Шымкенттегі «Концерттік – Көрме орталығында» «Есті ене, көргенді келін» байқауы ұйымдастырылды. Қаланың барлық аудандарынан өнегелі аналар мен келіндер қатысқан байқау қызықты өтті. Қатысушылар ұлттық тәрбиеміздің көпшілікке ой салып, тәлім болатын үздік үлгілерін көрсетіп жиналған көрерменді сүйсіндірді.

Байқаудың басты мақсаты да осы – отбасы тәрбиесіндегі сабақтастықты насихаттау, ұлт құндылықтарын дәріптеу. Ал мұның дәл қазіргі кезде аса маңыздылығы айтпаса да түсінікті жайт. Ақыл-парасаты жоғары анасы, пайымы мол, ибалы келіні бар шаңыраққа береке ұялайды, мұндай отбасындағы тәрбие де ерек көрініп тұрады. Өзара түсіністік-сыйластығына жұрт сүйінеді, ой түйіп, өнеге алады. Есті ене мен көргенді келінді ізгі тәрбиеші ретіндегі отбасының арқасүйер тірегі десек болады. Олар әулеттің мақтанышына, абырой-беделі биік анасына айналады. Аталған байқауға қатысушылар жұртқа ене мен келіннің бойындағы осындай ізгі қасиеттерін паш етті. Сонымен қатар сөйлеу өнері, киім үлгісі, қолөнер бейімі, заманауи киім үйлесімі де сарапқа салынып, жұрт назарына ұсынылды.

Байқауға қатысушылар «Таныстыру», «Ізет – инабаттылық айнасы», «Ананың аманаты – ұрпаққа мұра» және «Ұлттық нақыш пен заманауи үлгінің үйлесімі» тақырыптарына бөлінген төрт кезең бойынша бақ сынады. Бұл байқауда жүлделі бірінші орынды қаланың Қаратау ауданынан қатысқан ене мен келін жеңіп алды. Қазылар алқасының шешімімен бұл орынға Күздеубаевтар отбасы лайық деп табылды. Тұран ауданынан қатысқан Әскербековтер отбасы екінші орынды иеленді. Үшінші орын Еңбекші ауданынан қатысқан Қамбаровтар отбасына бұйырды. Абай ауданынан Тағаевтар отбасы мүшелері «Шебер ене мен келін», әл-Фараби ауданынан Қалдаровтар отбасы мүшелері «Өнерлі ене, өнегелі келін» аталымдары бойынша марапатталды.

Халқымыздың ұлттық педагогикасы – ғасырлар бойы жинақталған, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырған зор байлық. «Қазақы тәрбие» деген қарапайым ғана сөздің астарында әйел баласының бойына сіңірілетін, оның адамгершілік болмысын қалыптастыратын көптеген ұнамды қасиеттер жатыр. Ана өзінің әдебі, ибасы, пайым-парасаты, жайлы мінезі мен қасиеттері арқылы отбасының ғана емес, әулеттің де нығаюына молынан еңбек сіңіреді. Сол арқылы ол ұлт тәрбиесіне де өлшеусіз үлес қосады. Ұлттық тәрбие сөйтіп ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса бермек. Ал мұның жеке отбасы үшін ғана емес, ел үшін, мемлекет үшін де маңызы жоғары екені даусыз.
Ел ішінде есті енелер мен көргенді келіндер көбейе бергей дейміз.
Ақмарал ОРЫНБЕКОВА,
Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ғылыми қызметкері.
