- Немесе
Қолыңызды кім ұстап, шашыңызды кім сипап жүр, бойжеткен?
Әуелден ата-баба аманатына адал болған ұлтымыздың көптеген салт дәстүрлері қазіргі қоғам талабына қарай жаңғырғанын байқап жүрміз. Заманына қарай адамы емес амалы өзгергенін көзбен көрген сайын көңілдің кірбіңі молая түскендей.
Бұрындары қызға құда түсіп, қалың мал төлеген соң, жігіт қалыңдық ауылына ұрын келетін. Бұрын соңды бірін-бірі көрмеген қыз бен жігітті табыстыру үшін жеңгелері «қол ұстатар, шаш сипатар» деген салт-дәстүрлерді жасап, кәде алатын. Бұл кәденің жолы мен жөні екі жастың жақынырақ танысуына жеңгелердің ықпал етуі. Расында бүгінгідей телефон мен интернет арқылы танысып, біліспек түгілі хат жазыспаған жастардың алғашқы кездесуі- ұятын сақтаған ұлт тәрбиесі сыналар сәт десе болғандай.
Біздің айтайын дегеніміз осы «қол ұстатар, шаш сипатар, көрімдік» сияқты ескіден жеткен кәделердің әлі күнге дейін той думанда қолдануы дұрыс немесе дұрыс еместігі жайлы.
Телефонмен ұйықтап, телефонмен оянатын жастардың бірін-бірі танымауы бұл күнде мүмкін емес. Қолы мен шашын сипағаны былай түрсын, кейде бірін бірі құшақтасып түскен суреттерін де әлеуметтік желіге жариялап қоятыны жасырын емес. Сол жағдайды көре, біле тұра құдалардың қалтасын қағуға әккі болып алған кейбір жеңгелердің осы кәделерді сұрайтыны қалай? Жалпы қолын жігіті әлдеқашан ұстап қойған қыз үшін «қол ұстатар бер» деп күйеубаланың алқымынан алған қаншалықты орынды? Бұл есік ашып келіп отырған құдалардың қалтасын қалайда «қағып» қалудың әрекеті емес пе?
Сіз қалай ойлайсыз оқырман…
Дана Мамекова,
Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының қызметкері. Шымкент қаласы.