Uncategorized

Саябақ мемлекетке қайтарылуда

Заң баршаға – ортақ. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басатамасымен жүйелі түрде жүргізіліп жатқан реформаның басты міндеті де Әділетті Қазақстан құру. Қоғамдағы келеңсіздіктерге нөлдік төзімділікпен қарай отырып, заңсыздыққа жол берілген кемшіліктерді түзеу. Кінәліні заң аясында жауапкершілікке тарту.

Осы талаптар Шымкент қаласында біртіндеп болса да жүзеге аса бастағанына қала тұрғындары қуануда. Мысалы, жақында Шымкент қаласының әкімдігі Кең баба саябағын мемлекет меншігіне қайтаруға жең түре кіріскенін білдік. Кезіндн жасалған екі жақты келісімнің бірқатар талаптары орындалмағаны анықталып отыр. Қазір бұл мәселе бойынша бірнеше сот отырысы өтіп, нәтижесінде Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 10 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі расталып, өзгеріссіз қалды.

Естеріңізге салатын болсақ, 1999 жылы Шымкент қаласы әкімінің шешімімен жалпы көлемі 3,9272 га жер телімі «ЧПКФ «Сапар» ЖШС-не балалар саябағының аумағында балалар мен жасөспірімдерге эстетикалық және мәдени тәрбие беру орталығын ұйымдастыру үшін 15 жылға дейін уақытша пайдалануға берілген.

Өкінішке қарай, бастапқы жоба орындалмай саябақ аз уақытта үлкен қоғамдық тамақтану алаңына айналған. Коммерциялық мақсатта пайдалану барысында ғасырлар бойғы емен ағаштары кесіліп, саябақтың кей аумақтары бетондалып, плиткалар төселіп, уәде етілген балалар орталығы жасалмаған. Тегін ойын алаңдары, әткеншектер мен құмсалғыштар жойылған.

Уақыт өте саябақта сауда нысандары көбейіп, санитарлық жағдай нашарлап, сол төңректе тұратын тұрғындар тарапынан наразылық туындаған. Қоғамдық пікірді ескере отырып, әкімдік саябақты мемлекет меншігіне қайтару процесін бастайды. Оның үстіне 1999 жылы белгіленген жалға беру мерзімі (15 жыл) әлдеқашан аяқталған болатын.

Шымкент қаласының Бас жоспарына сәйкес Кең баба саябағының аумағы «жасыл аймақ» болып белгіленген. Алайда, сот процесі аяқталғанша, бюджет қаражатын қалаға тиесілі емес нысандарға жұмсауға болмайтындықтан, заң шеңберінде саябақты абаттандыру, көгалдандыру мүмкін болмады. Нысанның сын көтермейтін жағдайы азаматтардың арыз-шағымдарын туғызып, саябақ әлеуметтік міндеттемелерді орындай алмаған бизнестің алаңына айналды.

Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде Шымкент қаласының жер ресурстарын басқару департаменті тарапынан Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жер учаскесін беру және кейінгі мәмілелер туралы Шымкент қаласы әкімдігінің қаулысының күшін жою бойынша талап арыз жолданды. 2024 жылғы 30 сәуірдегі сот шешімімен департаменттің талап арызы қанағаттандырылды. Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 10 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалды.

Осылайша, Кең баба саябағы ішінара мемлекет меншігіне қайтарылды. Саябақ мемлекет меншігіне түпкілікті қайтарылғаннан кейін әкімдік алдында жасыл аймақты қалпына келтіру, тұрғындардың отбасылық серуеніне жағдай жасау міндеті тұр.

Шымкент қаласының әкімдігі қала тұрғындарының мүддесі үшін бұл жобаны сәтті аяқтап, Кең баба саябағын қалпына келтіруге бар күш-жігерін салуға дайын.

 Алайда, әкімдіктің бұл әрекетіне тосқауыл қоюшылар да жоқ емес. Олар әлеуметтік желіде негізсіз ақпараттар таратуда. Сала мамандары тек ресми ақпаратқа сенуге, тексерілмеген, сенімсіз дереккөздердің арандатуларына жол бермеуге шақырады. Шымкент қаласы әкімдігінің Instagram, Facebook желілеріндегі ресми парақшаларында қаланың дамуына қатысты барлық жаңалықтар жарияланады. Кез келген проблемалық сұрақтар мен шағымдарды Ikomek сервисіне, қала әкімдігінің парақшаларына жолдауларыңызға болады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *