Тосын сұрақ
Қазақтың ұғымында «Кіндік шеше» деген жаңа босанған әйелге жәрдемші ғана емес, дүниеге келген сәбидің кіндігін кесетін жан. Мұндай жауапты істі босанатын әйелдің енесі, анасы әдетте алдын ала бір адамға айтып, дайындап қоятыны бар. Ол ауыл-аймаққа сыйлы, балалы-шағалы әйел болғаны жөн. «Кіндік шеше баланың екінші анасы саналады» деген ұғым қалыптасқан. «Баланың мінез-құлқы, жүріс-тұрысы, ақылы, адамгершілігі кіндік шешеге тартады» деп сенген.
Сіз бұған сенесіз бе?
Аршагүл АРЫСБАЕВА, еңбек ардагері, ардақты ана:
— Менің анам 9 құрсақ көтерген жан еді. Балаларының бірінің кіндігін абысыны кессе, енді бірінің кіндігін қайынсіңлі, қайынбикесі кесіпті. Ол уақытта солай еді ғой. Менің кіндігімді әкемнің әпкесі кескен екен. Кей мінезіме қарап анам “әпкесіне тартқан” деп отыратын. Себебі жарық дүниеге келген сәбиді ең алғаш қолға алатын адам – кіндік шеше. “Балаға ең алдымен қолы тиген адам болғандықтан оның бойындағы барлық жағымды энергетика, қасиет, мінез балаға беріледі” дегенді жиі естимін. “Кіндік шеше екінші анаңдай жан” дегенді бала жастан анамыз құлаққа сіңісті еткен соң ба, бойжеткен соң кіндігімді кескен әпкеме перзенттік парызымның өтеуі болсыншы деп көйлек кигізіп, құрмет көрсеткім келетін. Өкінішке қарай, өзім өз болып, табыс тауып, оған көйлек әперемін дегенше әпкем бақилық болып кетті. Білуімше, баяғыда кіндік шешеге тіпті бір қара мал атап та құрмет көрсететін болған екен.
Қазір баланың кіндігін перзентханадағы акушер маман, дәрігер кесіп жатады. Біздің кезімізде қасымызға жанашыр жанды кіргізбейтін. Партнер деген болмайтын. Менің бір қызымның мінезі тіктеу. Соның кіндігін “роддомда” жүріс-тұрысы тақылдап қалған орыс акушер кескен еді. Тік мінезіне қарап “кіндік шешесіне ұқсап кеткен” деп күлетінім бар.
Айтайын дегенім, қазір перзентханаға барғанда босанатын әйелдің қасына міндетті түрде жанашыр бір адам кіреді. Келінім босанғанда да не қызымды, не екінші келінімді жіберіп отырдым. Сондай кезде дәрігерлер баланың кіндігін сол жанашыр адамның кесуіне рұқсат берсе. Немерелеріміздің адал азамат, иманды, көркем мінезді болғанын қалаймыз ғой. Бәріне топырақ шашудан аулақпын, дегенмен, “кіндігін қандай адам кесті екен” деген күмәнді ой тұрады көкейде. Ол адамның балалы шағалы, жаман жүрісі жоқ, таза, инабатты, абыройлы болғанын қалайсың. Сол себепті баланың кіндігін кесуге босанатын әйелмен еріп барған жанашырына рұқсат бергені жөн деп санаймын.
Қапиза БАЙЫМБЕТОВА, Ж.Шанин атындағы академиялық театр әртісі:
-Кіндік шеше дегенді естіп өскенімізбен, біздің заманымызда “пәленше кіндік шеше болсын” деп перзентханаға арнайы ешкімді алдырмайтын. Оның үстіне ол кезде сырттан “роддомға” ешкімді кіргізбейтін уақыт қой. Жарық дүние есігін ашқан сәбиді қай дәрігер қабылдап алса, кіндігін де сол кесуші еді ғой. Акушерка мамандар баланы орап беретін. Үйде босанып қалған жағдайда да сол шақта әйелдің қасында кім болса сол жәрдем беріп, баланың кіндігін сол кескен.
Менің ойымша, әкенің күші, ананың сүтімен өмірге келген балаға үш қайнаса да сорпасы қосылмайтын сырт адам кіндігін кескені үшін ұқсап кетуі мүмкін емес сияқты. Тіпті ол адаммен босанған әйелдің де туылған сәбидің де болашақта кездесу, кездеспеуі неғайбыл ғой. Әрине, бәрін бір Алла біледі. Десе де, баланың кіндігін кескен акушерканы жақсы танымайды, баласыны мінезі оған ұқсаған ұқсамағанын қайдан біледі? Мысалы, бір акушер күніне 20 баланың кіндігін кеседі делік, сол 20 бала да соған ұқсап кетпеитін шығар?! Адамның бойындағы қасиет қан мен тектілікте деп ойлаймын. Баланың болашақтағы мінез құлқы да соған қарай қалыптасады. Менің ойым осындай.
