Тойбек ақсақал туралы сыр-толғақ
«Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек,
Тағдыр жоқ өткен өмір қайта келмек.
Басқан із, көрген қызық артта қалмақ,
Бір құдайдан басқаның бәрі өзгермек», — деп ұлы Абай атамыз айтпақшы, бұл жалған дүниеге кімдер келіп, кім кетпеген? Бұл жаратылыстың бұлжымас заңы. Бір Алладан басқаның бәрі өзгереді. Алла ғана мәңгі жасайды. Сол пәни дүниеге келгендердің бәрінің есімдері ел есінде қала бермейді. Тек азаматтық болмысымен, игі ісімен, елге еткен ерен еңбегімен санаулылар ғана ел жадында ұзақ сақталмақ.
Ел ішіндегі жиын-тойларда, мәслихаттарда ауылшаруашылығын, әсіресе мал шаруашылығын дамытуға ерекше еңбек сіңірген Тоялы (Азан шақырып қойған аты Тойбек) Мәмбетбаев жайлы жағымды әңгімелер жиі айтылады. Үлкендер жағы оны ұдайы еске алып, еңбегін кейінгі буынға үлгі етіп жатады. Сондай бір жиында «Әй, сол бір азаматтың есімі әлі күнге ескерілмей қалып барады. Оның Кеңес өкіметі тұсында көрген азабы, құқайы аз емес. Ашаршылықты да, соғысты да, қуғын-сүргінді де көрген. Соның бәріне мойымай, табандылығымен, еңбекқорлығымен жеңіп шығып, артында өшпестей із қалдырды. 30-жылдары шалғайда, түкпірде жатқан шағын ауылды одақ көлеміне танытқанының өзі неге тұрады?», — деген еді Балдыберек ауылының қадірменді қариясы Пошан Әбілдаев.
Т.Мәмбетбаев кім сонда? Қай кезде өмір сүрген? Әлі күнге дейін есімі неге ұмытылмай келеді? Осы сұрақтар елді де қызықтырып, ол жөніндегі деректерді іздестіріп, көзкөргендермен әңгімелесіп көрдік.
Т.Мәмбетбаев ағамыз 1920 жылы Балдыберек ауылында дүниеге келіпті. Бұл ауылға 1904-1905 жылдары ішкі Ресейден көшіп келген орыс шаруалары қоныстандырылады. Балдыберек өзенінің қос жағалауына орналасқан екі ауыл Сахаров, Борисов деген кулактардың есімдерімен аталады. Табиғаты тамаша, ауа-райы қоңыр салқын, жері шырайлы атамекенімізге келімсектер тез бейімделіп, біраз жылда тұрмыстары оңалып, қоңдана бастайды. 30 жылдардың басында осы екі ауылдың негізінде «Красный Боец» ұжымшары ұйымдастырылады. Т.Мәмбетбаев осындағы жеті жылдық орта мектепте білім алып, 1934 жылы Жамбыл қаласындағы зооветеринарлық техникумға оқуға түсіп, оны зоотехник- селекционер мамандығы бойынша бітіріп шығады. Сөйтіп, туған жеріндегі ұжымшарға зоотехник болып орналасады.
Жас маман оқу орнында алған теориялық білімін практика жүзінде іске асыруға құлшына кірісіп, қара мал тұқымын асылдандыру жұмысымен түпкілікті айналысады. Осындағы сүт-тауарлы фермадағы сауын сиырлардан алынатын сүт өнімділігін арттыру үшін сиырларды «Ақ басты Әулиеата» асыл тұқымды бұқалармен будандастыруды қолға алады. Бұл 4-5 жылда өз нәтижесін беріп, сауын сиырлардан алынатын сүт арта бастайды. Ферма ауданда сүт өндіруден алдыңғы орынға шығады. Бірте-бірте ферманың атақ-даңқы алысқа ұзайды. Мұндағы іс-тәжірибемен танысу үшін жер-жерден мал мамандары ағылып келе бастайды.
