Бейресми мәліметтерге құлақ түрсек Түркістан облысының Шардара ауданында алдағы жазда аптап ыстық 50 градустан да асып кетеді деген болжам бар. Мұндай ыстықта өрт қауіпсіздігі басты назарда болу керектігі айтпаса да түсінікті. Болмашы нәрседен тұтанған өрт лезде кең алқапты күлге айналдыруы ғажап емес. Өрт қауіпсіздігінің алдын алу бойынша қандай іс-шаралар атқарылып жатқаны жөнінде біз Шардара орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі КММ директоры Дулат Сартбаевтан сұрадық.
— Дулат Жұмагелдіұлы, өртті сөндіргеннен оның алдын алу шараларын атқарған әлдеқайда тиімді екені белгілі. Осы мақсатта сіздерде қандай іс-шаралар атқарылып жатыр?
— Осы жылдың 12 ақпаны күні мекеменің «Мемлекеттік орман қоры жерлерінде 2024 жылдың өрт қауіпі бар маусымына дайындық жөніндегі міндеттер туралы» бұйрық шығарылған. Осыған орай біршама жұмыстар атқарылды. Орман өртінің алдын алу және сапалы түрде өрт қауіпті маусымға дайындық жүргізу мақсатында Шардара, Арнасай және Сүткент орманшылықтарында 12 ақпан мен 04 наурыз аралығы өрт маусымына дайындық айы деп жарияланды. Ал наурыз бен қараша айының аралығы өрт қауіпі бар маусым болып белгіленген.
— Жаман айтпай жақсы жоқ, өрт бола қалған жағдайда әрекет ету мүмкіндіктеріңіз қандай дәрежеде?
— Өрт қауіпті кезеңге дайындықты күшейту, өрт болған жағдайда оны жедел сөндіру мақсатында мемлекеттік мекемеде 4 жерде кезекшілік бекеттері құрылған. Олардың бірі мекеме кеңсесінде болса, қалғандары Шардара су қоймасы жағалауында, Көксу ауылдық округіне қарасты Айдарқұл елді мекенінде, Алатау батыр ауыл округінде, сондай-ақ Қарынбай, Жусанды, Бимырза, Зәкқұдық, Жаппар, Сейсенбай, Қызтуған құдықтарында стационарлық рациялар арқылы байланыс жұмыс істеп тұр. Өрт орын алған жағдайда 4 дана өрт сөндіру автокөлігі, 12 дана МТЗ тракторлары соқасымен, 1 дана Уаз, 2 дана Нива Шевролет, 1 дана Джак автокөліктері өртті сөндіруге пайдаланылады. Осы байланыстың арқасында өрт туралы хабар жеткізу және дер кезінде өшіру мүмкіндігіміз жоғары деп айтуға болады.
— Мекемелеріңізге қарасты жер аумағы үлкен. Соған сай қиындықтар да бар шығар? Еріктілердің көмегіне сүйенетін кездер бола ма?
— Орман-тоғайға жақын маңдағы елді мекендерден барлығы 23 ерікті өрт сөндіру жасақтары құрылып, 247 адам мүшелікке тартылды. Шаруа қожалықтарынан 18 дана техника өрт сөндіруге қарастырылған. Бүгінгі күнге орман қорымен іргелес орналасқан 63 орман пайдаланушылармен келісім-шарт түзілді. Мекеме құзырындағы орман күзетшілері 12 стационар, 8 автомобильді, 36 қол рациялармен және 2 дана әмбебап өрт сөндіру тіркемесі (УПП-3), орман-күтушілерге қызметтік көлік үшін 38 бас мініс ат, 4 дана шлагбаум, 46 арнайы су алатын орын, 78 аншлаг, 3 өрт бақылау мұнарасы және 2 кардон үй күн сәулесінен қуат алатын қондырғымен қамтамасыз етілген.
— Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында үлкен жолдың жиектерін трактормен жыртып тастайды. Олар да сіздердің атқарған жұмыстарыңыз ба?
— Өрт маусымы кезінде атқарылатын минералды жолақтарды күтіп-баптау жұмыстары индикативтік жоспарға сәйкес жалпы 3000 шақырым сәуір-шілде айларына жоспарланған. Минералды жолақтардың ені 7 метрден жүргізіледі. Жалпы, өртке қарсы жолдарды жөндеу жоспар бойынша 30 шақырым.
— Өзіңіз басқарып отырған мекеме осындай ауқымды жұмысты өз күшімен ғана атқарады ма, әлде басқа мекемелермен ынтымақтастық байланыс орнатылған ба?
— Шардара мемлекеттік мекемесі бойынша орман қоры жерлерін өрттен қорғау, алдын-алу және жедел өрт сөндіру жөніндегі 2024 жылға арналған жоспар құрылған. Оған Шардара ауданы төтенше жағдайлар бөлімімен, аудандық №15 өрт сөндіру бөлімімен, аудандық полиция бөлімімен келісілген жоспар жасалынып, сызба бекітілген. Мекемеде орман өрті болған жағдайда жедел хабарлау сызбасы жасалған. Сызбада орманшылықтар өрт болған жағдайда орман күтуші-қорықшы орманшылық басшысына, ол жергілікті ауыл әкімдіктеріне, шаруа қожалықтарына, Шардара коммуналдық мемлекеттік мекемесіне, Шардара ауданының төтенше жағдайлар бөліміне, аудандық ПБ-іне, №15 өрт сөндіру бөліміне және облыстық басқармаға жедел хабарлау сызбасы көрсетілген.
— Орман шаруашылығына қарасты жерлер кең аумақты алып жатыр. Онда демалыс ұйымдастырғысы келетіндер болуы мүмкін, олардан өрт қаупі келмей ме?
— Орманның өрт қауіпі жоғары кезеңінде автокөліктер мен демалушылардың кіруіне шектеу қойылатын орман қоры учаскелерінің тізбесі жасалынып, Шардара аудан әкімі, аудандық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия төрағасының 2024 жылғы 9 қаңтардағы №01 өкімінің №1 қосымшасымен бекітіліп, сол бойынша жұмыс істейміз.
— Үгіт-насихат жұмыстары қаншалықты жиі жүргізіледі?
— Орманды өрттен қорғау, тілсіз жаудан сақтау мақсатында елді мекендердегі тұрғындар көп жүретін орындар мен аялдамаларда, дүкендерде 108 дана үнпарақтар мен 28 дана нұсқамалар таратылды. Сонымен қатар, орман қоры жерлерінде орман пайдаланушыларға, демалушыларға 10 рет өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша әңгімелер мен сұхбаттар өткізіліп, оған 71 адам қатысты. Республикалық, аудандық БАҚ арқылы 4 мақала жарияланды. Мұндай жұмыстар жоспармен шектеліп қалмай, күн сайын, тұрақты түрде жүргізіліп отырады.
Сұхбаттасқан Р.Ерғали.