Шымкент

Төтенше жағдайға жол берілмес үшін

  Шымкент қаласында өрттің алдын алу, кез-келген төтенше жағдай тудыратын оқиғалардың орын алуына жол бермеу төңірегіндегі іс-шаралар жіті бақылауда. Бұл орайда сала мамандарының жұмысы айтуға тұрарлықтай. Жуырда (21-22 мамыр аралығында) Шымкент қаласында халықаралық штабтық жаттығу өтті. Оған 6 елдің өкілдері қатысып, біздегі қарқынды жұмыстардың барысымен танысып, тәжірибе алмасты. Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Пәкістан, Тәжікстан мемлекеттерінен келген сала мамандарымен бірге Қазақстанның барлық аймағынан кәсіби мамандар онлайн режимде қатысуға мүмкіндік алды. Еуропалық Одақтың, орталық және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері офлайн режимде куә болған оң істердің қатары көп.

Халықаралық штабтық жаттығуға қатысушыларды Шымкент қаласы ТЖД бастығы, генерал-майор К.Б.Базарбаев арнайы қабылдап, құттықтау сөзін арнады. Іс-шараға Сыртқы істер, денсаулық сақтау, төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері мен Шымкент қаласының мемлекеттік органдарының басшылары қатысып, сөз сөйледі. Штабтық жаттығудың мақсаты шетелдік білікті мамандармен тәжірибе алмасу ғана емес, сондай-ақ Орталық Азия елдерімен және Еуропалық Одақпен радиациялық, химиялық, радиациялық және биологиялық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайту болып табылады.

 Шомылу маусымына дайындық күшейтілді

Шымкент қаласы ТЖД бастығының орынбасары, подполковник Ж.Джабаевтың төрағалығымен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында «Шомылу маусымына дайындық» тақырыбында арнайы жиын өтті. Онда қала аумағындағы су объектілері, су шаруашылығы құрылыстарында, көпшілік демалатын орындарда, туризм мен спорт үшін белгіленген және шомылуға тыйым салынған орындар мен бассейндерде қауіпсіздік шараларын күшейту мәселесі талқыланды. Тиісті мекеме басшыларымен судағы қауіпсіздік тақырыбында проблемалық сұрақтар қаралып, әдістемелік көмек көрсетілді.

Жалпы департамент мамандары тарапынан мегаполистегі мекемелерге арнайы барып, төтенше жағдайлардың түрлі оқиғалары бойынша түсіндіру, қауіпсіздік шарасын сақтауға қатысты үгіт-насихат жұмыстарын өткізу шаралары жандана түскен. Жақында Шымкент қаласының азаматтық қорғау қызметтері Қазақстанды халықаралық деңгейде танытуда азаматтық қорғаныс басқармасының ұйымдастыруымен Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің құрылымдық бөліністерінің қызметкерлерін тарта отырып, «Шымкентмай» АҚ қызметкерлеріне «Жер сілкінісі кезіндегі қауіпсіздік» тақырыбында практикалық әрекеттер пысықталды. Оқу-жаттығу барысында «Сіз жер сілкінісі кезіндегі жүріс-тұрыс қағидаларын білесіз бе?» тақырыбында сауалнама жүргізді. «Сауалнаманың мақсаты азаматтардың қауіпсіздік мәдениетін арттыру, олармен кері байланыс орнату» дейді мамандар.

Құтқарушы қызметіне қызыққандар көбеюде

ҚР ТЖМ азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерінің қатарын толықтыру жауапкершілігі мол жұмыс. Бұл орайда төтенше жағдайдар министрлігіне қарасты әскери бөлімдерге таңдалып алынатын талапкерлердің бағы басым. Сондай шараның бірі – көктемгі әскерге шақыру науқаны өтіп, Шымкент қаласынан 20 азамат Отан алдындағы борышын өтеу үшін ҚР ТЖМ азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерінің қатарын толықтыратын болады. ҚР ТЖМ №28237 әскери бөлімінің өкілдері сарбаздарға елдің бірлігін ұстап, егемендікті шайқалтпай, тәуелсіздіктің туын биік ұстайтын кез-келген қиындыққа төтеп беретін — құтқарушылар екендігін түсіндіріп өтті.

Шымкент қаласы ТЖД бастығының орынбасары, подполковник Ж.Джабаев сондай-ақ, өз сөзінде ер-азаматтар арасында әскерге баруға деген үлкен ұмтылыс пен патриотизмнің бар екенін атап өтіп, әскерге шақырылушыларға әскери борышын абыроймен орындауға тілек білдірді.

Сарбаздар әскери бөлімде қызмет өткергеннен кейін өмірін құтқарушы мамандығымен байланыстыра алады.