Қара мал тұқымын асылдандыру жұмысын қолға алған жас маманның бастамасының нәтижелі болуына сол кездегі ұжымшардың бастығы Михаил Федорович Зайцев материалдық және моральдық жағынан қолдау көрсетіп отырды. Нәтижесінде тау қойнауында орналасқан «Красный Боец» ұжымшары ауданда алғаш рет миллионер шаруашылық атанды. Ауданда тұңғыш рет өз күшімен ГЭС салып, әр үйде электр жарығы самаладай жарқырап тұрды. Әр үйге радио нүктесі орнатылып, ауыл адамдары ел ішіндегі жаңалықтардан хабардар болып отыруға мүмкіндік алды. Ферманың асыл тұқымды бұқасы (салмағы 1200 кг) 1957 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық ауылшаруашылығы көрмесіне қатыстырылып, алтын медальді қанжығаға байлады. Міне, ұжымшардың мал шаруашылығындағы жетістікке жетуінде Тоялы ағамыздың сіңірген еңбегі орасан еді.
Т.Мәмбетбаев ағамыз 1941 жылы 27 сәуірде әскери қызметке шақырылып, соғысқа әскери борышын өтеп жүргенде алынды. Оған бастан аяқ қатысып, туған елге 1950 жылдары оралады. Келісімен баяғы өзі еңбек еткен шаруашылығындағы зоотехник қызметін одан әрі жалғастырып, бастаған ісін дамытады. Ауданда 50-жылдардың бас кезінде шағын шаруашылықтарды ірілендіру жұмыстары жүргізіледі. Көрші жатқан Балдыберек, Төңкеріс, Қызыл жалау, Майбұлақ және Молотов атындағы ұсақ шаруашылықтар біріктіріліп, алғашқыда Молотов атындағы, 1956 жылдан бастап «Совет» ұжымшары деп атала бастады. Іріленген шаруашылық басшылығы тәжірбиесі мол, білікті маман Т.Мәмбетбаевқа толықтай сенім артып, бас зоотехник қызметіне тағайындайды. 1970 жылға дейін осы қызметті үлкен жауапкершілікпен атқарады. Денсаулығына байланысты бұл қызметті өз еркімен тапсырып, өмірінің соңына дейін, яғни 1977 жылға дейін шаруашылықта зоотехник-селекционер болып жұмыс істеді.
Осы жылдары мал басын көбейту, өнімділігін арттыру, асылдандыру жұмыстарына бар білімі мен күш-қайратын жұмсайды. Шаруашылықта сүт тауарлы фермасын ұжымдастырып, қара мал басын үш мыңға, жылқыны мыңға, қой санын 20 отарға жеткізеді. Осыншама қоғамдық малды жем-шөппен қамтамасыз етуге, қора-жайлардың жаңадан салынуына ықпал етті. Ферма меңгерушілерін, малшы, шопан, жылқышыларды бұл іске жұмылдыра білді. Қолдан ұрықтандыру мамандарын даярлап, 2 сүт-тауарлы фермасы жанынан қолдан ұрықтандыру пункттерін ашты. Ұрық өндіруші станцияларымен тығыз байланыс жасап, дер кезінде ұрық құрал-жабдықтарын алып тұрды. Осылайша мал тұқымын асылдандыруды жолға қояды.
Балдыберек ауылындағы №1, Қаратөбедегі №2 фермаларды асыл тұқымды фермаларға айналдырады. Сүт өнімділігі артты. Осы фермалардың бірнеше сауыншылары, малшылары кезінде ерен еңбектері үшін үкіметтік наградаларға ие болады. Аудандық, облыстық деңгейде депутат болып сайланды. «Совет» ұжымшарының кезінде аудан, облыс шаруашылықтары асыл тұқымды тайыншаларды тұрақты сатып алып тұрды.
Ұжымдасында Тоялы ағамен мал шаруашылығында бірге қызмет істеген замандасы Лесбек Әбдіраев ақсақалдың былай дегені бар-тын:
- 1967 жылы Қапланбектегі зооветеринарлық техникумды бітіріп, «Совет» ұжымшарына бас зоотехниктің көмекшісі болып біраз жыл Тоялы ағамен бірге жұмыс істедім. Тәжірибем аз, көп істің мән-жайын біле бермеймін. Ағаның қасында жүріп, көп нәрсені үйрендім. Өз ісіне мығым, шаруаның жайын жақсы білуші еді. Жылдың қай мезгілінде болмасын отарларды, фермаларды, жайылымдарды аралап, ондағы жағдайларды өз көзімен көріп, мән-жайға қанығып, кемшіліктері болса шұғыл кеңестерін айтып отырушы еді. Жазда мал жайылымды, өрісті жиі ауыстырып отыруды қадағалайтын.