Айгүл КЕРІМБАЕВА, ұлағатты ұстаз. Шымкент қаласындағы №65 мектеп-гимназия директорының орынбасары:
-Бала күнімізде алақандай ауыл болған соң ба, аналарымыз қай баланың кіндік шешесі кім екенін білетін. “Ол баланың кіндігін пәленше кескен, жерден түгенше көтеріп алған” деп айтып отыратын. Кіндік кесу кез келген адамға бұйыра бермейтін бақ. Бұл міндетті елге сыйлы, үлкен-кішінің ықыласына бөленген, Алла етегіне де, жетегіне де берген жанға тапсырған. Өз басым “бала кіндік шешесіне тартады” деген ырымға сенемін.
Менің кіндігімді анамның сіңлісі аудандық аурухананың акушеркасы Қанткүл әпкем кескен екен. Туған-туыстар мінезімнен де, жүріс-тұрысымнан да сол кісімен көп ұқсастық табады. Менің әкем 70-жылдары қызмет бабымен отбасын ауданның әр совхозына көшіріп отырған. Алыс ауылда тұратын әйелдер перзенттерін кейде үйде босанып қалатын кезі. Қоңсы отырған әйелдердің ішінен жанына жақын, өнегелі, өсіп-өнген адамдарға толғағы басталғанда хабар жіберіп, көмек сұраған. Сол әйел перзенттің аман-есен өмірге келуін көмектесіп, дүние есігін ашқан сәбидің кіндігін кесіп, жөргекке орап, анасының қолына ұстатады. Менің анам сол кезде бір ауылда тұрып, сыйлас болған талай ананың баласына кіндік шеше болғаны бар. Әлі күнге дейін «Пәленшенің үлкен баласының кіндігін мен кескенмін», «Түгеншенің кіші қызының кіндігін кескенмін, ол менің де қызым»деп айтып отырады.Тіпті кейбірі анамды әдейі іздеп келіп, “мен сіздің балаңызбын ғой” деп, батасын алып кететін. Әрі көрші тұрған, әрі туыс болып келетін бір апамыздың үлкен ұлын ауылдың бәрі «осы баланың мінезі сол үйдің балаларынан басқа, өте жайдары, ақкөңіл саған тартқан деп» анама жиі айтып отырады.
Ал, қазір осы кіндік шешенің құрметті, өте жауапты міндетін кім атқарып жүргені көп адамға беймәлім. Әйелдер перзентханада босанады, баланың кіндігін сол жердегі акушер-гинекологтар, балалар дәрігері не болмаса медбикелер кеседі. Мен үш перзентімнің де кіндік шешесін білемін, танимын.
Алланың қалауымен жақында немерелі болдық, келінім босанған кезде қасында серіктес болған қайныағамның үлкен келіні «немереңіздің кіндігін перзентхананың неонатолог дәрігеріне кестірдім. Ресейде білім алған өте білікті маман, мәдениетті жан екен. Сол кісі сияқты, үлкен әжесі (енем Гүлжан Омарқызы – Созақ өлкесіне танымал, балалар дәрігерлерінің бірі еді, жаны жаннатта болсын) дәрігер болсын деп ниет еттім» дегенде шын қуандым. Әрі ізімізді алып келе жатқан келіннің көргенділігіне риза болдым. Бар нәрседен жақсылық іздейтін халықпыз ғой, босануға барған әр әйелдің қасында осындай жанашыры болса екен деймін. Бәлкім сонда ұрпағымыз ұлағатты, өнегелі болып, баяғы ата баба дәстүріне берік, дінінен, ділінен ажырамай жалғасын таба берерері анық.
Қазір мені “бүгінгі жас аналар баланың кіндігінде қасиет барын біле ме екен?» деген ой мазалайды. Перзентханадан келген соң баланың кіндігі екі-үш күнде түседі ғой. Ұлдың кіндігі бабаларымыз ат шаптырым жерге немесе табалдыраққа көміп жататын. Ондағысы ел көріп, жер таныған азамат болсын, немесе қара қаңыраққа ие болар жігіт болсын дегені. Қыздың кіндігін ошақ басына көмген. От пен қазанға ие болсын, үйнің берекесін арттырар әйел болсын деп ырымдағаны деп естимін. Астарында осындай үлкен сыр бар ұлағатты тәрибені ұрпағымызға жиі айтып отырған дұрыс деп санаймын.
Сауалнаманы жүргізген Жәмила ЖАЙЛАУБЕКҚЫЗЫ