«Ерекше кезеңде» немесе табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларда қала тұрғындарын эвакуациялау іс-шаралары Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің үнемі бақылауында тұрады. Дайындықты пысықтау мақсатында Шымкент қаласында төтенше жағдайлар кезінде эвакуациялық жинау және зардап шеккендерді қабылдау пунктінде практикалық жаттығу өтті. Жаттығу барысында жауапты қызметтердің бірлескен әрекеттерін үйлестіруге, сондай-ақ халықтың эвакуациялау рәсімдерінің дұрыстығына мән берілді.
Қазіргі таңда қалада 167 эвакуациялық-жинау және зардап шеккен халықты қабылдау пункттері ұйымдастырылған. Солардың бірі — А.Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназияның базасында қалалық эвакуациялау комиссиясының мүшелерімен бірге өткен іс-шараға Шымкент қаласы ТЖ департаментінің, қалалық 22 азаматтық қорғау қызметтерінің өкілдері және жақын орналасқан тұрғын үйлердің тұрғындары қатысты. Апатты жағдайда қауіпсіз аймаққа қалай бару керек екені, яғни арнайы жасақталған топтардың жұмысы тұрғындарға көмек көрсету арқылы тәжірибе жүзінде түсіндірілді. Сондай-ақ, жаттығу барысында эвакуациялық жинау пункті ұйымдастырылып, халықты қауіпсіз жерге шығару, зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету және қабылдау пунктінде орналастыру бойынша іс-шаралар атқарылды. Жедел әрекет ету топтарының дайындық деңгейі, эвакуация процесінде түрлі жағдайларда тиімді шешім қабылдау қабілеттері тексерілді.
Төтенше жағдайлар департаменті жаңа технологиялардың мүмкіндігін ескеріп, «2ГИС» халықаралық картографиялық компаниясының кең мүмкіндіктерін пайдалана отырып, қаладағы 167 эвакуациялық жинау және зардап шеккен халықты қабылдау пункттерін «2ГИС» (карта) қосымшасына енгізді.