Оқулықтағы тәрбиебұзар өлең балаға не үйретуде?.
Бұрынғылардың әрбір сөзі қорғасын секілді салмақты келетін. Үлкендердің әңгімесін ұйып тыңдайтынбыз. Олар айтқан әңгіме жастарды әдептілікке, тәрбиеге баулитын. Бейәдеп сөздер балалардың көзінше айтылмайтын. Бала тәрбиесі бесіктен бастау алатын. Өйткені, бала жас шыбық секілді иілгіш, қалай исең, солай өседі.
Бала тәрбиесінде, көзқарас көкжиегін қалыптастыруда ата-анадан кейінгі орынды мектеп алатыны талассыз. Оқушы оқулықтан оқығанын санасына тоқиды. Сол үшін оқулықтағы дүниелердің мән-мағыналы болғаны маңызды. Біз қанша жерден кеңестік жүйені сынағанымызбен, ол кездің білім саласының озық болғанын бүгінде дамыған батыстың өзі мойындап отыр. Мектеп оқулығына кім көрінгеннің салдыр-сатпағы енбейтін, жіті електен өтетін. Елге танымал ақын-жазушылардың шығармаларының өзі сұрыпталатын.
Ал қазір қалай болып жатыр? Өмірде өзін көру былай тұрсын, көпшілік бір өлеңін білмейтін ақындардың шимайлары (осылай демеске лажымыз жоқ) мектеп оқулығында жүр. Сонда оқулық елдің аманаты сеніп тапсырылған азаматтардың қолдан келіп тұрғанда қоныштан басып, таныстарының шығармашылығын жарнамалап, көпшілікке таныстыратын құрал болғаны ма? Мемлекетіміздің болашағын, ұрпағымыздың келешегін ойлаған ұлтжанды, патриот азаматтар мұндай қадамға бармаса керек-ті. Оқулық құрастырушылардың олқылыққа жол бермеуін қадағалайтын министрліктегі лауазым иелері қайда қараған десеңізші!..
Біз мұны неге айтып отырмыз? Жанайқайға себеп болған не нәрсе? Редакцияға хабарласқан келестік Жеңіс Қиянтайұлы есімді оқырманымыздың жыларман күйде жеткізген жанайқайы бізді де бей-жай қалдыра алмады. «Мен 3 сыныпқа арналған әдебиеттік оқу кітабындағы 1-бөлімінің 68 бетіндегі өлеңді оқып, не жыларымды, не күлерімді білмей қалдым. Телефонға көп қараудың, ғаламторға жиі үңілудің зиян екенін ұл-қыздарыма үнемі айтып, тыйып отырамын. Ал кеше 3-ші сыныптағы қызым «Әкешім неге бізді алдайсыз, телефонға қарап, «интернетке» кіру зиян дейсіз. Егер шынымен зиян болса кітапқа жазбайды ғой», – дегенде не айтарымды білмей қалдым. Бұл не айтып отыр деп кітапқа көз жүгірткенде «Ғаламтор туралы» Ертай Ашықбаев деген ақынның тәрбиеге кереғар пікірге құралған өлеңі көзіме түсті.
«Ғаламторға кіремін,
О, аралап жүремін!
Мейлі, белім ауырсын,
Солсын, мейлі, реңім.
Мұндай қызық сәттерде
Жан серігім — тақ перне.
Ұстамаймын кітапты,
Керек емес дәптер де.
Сабақты да қоямын,
Тамақты да қоямын.
Сөз-сусынды ішемін,
Сурет-нанға тоямын.
Ғаламторда жүремін,
Қызық өмір сүремін.
Көзім, мейлі, шаршасын,
Мейлі, ауырсын жүрегім.
Тыңдамаймын анамды,
Тыңдамаймын ағамды.
Тәртібімде ісім жоқ,
Түзетпеймін бағамды.
Барлығыңды таң қылып,
Жүре берем қаңғырып,
…Уақытым жоқ, қоштасып
Қоюға да мәңгілік»…
Шыны керек, мына өлеңнің орны — оқулық емес, қоқыс жәшігі. Қандай мақсатта оқулыққа енгені түсініксіз. Біз үйде баламызға тамақ ішкізе алмай жүрсек, оқулықта жемеуге үндеп тұр. Біз сабақ оқы десек, оқулықта «кітап ұстамаймын, дәптер керек емес» дейді. Қазіргі жастар әдепсіз болып барады, үлкенді тыңдамайды дейміз, «анамды да, ағамды да тыңдамаймын, тәртібіммен ісім жоқ», – деп оқулық арқылы үйретіп жүрген өзіміз екен ғой. Мұны оқыған бала қалай әдепті болып шығады, сонда біз кімді тәрбиелеп жүрміз? Бұл ұлтқа деген дұшпандық емес пе?», – дейді оқырманымыз.
Ж.Қиянтайұлының сөзінен кейін біз кітапты құрастырушылардың кім екендігіне үңілдік. Б.Т.Қабатай, Ү.К.Зейнетоллина, В.А.Қалиева дегендердің есім-сойымдары жазылыпты. Өзгелер үшін жауап бере алмаймын, бірақ мен үшін бұл есім белгісіз. Одан төменде «Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі ұсынғаны», «А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының сарапшыларымен келісілгені» жазылыпты. Жетіскен екенбіз. «Сенген серкем сен болсаң, күйсегеніңді ұрайын». Бастауыш сыныптың оқушыларына ұсынып отырған жоғарыдағы өлеңнің мәтінін мақұлдаған министрлік пен институттың сарапшыларына басқа айтар сөз таппадық.
Ұлтқа деген дұшпандық… Бәлкім, жоғарыдағылардың көздерін шел басып, көрмей қалған болар, ал ұлағатты ұстаздар мұны қалай байқамай балаларға оқытып жүр? Әлде олар үшін мұғалім мәртебесі мен жалақысы көтерілсе болды, бала тәрбиесінде шаруасы жоқ па? Жаның ашиды ма, жанайқайыңды жеткіз, оқулықтағы өлеңді алдыртып тастауға барыңды сал. Ұстаз немқұрайдылығы – ең үлкен қауіп, шарасыздығы – қасірет. Мұндай өлеңдер арқылы баланы сауатсыздыққа, қатыгездікке тәрбиелеп жүрген жоқпыз ба?
Өкінішке орай, мұндай сорақылықтың себебін министрліктен сұрай алмай отырмыз. Өйткені, мұны мақұлдап отырған өздері емес пе? Өздерінің ісін сынап, қалай қарсы шығады? Дегенмен, бұл өлең қалайша кітапқа еніп кеткеніне ел алдында бүгін жауап беруі, олқылықтың орнын жылдам толтыруы тиіс. Әйтпесе ертеңгі ұрпақ алдындағы жауапкершілігі зіл-батпан болмақ. Сталин заманында мұндай олқы қателікке жол бергендер оққа байланып, өзгелеріне де ұмытылмастай сабақ болатын еді. Ал тәуелсіз, жаңа Қазақстанда тәрбиебұзар өлең жазғандар мемлекеттен қанша қаламақы алды екен?
Ұлықбек ҮМБЕТ.