Шымкент

Шымкентте кенеге қарсы дәрі себілуде

Шымкент қаласы әкімінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек бұқаралық ақпарат құралдарына арналған кезекті брифингін өткізді. Брифинг қаланың ауыл шаруашылығы және ветеринария салаларындағы өзекті мәселелерге арналды.

Мал қалай өсіп жатыр?

Қала әкімі орынбасарының сөзінен белгілі болғанындай, бүгінде Шымкентте аумағы 208 гектардан асатын жерде еліміздегі ең ірі жылыжай құрылысының бірінші кезеңі  жүріп жатыр. Инвестор – Түркия компаниясы. Жылыжай құрылысы аяқталып, толықтай жұмысқа кіріскен соң ол жылына 155 мың тонна өнім беретін болады. Сондай-ақ 50 адамды жұмыспен қамтитын қоймалар салынады.

Шымкентте  23 гектар жерге түрлі дақылдар егіледі. Дала жұмыстарын жүргізуге тиісті техникалар жанар-жағармаймен толық қамтылған.

19 түрлі әлеуметтік маңызды азық-түліктердің бағасы бақылауда тұр. Бағаны қадағалау бойынша комиссия жиындар өткізіп, мониторинг жасап тұрады. Мониторинг нәтижелері бойынша жұмыстар жүргізіліп, бірқатар делдалдар нарықтан шеттетілген. Заң бұзған, азық-түлікті қымбаттатуға жол берген  ондаған кәсіпкерлерге тиісті айыппұлдар салынған.

Бүгінде қалада 70 жерде жұртқа қызмет көрсететін әлеуметтік нүктелер бар, жыл соңына дейін тағы да 60-ы халық тығыз қоныстанған аумақтарға орналастырылатын болады.

Шымкентте 87,3 мың бас ірі қара, 103,9 мың уақ мал, 19,4 мың  жылқы, 1 миллион 126 мың құс тіркелген. Қаңтар-ақпан айларында 1,6 мың тонна ет, 8,6 мың тонна сүт, 31 миллион данадан аса жұмыртқа өндірілген. Жалпы, өндірілген және алдағы уақытқа өндіруге жоспарланған азық-түлік мөлшері халықты толығымен қамтамасыз етуге жетеді.

Мал басын вакцинациялау, ауруларды анықтау, олардың алдын-алу бойынша жұмыстар жүріп жатыр. 1 миллион 211 мың 700 дана вакцина егіледі, 20 мың 250  диагностикалық жұмыстар жүргізіледі. Жұмыстарға 88 ветеринар жіберілген, олар тегін қызмет көрсетеді.

Қалада 8 сібір жарасы көмінділері, 9 мал қорымдары тіркелген, барлығы да санитарлық нормаларға сай келеді.

Шымкентте кенеге қарсы зарарсыздандыру жұмыстары биыл ерте басталып отыр. 152 мың мал тоғытудан өткізіледі. 2,3 миллион шаршы метр қора-жайларға, оған қоса осынша аумақтағы саябақтар мен гүлзарларға зарарсыздандыру жұмыстары жүргізіледі.

Масаға қарсы жұмыстарға 30 маман мен  20 арнайы техника жұмылдырылған. Бұрын мұндай жұмыс жылына 6 мәрте жүргізіліп келген болса, енді ол  10 мәрте жүргізілетін болып бекітілген.

Өзен жағалауларында, су қоймаларында, қоқыс контейнерлерінде кеміргіштерге қарсы дератизация жұмыстары жүргізілетін болады.

Қала әкімінің орынбасары қаламыздағы бірқатар құрылыс нысандары төңірегінде орын алып отырған даулар мен әлеуметтік желілерде таралып жатқан сөздерге қатысты да кеңінен тоқталып, қала әкімдігінің бұған қатысты атқарып жатқан жұмыстары мен негізгі ұстанымдары жөнінде де егжей-тегжейлі айтып өтті.
Д. ОРАЗ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *