Басты жаңалықтар

Түгел Түркі – Түркістан төрінде

Бұл күндері тотыдайын таранған Түркістан бұрынғысынан да құлпырып, құрметті қонақтарды қабылдауға барынша дайындық жасады. Қайда қарасаңыз да гүлденген, түрленген әдемі көрініс. Төрт қақпалы Түркістанға шығыс беттен кіре берісте қазақ халқының ынтымағы мен бірлігінің символы саналатын Тайқазан композициясы қарсы алады. Ерекше сәулеттік ұтқырлықпен жасалған композицияны әуеден қарағанда Түркі мемлекеттері ұйымы туының бейнесі көрінеді.

Жаңа тайқазан Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аумағындағы тарихи тайқазаннан бес есе үлкен. Композицияның биіктігі — 10,4, диаметрі — 12 метр. Оң жақ бетінде ұлттық мәдениетті дәріптеуге және туризм инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жаңа этнотуристік кешен мен мұндалайды. Жалпы аумағы 707 шаршы метр болатын кешеннің басты нысаны — диаметрі 31 метр, биіктігі 15,5 метрге жететін алып киіз үй. Оның айналасында бірнеше киіз үйлер орын тепкен. Мұнда түрлі форумдар, этнофестивальдер, халықаралық көрмелер мен мәдени шаралар өткізу жоспарланған. 

15 мамыр. Әуежай құрметті қонақтарды күтіп алуға әзір. Әскери жасақ салтанатты жағдайда сап түзеген. Алты мемлекеттің туы желбіреп тұр. Таңертеңнен бастап Түркі мемлекеттерінің басшылары мінген ұшақтар бірінен кейін бірі қонып жатыр. Сағат тілі 10:40 минутты көрсеткенде Өзбекстан Президенті мінген ұшақ келіп қонды. Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин бастаған топ Шавхат Мирзиёев делегациясын құрметпен күтіп алды. Дәл осындай құрмет Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан мемлекеттерінің басшысы Режеп Ердоған, Илхам Әлиев, Садыр Жапаровтарға да көрсетілді. Бақылаушы елдердің өкілдері мен ұйымның Бас хатшысы, Ақсақалдар кеңесі мен түркі ынтымақтастық ұйымдарының жетекшілері маңызды жиынның құрметті қонағы болды.

Биылғы саммиттің Түркістанда өтуі кездейсоқ емес. Тарихы терең, түркі халықтарының ортақ мәдениеті мен рухани тамырын тоғыстырған шаһар бүгінде түркі әлемінің саяси әрі мәдени ықпалдастығын нығайтатын маңызды орталыққа айналып келеді. Қасиетті жұма күніне жоспарланған Саммит қарсаңында Өзбекстан мемлекетінің Түркістанға тартуы ретінде салынған 5000 орындық іргелі мешіт жамағатқа есігін айқара ашып, алғашқы намаз оқылды. Қонақтар Қ.А.Ясауи кесенесіне зиярат етті. Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған кесенеге османдық каллиграф Ахмед Шемседдин Карахисаридің қолынан шыққан Құранды сыйлады. Міне, қасиетті жұма күні өткізілген Саммит осындай рухани құлшылық рәсімдерімен бастау алды. Бұл бауырлас елдердің ортақ құндылығының өміршең болуына септігін тигізсе керек-ті.

Түс қайта Қазақстанның төрағалығымен «Жасанды интеллект және цифрлық даму» тақырыбына ұйымдастырылған Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті басталды. Бірден айтайық, бұл Саммит қандай да бір әскери одақ немесе геосаяси ұйым емес, ол бауырлас елдерге ортақ мәдениет, рухани жақындастық, идеологиялық кеңістікті қалыптастыруды, экономикалық байланысты нығайтуды көздейді. Бұл жайында Мемлекет басшысы өз баяндамасында «Соңғы кезде ұйымымызды әскери альянс ретінде сипаттайтын ой-пікірлер айтылып жүр. Олардың теріс пейілі бізге анық. Мақсаттары елдестіру емес екендігі де белгілі. Қазақстан ондай ұстанымды жоққа шығаруы керек деп санаймын. Біз үшін түркі әлемінің бірлігін нығайту аса маңызды. Кезек күттірмейтін басымдық. Түркі мемлекеттері ұйымы геосаяси жоба емес, әскери ұйым да емес. Бұл – бауырлас елдердің сауда-экономикалық, жоғары технологиялық, цифрлық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын нығайтатын бірегей алаң. Түркі әлемі әрдайым тату болып, алға қойған мақсатынан ауытқымай, бірлесе дами беруі керек. Сондықтан бүгінгі бас қосу тамыры бір, тарихы ортақ елдеріміздің ауызбіршілігін арттыра түсері сөзсіз», — деп атап айтты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз баяндамасында тағы қандай мәселелерге басымдық берді?  «Біріншіден, сауда-экономика саласы бойынша ұйымға мүше елдер арасында электрондық құжаттар мен цифрлық қолтаңбаны өзара тануға қатысты жұмысты бірлесе жүргізген жөн.

