Вирусты гепатит (сары ауру) – бауырды зақымдайтын вирустық инфекция. Оны кей жерде «Боткин ауруы» деп атайды. Вирусты гепатиттің бірнеше түрлері бар: А, В, Е, С, Д. Олардың ішінде А вирусты гепатит (ВГА) – дүние жүзінде кең тараған инфекциялардың бірі, бірақ таралуы әр жерде біркелкі емес. Сырқат көбінесе балалар арасында жиі кездеседі, ауырғандар ішінде олардың үлес мөлшері 80% дейін жетеді. ВГА-ға маусымдық тән, сырқаттың деңгейі күз-қыс кезінде жоғарылайды.
Жұқпаның инкубациялық (жасырын) кезеңі 7-50 күнге дейін созылады, орташа ұзақтығы 35 күн. Клиникалық көріністері әрқилы басталуы мүмкін, сырқат көбінесе жедел басталады, температура 38-390С көтеріліп, әлсіздік, енжарлық, ұйқысыздық, бас айналу, тәбетінің төмендеуі, жүрек айну, құсу, кейде эпигастрий аймағында ауырсыну, жайсыздықты сезінеді. Сарғаю пайда болғаннан 2-3 күн бұрын зәрдің қою түске айналуы байқалады. Содан кейін склералар сарғайып, көзге түсетін сарғаю кезеңі басталады. Кезеңнің аяғында немесе басында бауыр мен көкбауырдың ұлғаюы байқалады. Зәрі одан сайын қоңырланып, нәжісі бозғылт түсті болады.
Инфекция көзі болып ВГА аурулары, әсіресе сарғаю пайда болар алдында, табылады. Ауырған адамдардан вирус сыртқы ортаға нәжіспен бөлінеді. Көп жағдайда тұрмыстық қатынас, су, тағамдар арқылы беріледі. Сары ауруды емдеу сырқаттың ауырлығына байланысты жүргізіледі. Аурудың жеңіл түрлерін, егер эпидемиологиялық қауіптілігі болмаса, үйде емдеуге болса, орташа ауыр және ауыр түрлері ауруханада емделуі тиіс.
Жұқпалы аурулар ауруханасында ауруханаішілік инфекцияларға жол бермеу мақсатында вирусты гепатит аурулары түрлеріне қарай бөлек жатқызылады.
А вирусты гепатиттің алдын- алу үшін бірінше кезекте елді-мекендерде, балалар мекемелері және оқу, жұмыс орындарында санитарлық-гигиеналық жағдайды (сапалы ауызсу, тазалық,жеке бас гигиенасын сақтау) жақсартуға бағытталған шаралар жүргізілу керек. Қазіргі таңда инфекцияның алдын-алу бойынша ең тиімді әдіс -вакцинация. Вакцинация тегін, 2 жаста балаларға 6 айлық аралықпен 2 рет бұлшық етке салынады.
М. Бейсенбаев, Тұран ауданының санитариялық-
эпидемиологиялық бақылау
басқарма басшы.