 Тәртіпті де сақтайды, кітапты да оқиды

Бүгінгі құтқарушы – төтенше жағдайлар департаменті мамандарының келбеті осыған саяды. Жуырда Шымкент қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде өткен «Тәртіпті сақтау және заң бұзушылықтарға жол бермеу» тақырыбындағы дөңгелек үстелде сала мамандарының біліктілігін арттыру сөз болды. Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Б.Қамбаровтың төрағалығымен өткен жиынға Кадр және тәрбие жұмысы басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі С.Пирметов, психологиялық қызмет тобының психолог-бас маманы, азаматтық қорғау подполковнигі Ж.Абдукаримова, Қызмет бастығы азаматтық қорғау полковнигі Д. Райханов та қатысты. Құтқарушыларға тәртіпті, заң талаптарын сақтау, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу тақырыптары бойынша кеңінен түсіндірме жұмысы жүргізілді. Психолог маман тарапынан ұжымдағы моральдық климатты жақсарту жолдары айтылды. Мұндай жиындар жеке құрамның арасында тәртіпті нығайтуға үлкен үлесін қосары анық.

Ал ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу екендігін төтеншелік мамандар жақсы түсінеді. Содан да болар олар жуырда Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында болды. Кітапханашылармен кездесу барысында Шымкент қаласы ТЖД және Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасы арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Ынтымақтастықтың мақсаты өзара тәжірибе алмасу және жобалар мен бағдарламаларды енгізу, сондай-ақ меморандум аясында қоғамдық маңызды іс-шараларды бірлесіп атқару болып табылады.

Білім беру, ғылым және мәдениет мекемелерінің, жастар ұйымдарының өкілдерімен байланыстарды кеңейту жұмыстары жүргізілетін болып уағдаласты.

 Құтқарушылардың көмекшісі

Құтқарушы мамандардың сенімді серігі ізшіл иттер. Ал олардың төтенше жағдай орын алған шақтағы зардап шеккендерді дер кезінде іздеп табу, құтқару жұмыстарындағы қабілеттері тексеріліп, ұдайы машықталып тұрады. Жақында осындай шаралардың бірі кезекті рет ұйымдастырылды. Құтқарушы қызметтік иттер табиғи ортада, қираған ғимараттар мен техногендік ортадағы құрылыс үйінділерінің арасында іздеу-құтқару тапсырмаларын орындады.

Тапсырмаларды мінсіз орындаған кинологиялық есептеулерге сертификаттар табысталды. Осыған байланысты құтқарушы иттердің төтенше жағдайда кез келген іздеу-құтқару операцияларына қатысуға және қоғамдық мүлікті, тіпті адам өмірін құтқару операцияларына қатысуға мүмкіндігі бар.

Айтпақшы, күн жылынғалы Шымкентте «Үйімізден жылан шықты…», «Ауламызда жылан жүр…» деп құтқарушыларды шақырған қоңыраулар жиілей бастады. Мұндай кезде тұрғындардың қорқынышын сейілтіп, құтқаруға алдымен жететін төтеншеліктердің еңбегі ерен. Айта кету керек, Шымкент қаласының азаматтары мұндай жағдайда 112 нөміріне телефон шалуы қажет. Сосын, жедел-құтқару жасағының құтқару бөлімшесі айтылған мекен-жайларға барып, арнайы құрылғылардың көмегімен жыландарды ұстап, оларды қала сыртына, табиғи ортаға шығарады. «Тұрғындардың есіне салғымыз келетіні — жыландар көктемде жылы және ылғалды тіршілік ету ортасын іздейді, күн сәулесінде немесе тамақ іздеп шұңқырлардан шығады. Жыландардың «үйіңізге қонақ» болып келгенін қаламасаңыз, аулаңызды барынша ретке келтіріңіз. Үйілген тастарды, ағашты және басқа қоқыстарды алып тастаңыз. Сондай-ақ, кеміргіштермен күресу — жыландардан құтылудың ең ұтымды жолдарының бірі», — дейді сала мамандары.

 Оқушылар эссе жазды

Оқыс оқиғалардың орын алмауы үшін, табиғи зілзалалар кезінде қауіпсіздікті сақтаудың ережелерін тұрғындарға түсіндіруге де көп мән беретін төтеншеліктер жуырда оқушылар арасында эссе жазудан байқау өткізді. Бұл өз кезегінде қайғылы жағдайлардың орын алмауына түрткі болатынын, қауіпсіздік шараларын сақтауға үйрететінін жақсы білетін сала мамандары әсіресе, жастарды бала күнінен белгілі бір ережелерді сақтауына машықтандырып жүр.

Мысалы, Әл-Фараби ауданының ТЖБ қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өткен «Өрт қауіпсіздігі» және «Жер сілкінісі кезіндегі қауіпсіздік» тақырыбында эссе жазу шарасы мектеп оқушылары арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға негіз болады. Төтеншеліктер балаларға «Жер сілкінісі кезіндегі жүріс-тұрыс қағидалары» атты сауалнама парағын таратып, лайықты жауап беруіне көмектесті.

Жалпы құтқарушылардың өмірі қызыққа толы. Қызмет бабында талай оқыс оқиғалар орын алатыны да даусыз. Мұндайда олар ең алдымен адам өміріне қауіп төнбеуіне мән береді. Өз өмірін қиса да өзгенің өмірін сақтап қалуға барын салады. Төтенше жағдай кезінде адам өмірін сақтап қалу олардың басты міндеті. Олардың арасында ерлік істері көп мамандар жетіп артылады. Олай болса, болашақта құтқарушылар туралы да эссе жаздырса артық болмайды-ау…

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *