халықтың аманатын қалай арқаламақ?
Еліміздегі жетекші партияның бірі «Ауыл» деп аталуы кездейсоқтық емес. Халықтың аманатын арқалап, мұң-мұқтажына назар аударып, елге еңбек етуді мақсат еткені түсінікті. Ендеше бұл партияның атына заты сай болуы, халық үдесінен шығуы үшін әрбір мүшесінің мінез-құлқы, тәртібінен бастап қоғамдағы, отбасындағы орны, өзін-өзі ұстауы, іс-әрекеті бақылауда болу керек. Бір сөзбен айтқанда, халық қалаған адам сол халықтың қалауынан шығуы тиіс. Алайда, «Ауылдың» мүшелері, оның ішінде депутат мандатын иеленгендердің барлығы бірдей осы сенім үдесінен шыға алып жүр ме?
Рас, депутаттар туралы жағымды пікірмен қоса, жағымсыз, тіпті, күлкілі әңгімелер де жиі айтылады. Сондай әңгіменің бір ұшқыны қазір Келес өңірін кезіп жүрген секілді. Ол туралы бізге Нұржан есімді азамат айтып берді. Қолтығында сөзіне растау болатын бір бума құжатты да қыстыра келіпті. Олардың ішінде Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев пен аудандық мәслихат төрағасы Нұржан Шәулиевке жазылған арыздың да көшірмесі бар. Сонымен, оқырманымыз кім туралы нендей шағым айтып жүр?
«Келес ауданы, Ошақты ауылдық округі Жиделі ауылының тұрғыны М.Қужағұлов Келес аудандық мәслихатының сегізінші шақырылымының депутаты. Ол халыққа қызмет етіп, көпке үлгі болудың орнына соңғы бір жыл ішінде 5 рет әкімшілік құқықбұзушылық жасаған. Оның екеуі бұрынғы жұбайы А.Тастановаға жасаған зорлық-зомбылық әрекеті», – деген оқырманымыз дәлел ретінде сот қаулыларын қолымызға ұстатты.
Қарап шықтық. 2018 жылғы 06 сәуірдегі Сарыағаш ауданының мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысымен ҚР ӘҚБтК 73-1 бабының 1-бөлігімен (денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) айыпталып, алайда өзінің кінәсін мойындап, жәбірленуші А.Тастановамен келісімге келуіне байланысты ҚР ӘҚБтК 64-бабының талаптары негізінде жауапкершіліктен босатылып, ақталмайтын негіздермен іс өндірістен қысқартылыпты. 2024 жылдың 5 наурызында ҚР ӘҚБтК 612-бабының, 5-бөлімінің талаптарын сақтамай, яғни басқару құқығы жоқ адамға көлік құралын басқаруға бергені үшін әкімшілік жазаға тартылып, 92 300 теңге көлемінде айыппұл салынған. 2024 жылдың 13 наурызында ҚР ӘҚБтК 73 бап, 1-бөлігімен әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылып, Келес аудандық сотының 2024 жылғы 24 мамырдағы №5155-24-00-3/645 қаулысымен М.Қужағұлов кінәлі деп табылып, оған ескерту берілген. Жұбайы А.Тастанованың арызы негізінде 2024 жылдың 22 маусым күні дәл осындай құқықбұзушылық жасағаны туралы Келес аудандық ІІБ тарапынан хаттама толтырылып, Келес аудандық сотына жолданған. 31.07.2024 жылы сот отырысы өтуі керек болған, алайда, құқық бұзушы процеске келмеген. Сол себепті судья М.Қужағұловты сотқа полициямен күштеп әкелу туралы ұйғарым шығарған. Нәтижесінде сот отырысы тараптардың түгел қатысуымен өтеді. Абырой болғанда балалардың ара түсуімен депутат қамаудан аман қалған. Алайда, жәбірленуші, яғни халық қалаулысының бұрынғы жұбайы А.Тастанова апелляциялық шағым түсіруге дайындалып жүргенге ұқсайды. Алда не боларын уақыт көрсетер, бірақ біз ешкімге жамандық тілемейміз. Ал халық қалаулысының қалағанын істеп жүре беруіне заң жол бермейді деп сенеміз.
Ел құлағы елу ғой. Өз отбасының түтінін түзу ұшыра алмай, жұбайына әлімжеттік жасаған халық қалаулысы енді «Ауданның құрметті азаматы» атануға да барын салып жүргені айтылады. Отбасына құрметті бола алмай жүрген адамның ауданға құрметті атануы қаншалықты санаға сыйымды? Мұның жел сөз немесе жөн сөз екенін білу мақсатында Келес ауданының әкімі Ж.Ағыбаев пен аудандық мәслихат төрағасы Н.Шәулиевке сұрау салдық. Аудандық мәслихат төрағасы Нұржан Шәулиевол кісінің«Құрметті азаматтыққа» үміткерлердің тізімінде жоқ екенін айтты. Аудан әкімінің аппарат басшысы Бақтияр Әбдірахмановтың жауап хатында да М.Қужағұловтың үміткерлер тізімде жоқ екені көрсетілген. Бәлкім, құқықбұзушылығы үшін тізімнен сызылды ма екен?
Отбасыдағы зорлық-зомбылық, әйелге, балаға қол көтеру бұрын құқықбұзушылық әрекет ретінде қаралса, жаңа заңға сәйкес қылмыстық жауапкершілік қаралған. Яғни ендігі жерде отбасы мүшелеріне әлімжеттік көрсеткен адам қылмыскер саналып, темір торға тоғытылуы мүмкін. Ендеше, мұндай сипаттағы адамның «Аманат» партиясының мүшесі болуы партия абыройына нұқсан келтірмей ме?
Балқы БАЗАР.