Қарагер атының ерінің басынан шумақталған арқан, саржақ түспейтін. Отарлардың, қоралардың, фермалардың басына жиналған маяларды өлшеп, қыстық мал азығы жете ме, жетпей ме деп есептеп, өз байламдарын ұжымшар басқармасына мәлімдеп, жеткілікті жем-шөп қорын жасақтауды талап ететін. Сондай-ақ, ол мал азығының рационға, қоралардың, сарайлардың қысқа дайындығына, санитарлық жағдайына айрықша көңіл бөлетін. Ферма қызметкерлерінің, шопандардың, сауыншылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы үнемі назарында болып, оларды қыстық отынмен, азық-түлікпен, жылы киіммен қамтамасыз етуді еш ұмытқан емес. Малшылардың тілін тез табатын. Сондықтан да малшылар, шопандар, сауыншылар оның жиі келгенін қалап, өз өтініш-тілектерін, мұң-мұқтаждарын бөлісіп отырушы еді.
Қоғамдық малдың есеп-қисабына мұқият қарап, оны дұрыс жүргізуді мал шопандарынан қатаң талап ететін. Әр аналық бас сиырдың қай аталықтан қашқанын журналға тіркеп, төлдегеннен бұзауды ерекше күтімге алуды бұзаушылардан талап етуші еді.
Өткен ғасырдың 40, 50, 60 жылдары шаруашылықта техниканың аз болуына байланысты ұжымшардың бар жұмысы қолмен, іс көліктің (ат, өгіз) күшімен атқарылатын. Ат арба, өгіз арбамен мал азығы дайындалып, астық тасылатын. Сондықтан іс көліктің әрқашанда оңды, күтімді болуын, оны пайдаланушылардың шипажай қорықтарын қадағалайтын. Егерде малшы, не арбакеш іс көлікті ақ тер, көк тер қылып, ала шапқын болып шауып бара жатса немесе мінген атын жауыр қылса, өгіздің мойны қажалса сол адамды тоқтатып, ескерту жасайтын. Егер одан қорытынды шығармаса жұмыстан босатуға дейін шара қолданушы еді. Яғни, қоғамдық малға өз жекеменшігіндегі малдай қамқорлықпен қараушы еді.
«Орнында бар оңалар» демекші, Тоялы ағамыздың атында ізін жалғастырушы ұрпағы, ел жадынан шықпайтын ісі қалды. Шайкүл жеңгей екеуі бір ұл, екі қыз өсіріп, оларға өнегелі тәрбие берді. Соның нәтижесінде ұл-қыздары мектепте жақсы оқып, жоғары білім алып шықты. Тұңғышы Әуесбек жоғары білімді есеп-қисап, қыздары Сәуле дәрігер, Роза мұғалім мамандықтарын алып, өз салаларында ойдағыдай қызмет етті. Әуесбек Тұрдалиев жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін ауданымыздың «1 мамыр», «Совет» кеңшар, ұжымшарында бас есепші қызметін атқарып, өзінің білікті маман екендігін көрсете білді. Онын ұйымдастырушылық қарымын байқап, билік орындары «1 мамыр», «Ақжар» кеңшарларын басқаруға жіберді. Мұнда да ол шаруашылық экономикасын өркендетуге бар күш-жігерін жұмсады. Сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін істеген С.А. Терещенко оның қарым-қабілетін танып, өзі обкомның хатшысы болғанда қасына шақырды. Онда бірнеше жыл бөлім меңгерушісі қызметін жауапкершілікпен атқарды.
Тоялы ағамыздың немересі Дәурен Тұрдалиев Шымкент қаласындағы кәсібін жоғары деңгейде дөңгелеткен кәсіпкерлердің бірі. Шымкент қалалық, Төлеби аудандық мәслихатының бірнеше шақырылымдарының депутаты болды. Бүгінде мегаполистің тұрғыны болғанымен, өздері өсіп-өнген ауылынан қол үзбейді. Әрдайым туған ауылының, ондағы ағайын-туыстарының қуаныш-қайғысына ортақтасып, қолдан келгенше қайырымдылық шараларына атсалысып отырады. Соның бір дәлелі ретінде Қаратөбе ауылының жамағатына салып берген мешітті айтуға болады.
Данышпан Абайдан сөз артылған ба? «Арттағыға сөзің мен ісің қалса, Өлсең де өлмегенмен боласың тең!», — демекші, Тоялы ағамыздың артында өлмейтұғын жақсы істері қалды.
К.Елікбаев зейнеткер,
Қаратөбе ауылы, Төлеби ауданы.