Шымкентте ғасырлар қойнауынан жеткен киіз басу өнері дәріптеліп, ұлттық қолөнердің озық үлгілері көпшілік назарына ұсынылды. «ТЕКЕМЕТ FEST» этно-танымдық фестивалі дәстүрлі өнерді насихаттап қана қоймай, ұрпақтар сабақтастығын жалғаған тағылымды мәдени алаңға айналды.
Қазақтың дәстүрлі қолөнері – халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасқан, ұлттың болмыс-бітімін айшықтайтын рухани мұра. Соның ішінде киіз басу, текемет жасау өнері – табиғи шикізатты ұқыпты пайдаланып, тұрмысқа қажетті бұйымды көркемдікпен ұштастырған ата-баба тәжірибесінің жарқын үлгісі.

Осы құндылықты кеңінен насихаттау мақсатында Шымкент қаласында «ТЕКЕМЕТ FEST» этно-танымдық фестивалі ұйымдастырылды. Шара Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен, Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр» орталығының ұйымдастыруымен өтті.
Дәстүрдің өзегіндегі шеберлік
Фестивальдің басты ерекшелігі – көрерменге тек дайын қолөнер бұйымдарын ұсынумен шектелмей, оның жасалу жолын жан-жақты көрсетуінде. Этнофестиваль аясында ұлттық киіз бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылып, текемет жасаудың дәстүрлі технологиясы көпшілік алдында көрсетілді. Шеберлер жүнді өңдеудің алғашқы кезеңінен бастап дайын текеметті қалыптастыруға дейінгі үдерісті таныстырды. Жүнді илеу, сабау, түту, тарау, иіру, шүйкелеу, бояу, шабақтау, өр салу және текемет басу секілді жұмыстардың әрқайсысы атадан балаға жалғасып келе жатқан мол тәжірибенің негізінде орындалды.
Қолөнер шеберлерінің жұмыс барысы LED экран арқылы көрсетіліп, көрермендерге дәстүрлі технологияны жақыннан бақылауға мүмкіндік берілді. Ал арнайы шеберлік сабақтары ұлттық өнерге қызығушылық танытқан жандарға киіз басудың ерекшеліктерін тәжірибе жүзінде тануға жол ашты.
Түркі жұртына ортақ өнер
Фестивальдің мазмұнын байытқан маңызды бағыттың бірі – бауырлас халықтардың қолөнер дәстүрін тоғыстыруы. Шараға Қазақстанның әр өңірінен келген шеберлермен қатар, Қырғызстан Республикасының қолөнер мамандары қатысты. Олар текемет өнерінің өзіндік ерекшеліктерін таныстырып, дәстүрлі қолөнер саласындағы тәжірибелерімен бөлісті.
Қазақ пен қырғыз халқының тұрмысында киіз бұйымдарының алар орны ерекше. Сондықтан фестиваль екі ел арасындағы мәдени сабақтастықты көрсетуге, ортақ рухани құндылықтарды дәріптеуге мүмкіндік берді.
Бұл ретте «ТЕКЕМЕТ FEST» тек ұлттық қолөнерді танытатын шара емес, түркі халықтарына ортақ мәдени мұраны зерделейтін, тәжірибе алмасатын шығармашылық орта ретінде де ерекшеленді.
Әже өнегесі – ұрпаққа аманат
Ұлттық өнердің ұрпақтан ұрпаққа жетуінде аға буынның орны ерекше. Фестивальге қатысқан «Ғасыр әжелер», «Іскер аналар», «Нұсқа айымдары» топтары мен «Бейісбековтер отбасы» өздерінің шығармашылық жұмыстарын көпшілікке таныстырып, ұлттық қолөнердің түрлі үлгілерін көрсетті.
Қолөнердің әрбір бұйымы – тек эстетикалық дүние емес, халықтың тарихы мен дүниетанымынан сыр шертетін мәдени белгі. Әсіресе, әжелер мен аналардың тәжірибесін жас буынға жеткізу арқылы дәстүрдің үзілмей, жаңғырып отыруына мүмкіндік туады. Осы тұрғыдан алғанда, фестивальдегі аға буын мен жас ұрпақтың бір алаңда тоғысуы шараның тағылымдық мәнін арттыра түсті.
Дәстүр мен жаңашылдық үндестігі

Ұлттық өнердің болашағы оны қазіргі заманмен сабақтастыра білуге де байланысты. Осы бағытта Балалар көркемсурет мектебінің ұстаздары мен шәкірттері киізбен жұмыс істеудің заманауи технологияларын көрсетті.
Жас суретшілер мен өнерпаздардың фестивальге қатысуы дәстүрлі қолөнердің жаңа буын үшін де қызықты әрі шығармашылық мүмкіндікке толы сала екенін аңғартты.
Киізге заманауи көзқараспен қарау, дәстүрлі материалды жаңа тәсілдермен ұштастыру – ұлттық өнердің уақыт талабына сай дамуына ықпал ететін бағыттардың бірі.
Ұлттық мұраны жаңғыртқан бастама
«ТЕКЕМЕТ FEST» көрме мен шеберлік сабақтарынан бөлек, мазмұнды мәдени бағдарламамен жалғасты. Көрермендер этно-фольклорлық шығармаларды тыңдап, ұлттық билерді тамашалап, дәстүрлі әндерден сусындады. Сахналық қойылымдар да фестивальдің этномәдени мазмұнын аша түсті. Осылайша қолөнер мен өнердің өзара сабақтастығы фестивальдің тұтас мәдени кеңістік ретінде қалыптасуына мүмкіндік берді.
Қазақтың дәстүрлі қолөнері – өткеннің естелігі ғана емес, бүгінгі ұрпаққа рухани бағдар беретін құндылық. Оны сақтау, зерделеу және кейінгі буынға жеткізу – ұлттық мәдениетті дамытудың маңызды бағыттарының бірі.
«ТЕКЕМЕТ FEST» осы міндетті жүзеге асыруға бағытталған мәдени бастама ретінде дәстүрлі өнердің қадірін арттырып, қолөнер шеберлерінің тәжірибесін көпшілікке таныстырды. Текемет басқан аналардың қолындағы жүннің әр талшығы, өрнектің әрбір иірімі халқымыздың ғасырлар бойғы тарихынан сыр шертеді. Сондықтан ұлттық өнерді жаңғырту – өткенге тағзым ғана емес, келешекке аманат. «ТЕКЕМЕТ FEST» сол аманатты бүгінгі ұрпақтың санасына сіңіріп, ұлттық қолөнердің үнін жаңа дәуірде қайта жаңғыртқан тағылымды шара болды.
Ақмарал ОРЫНБЕКОВА,
Шымкент қаласы
әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының
ғылыми қызметкері.
