Әлеумет Басты жаңалықтар

Қарашаш ана – ғасыр құрдасы


Ару көктем мен аяулы әйелдер мерекесі қатар келіп, әлем гүлденуде. Ер азаматтар нәзік жандыларды жаппай құттықтап, мәре-сәре күй кешуде. Түркістан облысында 176 735 көп балалы ана тіркелсе, оның 59-ы ғасырдан ұзақ жасағандар екен. Екі ғасырдың ғана емес, сұрапыл соғыстың да куәсі болған мұндай жандарға қандай құрмет көрсетсек те артық етпесі анық.

Сондай бақытты жанның бірі — Келес ауданының тұрғыны, жасы 100-ге келген Қарашаш Әжібаева. Бір ұл, бес қыздан отызға жуық немере мен шөбере көріп отырған Қарашаш әжені мереке қарсаңында Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев пен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлнұр Құралбаева үйіне арнайы құттықтап барды.

Мұндайды күтпеген қария қонақтарға батасын беріп, жайылған дастарханнан дәм татуға шақырды. Өзі жайлы естеліктер айтып, болашақ ұрпақтың соғыс көрмей, бейбіт күнде өмір кешуін тіледі. Ғасыр құрдасына Алғыс хат, азық-түлік корзинасы, гүл шоқтарын тарту еткен Жәнібек Есенұлы: «Еліміздің дамуы өзіңіз секілді ақ жаулықты аналардың еңбегінің арқасы. Немере мен шөберенің алдында аман-есен жүре беріңіз», – деп Қарашаш әженің иығына орамал жапты.

Бөлім басшысы Гүлнұр Құралбаеваның берген мәліметінше Келес ауданында жасы жүзден асқан тағы екі ана бар екен. Оның бірі Ақтөбе, екіншісі Қошқарата ауылдық округінде тұрады. «Біз ол кісілерді жылда әйелдер мерекесінде құттықтаймыз. Бұл жолы жасы енді 100-ге толған Қарашаш ананы құттықтап шыққанды дұрыс көрдік. Қалған екі анамызды да міндетті түрде құттықтап шығамыз», – деді.

«Біз отбасыда бес қыз, бір ұлмыз. Әкем Аманжол 1997 жылы дүние салды. Анам жастайынан жетім қалып, қиындықты көп көрген. Соғыс кезінде ұршық иіріп, тоқыған заттарын майданға жіберіп отырған. Әкеммен отбасын құрғаннан кейін қазіргі Келес ауданының «Бірлік» кеңшарында қой бағып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де еңбектен қол үзбей, жеке шаруасын жүргізген. Анамның ұзақ ғұмыр кешуінің сыры да осы қасиетінің — еңбектен қол үзбеуінің арқасы шығар деп ойлаймын. Жуырда аяғын сындырып алып, жүруге қиналып қалды. Сонда да қарап отырмай, өз әрекетін өзі жасай береді. Көзінің көруі бұрынғыдай емес, сәл нашарлады. Бірақ есіту мен есте сақтау қабілеті сол қалпы. Немере былай тұрсын, шөбересінің аттарын қателеспей айтады. Енді анаммен қатарлас адамдар қалмады десем де болады. Оларды жиі еске алып, түрлі қызықтарды айтып отырады. Зейнетақысын бұрын немерелерге бөліп берсе, қазір шөберелерге үлестіреді», — дейді Қарашаш әженің қызы Жанар Әжібаева бізбен әңгімесінде.

Жалпы, Түркістан облысында 2528 «Батыр ана», 15076 «Алтын алқа», 43247 «Күміс алқа» иегері, 3847 «Ана даңқы» орденімен марапатталған, 112 037 төрт және одан да көп балалы ана бар. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен аналарымыз аман болсын! Мерекелеріңіз құтты болсын!

Ұлықбек ҮМБЕТ.    

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *