Шымкент қаласындағы «Асар» мөлтекауданында орналасқан №90 мектеп жайлы қалалықтар жақсы білсе керек. Өйткені, бұл білім ұясында оқитын, түлеп ұшқан түлектердің жоғары жетістіктерді бағындырып жүргенін көпшілік есітіп-көріп жүр.
«Асар» мөлтекауданы тұрғындарының 98 пайызы көрші Өзбекстан, Түркіменстан және Қытайдан көшіп келген қандастардан құралған. Ондағы №90 мектеп 2012 жылы ашылған. Кез-келген ұжымдағы тыныс-тіршілік, ондағы қолайлы немесе қолайсыз ахуал бірінші басшыға тікелей байланысты екені түсінікті. Осы тұрғыдан алғанда мектеп директоры Арман Орынбеков сенім үдесінен шығып жүрген азамат. Мен ата-ана ретінде мектеп ұжымының саналы тәрбие, сапалы білім беріп жүргеніне куәмін, қаладағы үздік мектептер қатарында деп айта аламын. Мектеп ашылғалы, яғни 2012-2026 жылдар аралығында қалалық, облыстық, республикалық және халықаралық пән олимпиадалары мен конкурстарда, ғылыми жобалар конференциясында, кіші ғылым академиясында 100-ден астам оқушы жүлделі орындар мен түрлі грамоталардың иегері атанған. 1045 оқушысы мемлекеттік грантты жеңіп алса, 95 түлек — «Алтын белгі», 95 түлек — «Үздік аттестатқа» ие болыпты. Мектеп ҰБТ көрсеткішімен Шымкент қаласында үздік үштік қатарынан көрініп келеді.
Директордың тікелей басшылығымен 100-ден астам оқу-әдістемелік құралдары әзірленді. Дарынды, қабілетті оқушыларды анықтау және қолдау мақсатында ҚР БжҒМ-нің №514 бұйрығы мен «Дарын» РҒПО-ның жоспарына сай мектепішілік жұмыс жоспары жасақталып, соның негізінде жүйелі жұмыстар атқарылуда. Дарынды оқушылардың тізімі толықтырылып, әр пән мұғалімі ғылыми жоба, олимпиада, түрлі деңгейдегі байқаулар мен сайыстарға қатыстыратын оқушыларды анықтап, тізімін жасайды және өзінің перспективалық жоспарын ұсынады. Бекітілген кесте бойынша жыл бойы оқушылардың дайындықтары жүйелі түрде қадағаланады. Жетістікке жеткен оқушылар және оның жетекшілерінің директордың жекелей сыйақысымен марапатталуы дәстүрге айналған.
Мектеп жайындағы ата-аналардың да пікірі оң. Ардагерлер арасында өткен шахмат жарысында мектеп оқушыларының ҰБТ-дағы орта көсеткіші 106 балл болғанын естігенде шахматтан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сатым Өтелов: «Менің қаладағы дарын мектебінде үздік оқитын немеремнің ҰБТ-дағы көрсеткіші 106 балл болды. Ал бұл мектепте оқушылардың орта балы 106-ға жетсе, бұл не деген жоғары көрсеткіш?» – деп таңқалған еді. Ал, ата-аналар комитетінің төрайымы Жәмила Кеңесова өз ойын былай деп жеткізеді: «Мен мектеп директоры Арман Орынбековты отбасымызбен «Асар» шағынауданына 2012 жылы көшіп келгеннен бері танимын. Осы жылдарда Арман Шымбайұлымен арадағы байланыс тек «мектеп директоры мен ата-ана» шеңберімен шектелмей, мектеп өміріндегі білім, тәрбие барысындағы екі жақты қарқынды бірлескен жұмысқа айналды. Осындай ұзақ жылғы өзара, бірлескен жұмыс нәтижесінде байқағаным, Арман Шымбайұлы өз ісін жан жүрегімен шынайы сүйетін адам. Бұл қасиет оның сөзінен емес, директор ретінде де, педагог, тұтастай мектеп жүйесіне жауапты басшы ретінде де ілкімді ісінен көрінеді. Оның басшы ретіндегі маңызды артықшылықтарының бірі – кадрлық көрегендігі. Мектепте мықты педагогикалық ұжымның қалыптасуы кездейсоқтық емес, бұл – мұғалімдерді іріктеудегі ойластырылған, талапшыл әрі болашаққа көз тіккен басқарушылық ұстанымның нәтижесі. Мен үшін ол – адами қарым-қатынасты, кәсібилікті және стратегиялық ойлауды үйлестіре білетін басшының үлгісі. Ол қай бағытты ұстанғанын нақты білетін және өзімен бірге тұтастай ұжымды да тура жолмен жетелей білетін басшы».
Менің де А.Орынбековты танып-білгеніме 10 жылдан асты. Өте қарапайым азамат. Қашан көрсең де ағалап жүруден жаңылмайды. 2012 жылы болу керек, ардагерлер арасында шахматтан жарыс өткізетін ғимарат керек болғанда Арманға өтініш жасап едім, қолдай кетті. Өзі де жарыстың басы-қасында болып, ардагерлермен әңгімелесіп, олардың көңілдерін көтеріп қойды. Содан бері бұл мектепте қаншама рет шахматтан жарыс өткізілді. Бұл оқушыларға да жақсы мотивация әрі үлгі болуда.
Мектептің жетістіктері жетерлік. Дегенмен, мен мына бір жайтты айрықша айтып өткім келеді. Оқушылар жаратылыстану пәндері бойынша алған білімдерін тәжірибелік тұрғыда мектеп жанынан «ZERO MAX» зауытының директоры Нұржан Қалыбековтың демеушілігімен құрылған жылыжайда жүзеге асыра алады. Мектепте жанды табиғат бұрышы жасақталып, онда кептер, қоян, тауыс, мысыр тауығы және қырғауыл мен бөдене өсіріледі. Мектеп ауласын көгалдандыру үшін демеушілермен бірлесе қыруар жұмыстар жүргізді. Үш мыңнан астам жеміс, декоративті ағаштар, үш мыңға жуық раушан гүлі, 300-ден астам қызғалдақ және әртүрлі гүл отырғызылды. Бұл оқушылардың жан-жақты болып жетілуіне сеп болатын, дербес өмірге дайындайтын керемет тәжірибе емес пе?!
Осының бәрі білікті басшы Арман Орынбековтың іскерлігінің, жоғары ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында жеткен жетістік, бағындырған белес деп айтуға болады. Сол себепті мектептің ата-аналары атынан Арман Шымбайұлы мен оның ұйымшыл ұжымына алдағы уақытта да толағай табыстар мен мол жетістіктерге қол жеткізе беруіне тілектеспіз.
Бөріхан Тәмен,
Ордабасы ауданының Құрметті азаматы.