Екінші мәселе: Ғарыш саласы – түркі мемлекеттерінің бәсекеге қабілетін арттыруға ықпал ететін негізгі фактордың бірі. Бұл бағытты жүйелі түрде дамыту үшін елдеріміздің ғылыми, технологиялық және қаржылық әлеуеті жеткілікті. Әсіресе, спутник байланысы, навигация және мониторинг саласында бірлескен жобаларды жүзеге асырып, ықпалдастығымызды кеңейте түсу қажет. Сол арқылы технологиялық дербестігімізді нығайтып, инновациялық әлеуетімізді арттыруға мүмкіндік туады. Мысалы, «CubeSat-12U» ғылыми спутнигін іске қосудың маңыздылығын атап өтуге болады.

Үшіншіден, білім-ғылым саласына қажетті мамандар даярлайтын оқу орталықтары мен ғылыми мекемелер керек. Өзара тәжірибе алмасу, бірлесіп кадрлар даярлау және озық технологияларды енгізу өте маңызды. Сондықтан Түркі елдерінің жасанды интеллект орталықтарының желісін құруды ұсынамын. Біз Қазақстанда жаңа форматтағы технологиялық оқу орны – Жасанды интеллект университетін ашуды жоспарлап отырмыз. Жоғары оқу орнында түркі мемлекеттерінің азаматтарын оқыту үшін арнайы гранттар бөлуге дайынбыз. Бағдарламалау, жасанды интеллект және озық цифрлық технология салалары бойынша түркі елдерінің жастары арасында жыл сайын ғылыми-технологиялық олимпиада ұйымдастырған жөн деп санаймыз.

Бұл бастамаларды жүзеге асыру үшін Түркі инвестициялық қоры тарабынан қаржылай көмек көрсетуге болар еді. Биыл Қор нақты жобалар бойынша жұмыс істеу тәсіліне көшті. Жарғылық капиталы 600 миллион долларға жетті. Оны ұлғайтуға болады. Бұл – айрықша мәні бар стратегиялық ресурс. Сол себепті Қор барлық стартапқа қолдау көрсетіп, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға белсене атсалысады деп сенеміз. Қор толыққанды қызмет көрсетуге тиіс. Мүше мемлекеттерді осы міндетті жедел жүзеге асыруға шақырамын.

Төртінші мәселе. Қазір әрбір елде IT-жобаларға арналған технопарктер бар. Мен Түркі кеңесіне мүше мемлекеттердің IT хабтарының бірлескен орталығын ашуды ұсынамын. Орталыққа «Turkic ai» атауын беріп, оны «Alem.ai» орталығында орналастыруға болады. Бірлескен хаб ортақ мүдделерімізді ілгерілетуге ықпал етері сөзсіз.

Бесінші мәселе. Жасанды интеллект негізінде түркі халықтарының тарихы мен мәдениетіне қатысты материалдарды жинақтайтын арнайы цифрлық платформа құру жөніндегі жұмысты жандандыру қажет.

Бұл жоба көптілді форматта жасалуға тиіс. Сонда кез келген адам онлайн режимде түркі өркениетінің мол мұрасымен танысып, оны зерделей алады.

Қазақстан бұл бастамалар бойынша жан-жақты цифрлық шешімдер ұсынуға дайын.

Түркістан қаласының руханиятымыздағы рөлін ескеріп, осында Түркі өркениеті орталығын құру туралы шешім қабылдадым. Бұл орталық бауырлас елдердің бірлесіп ғылыми зерттеу жүргізуіне, мәдени жобаларды және білім беру бағдарламаларын іске асыруына жағдай жасайды. Сондай-ақ гуманитарлық ықпалдастығымызды нығайта түседі. Орталықтың қызметін тиімді ұйымдастыру үшін Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ғылыми-академиялық әлеуетін пайдаланған жөн деп санаймын. Бұл университетке қажетті қаржылай және басқа да жәрдем көрсетіледі. Бұған қоса, біз Астанада Дала өркениетін дәріптеуге арналған арнайы орталық құруды жоспарлап отырмыз. Онда дала халықтарының тарихы мен мәдениеті кеңінен насихатталмақ. Ұйымға мүше мемлекеттерді және барлық бауырларымызды осы жобаны қолдауға және оған белсенді қатысуға шақырамын.

