Мәселе

Шымкентте 40 мыңға жуық қаңғыбас ит бар

Таяуда стерилизация жасалған 116 иттің екеуі піштіргеннен кейін өліп қалыпты. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек бұқаралық ақпарат құралдарына арналған кезекті брифинг барысында мәлімдеді. Оған түрткі болған «Оңтүстік» телеарнасының өкілі Кенжехан Дүйсенбінің сұрағы. Әріптесіміз қаладағы иесіз иттер мен мысықтардың мәселесін көтерді.

С.Құранбектің айтуынша, Шымкент қаласы тұрғындарының иелігінде 100 мыңға жуық ит есептелген. Одан бөлек, 40 мыңға жуық иесіз иттер бар. Биылғы жылдың өткен үш айында тұрғындардан осы мәселеге қатысты 2000-ға жуық арыз-шағым түскен.  Соның нәтижесінде  11 мың ит пен мысық ауланып, оның 10 мыңнан астамы жансыздандырылған. Себебі – олардың ағзаларында жазылмайтын түрлі аурулары бар. Бұл аурулардың адамға жұғу қаупі зор. Яғни ауланған ит пен мысықтар зертханада тексерілген кезде бойынан осындай аурулар анықталса, олар жойылуға жатады.

Сондай-ақ ауланған иттерге стерилизация жасау, яғни піштіру жұмыстары да жүргізіледі. Бір итті стерилизциялауға 15 мың теңге шығын жұмсалады екен. Бірақ бізде оны жасайтын маман жетіспейді. Көрсететін қызмет ақылары 40 мың теңгеден асады.

Таяуда 116 итке стерилизация жасалған. Жұмысты осындай іс атқаруды міндетіне алып, шетелден қаржыландырылатын компания жүргізген. Осы 116 иттің екеуі піштіргеннен кейін өліп қалыпты. Жануарларды қорғаушылар оларды улап өлтірді деп әлеуметтік желіде жариялаған. Әкімдік өлген иттерді мұздатқышта сақтатып, бір күннен соң зертханада іш құрылысын ашып тексерткен. Сонда олардың уланып емес, табиғи жағдайда өлгені анықталған.

Қысқасы, қаңғыбас ит-мысықтарды аулау, жою немесе арнайы питомниктерге өткізу саласында да жұртты елеңдетерлік жағдайлар жетерлік екен.

Д. ОРАЗ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *