Осыдан 6 жыл бұрын Түркістан облысы құрылып, Шымкент қаласына республикалық мәртебе берілген тұста екі әкімдік қала орталығындағы бірқатар ғимараттарды өз меншіктеріне ала отырып, мүліктік бөлініс жасағаны белгілі. Шымкент қаласында орналасса да бірқатар ғимарат Түркістан облысының балансына өткен-ді.
Қаладағы мемлекеттік активтерді пайдалану тиімділігін арттыру және жергілікті бюджеттен ғимараттарды жалға беру құнын оңтайландыру мақсатында қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың тапсырмасы бойынша Түркістан облысының әкімімен келіссөздер жүргізілді. Нәтижесінде қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды бірқатар нысандарды коммуналдық меншікке қайтару туралы келісімге қол қойылды. Екі жақты арнайы Жол картасы әзірленіп, қазіргі таңда бірінші кезең бойынша 7 нысанды мегаполистің коммуналдық меншігіне қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Тәуке хан даңғылы, 6-шы үйдегі (бұрынғы облыстық әкімшілік) әкімшілік ғимараты, Республика даңғылы 41/8-дегі білім басқармасының ғимараты, Әл-Фараби алаңындағы кітапхана, Қазыбек би көшесі, 9-үйдегі Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония, үш тілде оқытатын 500 орындық Маржан Тасова атындағы №12 мамандандырылған мектеп-интернаты КММ және Абай ауданындағы темір жол желісі Шымкент қаласының меншігіне өтті. Ал, келесі жылы Орталық саябақта орналасқан «Қоғамдық келісім» КММ ғимараты қала балансына беріледі.
«Жалға беретін мекемелерді өз ғимараттарымен қамтамасыз ету арқылы біз қала бюджетіне түсетін салмақты азайтып, үнемделген қаржыны қаланы дамытуға жұмсаймыз. Сондай-ақ, алдағы уақытта Шымкент қаласында орналасқан облыстық мекемелер Түркістан облысындағы салынып жатқан ғимараттарға көшіп, босағаны бірте-бірте қаланың коммуналдық меншігіне өтеді», — деді қала әкімі.