаларына жергілікті әкімдік тарапынан қолдау көрсетілді.