Бұған дейін де газетімізде айтқанымыздай, Шымкентте өрт-құтқару саласының мамандары арасында әбжілдік пен ептілік сынға түскен республикалық жарыс өтті. Республикалық кубокты сарапқа салған VII турнирдің жеңімпаздары салтанатты жағдайда марапатталды. Жарысқа 13 ерлер және 12 әйелдер құрама командалары қатысты. 4 күнге созылған доданың дүлділдерін анықтау да оңайға соқпады. Кілең «сен тұр, мен атайын» сайыпқыран саңлақтар арасында сарапқа салынған жүлдені мықтының мықтысы иеленетіні анық еді.
Турнирдің қорытындысы бойынша ерлер арасында жалпыкомандалық есепте 1-ші орынды Астана қаласы, 2-ші орынды Қызылорда облысы, 3-ші орынды Ақтөбе облысының құрама командалары иеленді. Ал әйелдер арасында 1-ші орынды Түркістан облысы, 2-ші орынды Астана қаласы, 3-ші орынды Алматы қаласының құрама командалары қанжығасына байлады. Жеке және командалық сынақтың жеңімпаздары медальдармен, дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды. Жеңімпаз командалар кубоктармен марапатталды.
Айтпақшы…
Адамдар көптеп жиналатын орындарда шартты өртті сөндіру және адамдарды қауіпсіз аймаққа шығару дағдыларын машықтау мақсатында «ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің» бастамасымен Шымкентте, қала аумағында ірі ойын сауық кешенінің бірі «Shymkent plaza» ғимаратында өрт-тактикалық жаттығуы өтті. Шымкенттік құтқарушылар күндізгі шартты түрде алынған жоспар бойынша уақытта 1500 адамнан 1000 адамға дейін және түнде 500-ден 300 адамға дейін, сондай-ақ 200-ден астам адамға қызмет көрсететін персоналы мен күрделі орналасуы бар ғимараттағы өртті шартты түрде сөндіру ісіне қаншалықты машықтанғандарын көрсетті. Осылайша Шымкент қаласы гарнизонының өртке қарсы бөлімшелері жеке құрамының практикалық дағдыларын пысықтау, басшылықта басшы құрамды жаттықтыру, қызмет көрсетуші персоналдың өртке қарсы қызметпен өзара іс-қимылын пысықтау, сондай-ақ қаланың тіршілікті қамтамасыз ету қызметтерімен өзара іс-қимылды ұйымдастыру ісінде кәсіби білгірліктерін байқатты.
Оқу-жаттығуға 66 жеке құрам мен 15 бірлік техника, жедел жәрдем, құтқару бригадалары, полиция қызметкерлері және арнайы техникалық қызметтер жұмылдырылды. 900-ден астам адам эвакуацияланды.