Келесі маңызды мәселе технологиялық даму және гуманитарлық ықпалдастық дәуірінде түркі тілдеріне ортақ терминологиялық негіз қалыптастыру қажет. Жақында Түркі Академиясы ағылшын, орыс және түркі тілдерінде сегіз томдық терминологиялық сөздікті жарыққа шығарды. Бұл жұмыс терминдерді бір ізге келтіруге және ортақ ғылым кеңістігін нығайтуға ықпал етпек. Осы орайда Кеңеске мүше елдердің тиісті мекемелерінің өкілдері, ғылыми сарапшылары кіретін Мемлекетаралық терминологиялық комиссия құруды ұсынамын», — деді Мемлекет басшысы.

Бейресми Саммитке қатысқан Түркі мемлекеттерінің басшылары өз баяндамаларында бауырлас елдерге ортақ бірқатар мәселелерді ортаға салды. Мәселен, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған түркі мемлекеттерін ортақ түркі әліпбиін кеңінен енгізуге шақырып, 2024 жылы қабылданған 34 әріптен тұратын бірыңғай түркі әліпбиі білім беру, мәдениет, ғылым және цифрлық трансформация салаларында белсенді қолданылуы керектігін айтты. Ортақ түркі әліпбиі жобасы түркі халықтарының өзара түсіністігін жеңілдету және мәдени байланысын нығайту мақсатында әзірленген.

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев киберқауіпсіздік бойынша Түркі альянсын құрып, жасанды интелектіні пайдалану үшін жалпы этикалық нормаларды жетілдіруді, 2027 жылды түркі әлемінде «Табиғатты қорғау жылы» деп жариялауды, транспорт мәселесіне қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров өз еліндегі жасанды интеллект жайын таныстыра келіп, ТМО-ның бұл саладағы бірлестіктің маңыздылығына арнайы тоқталды. Бүгінде Қырғызстанда халыққа 145 мемлекеттік қызмет онлайн режимде қолжетімді екен. «Біздің аймақ Еуразияның жүрегінде орналасқан. Бұл – стратегиялық мүмкіншілік. Егер де біз транспорттық коридорды электронды платформалармен біріктіре алсақ, түрік мемлекеттері дүниелік тауарларды тасу жүйесінде маңызды рол атқара алады», — деген Садыр Жапаров бауырлас елдерді алдағы қыркүйек айында Қызғызстанда өтетін алтыншы әлемдік Көшпенділер ойынына белсенді қатысуға шақырды.

Сөзін Қарабақ жерлерінің инфрақұрылымын қалпына келтіруге үлес қосып жатқан бауырлас мемлекеттерге өз алғысын жеткізуден бастаған Әзірбайжан елінің Президенті Ильхам Әлиев түркі кеңістігінде цифрлық интеграцияны, соның ішінде «Цифрлық Жібек жолы» жобасын жүзеге асыруға шақырды. Сонымен қатар, Еуропа мен Азия арасындағы көлік байланысын дамытудың өзектілігіне тоқталды.

Саммит аясында Түркістандағы Қолөнершілер қалашығында арнайы мәдени бағдарламалар ұйымдастырылып, шетелден келетін 17 қолөнерші өз жұмыстарын ұсынды. Бұл шара Түркістанның халықаралық мәдени диалог орталығы ретіндегі мәртебесін одан әрі күшейтуге негіз болды. Қалада керамика, зергерлік өнер, ағаш өңдеу, былғары бұйымдарын жасау және кілем тоқу дәстүрлері ғасырлар бойы сақталып келеді. Қазіргі таңда өңірде 130-дан астам қолөнер шебері еңбек етуде. Түркістандық шеберлердің бұйымдары ұлттық нақышының ерекшелігімен, сапасымен және заманауи дизайнмен үйлесуі арқылы ерекшеленеді. Әсіресе керамика және этно-стильдегі сувенирлік өнімдер шетелдік туристер арасында жоғары сұранысқа ие.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде: «Мен Ұлыстың ұлы күнінде киелі Түркістанға арнайы барып, Әзірет Сұлтан рухына құран бағыштадым. Сол сапарымда мемлекеттік наградалар қатарына «Қожа Ахмет Ясауи» орденін енгізу туралы маңызды бастама көтердім. Бұл марапатты Қазақстанның дамуына айрықша еңбек сіңірген еліміздің және шетелдің белгілі ғалымдарына, мемлекет және қоғам қайраткерлеріне табыстау қажеттігі жөнінде айттым. Соған сәйкес тиісті Заң қабылданды, арнайы Жарлыққа қол қойдым», – деп бұл шын мәнінде беделі биік, бағасы жоғары марапат екенін айтты. Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған міне, осы марапаттың тұңғыш иегері атанды. Сондай-ақ, Өзбекстан тарапынан Түркістанға тарту ретінде салынған зәулім мешітке Мемлекет басшысы тарапынан «Миромон» есімін беру ұсынылды.

Бейресми саммит қорытындысы бойынша жиында айтылған барлық мәселелер негізінде бауырлас бес мемлекеттің басшылары Түркістан деларациясына қол қойды.

Ш. Мекенбайұлы,

Түркістан қаласы.  

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *