Uncategorized

Интерактивті карта инвесторлар жұмысын жүйелейді 

«Аймаққа жеке инвестиция тарту әкімдердің ең басты міндетінің бірі болуы керек. Жалпы, барлық мемлекеттік орган ел экономикасына мейлінше көбірек инвестиция тартуға баса мән беруге тиіс. Бұл – негізгі басымдық, олардың жұмысы да соған сәйкес бағалануы керек». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кезекті бір кеңейтілген отырысында осылай деген болатын. Иә, бюджет қаражатын жаратып отыра беру әр әкімнің қолынан келетін шаруа, ал ортақ қазынаны инвесторлар есебінен арттырып, экономиканың түзелуіне үлес қосу нағыз іскер, дипломат әкім мен оның командасының ғана қолынан келетін дүние екені талассыз.

Ғабит Сыздықбеков бастаған Шымкент қаласы әкімдігінің қызметкерлері қала экономикасына инвестор тартудың түрлі әдіс-тәсілдерін ендіру арқылы жұмысты жандандыруды қолға алуда. Соның бір дәлелі ретінде – мегаполисте алғаш рет инвестициялық жобалардың интерактивті картасы іске қосылғанын айтуға болады. Жобаның Кәсіпкерлер палатасында өткен таныстырылу рәсіміне қалаға жұмыс сапарымен келген «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма мүшесі, Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков, қала әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов, қала прокурорының бірінші орынбасары Жомарт Нұрғали, Өңірлік кеңес мүшелері қатысты. Жиын барысында қала әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов Шымкенттің кәсіпкерлікті жүргізу бойынша қолайлы қала екенін, ал бұл инвесторларды жұмылдыруға сеп болатынын атап өтті.

Инвестициялық жобалардың интерактивті картасы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысына live-режимде мониторинг жасап, бақылауға және жобаларды дамыту барысын нақты түсінуге мүмкіндік береді. Оның мүмкіндігі мен тиімділігі жайында «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков былай дейді: «Біздің ортақ мақсатымыз – Қазақстанның инвестицияға қолайлы мемлекет атануы. Интерактивті картаның көмегімен әр инвестициялық жобаның қалай жүзеге асырылып жатқанын кезең-кезеңімен бақылауға болады. Қажет болған жағдайда түрлі деңгейдегі мемлекеттік органдардың өкілдері картамен танысып, түйткілді тұстар мен оларды шешу жолдарын анықтай алады». Демек, интерактивті карта арқылы алдағы уақытта жан-жақты бақылау күшейтілмек. Сонда ғана инвесторлар тарапынан бастау алған түрлі жобалардың орта жолдан тоқтап, соңы сұйырқұйымшақтанып кететін оқиғалардың қайталанбауына негіз болады деген сөз. Ендеше, іске сәт!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *