Оқу ағарту министрі жуырда Талдықорғанда болғанда 7 жылдан артық отырған мектеп директорларын тексеру керектігін айтты. Бұл дұрыс емес. Біздегі шаш ал десе бас алатын жүйе бойынша енді директорлардың соңынан шам алып түсу басталады. Бүйте берсе бір күндері мектепке директор болып баратын адам таппай қалуымыз мүмкін. Бұл білім сапасына кері әсерін тигізеді.
Бұл мәселеге қатысты менің айтпағым мынау: мектеп директорларын 7 жылдан кейін жаңартып отыру керек. Бұл жерде ротация туралы сөз болмау керек. Өз мерзімін аяқтаған білім ордасының басшысы сол жерге орынбасар немесе жай мұғалім болып қалсын. Білгенін кейінгілерге үйретсін. Өкінішке қарай, бізде «бұл керемет жұмыс істеуде, бұдан кейінгі келген адам бәрін бүлдіреді», – деген теріс ұғым қалыптасқан. Ондай түсініктің қате екеніне, жаңадан келген басшы бұрынғыдан артық болмаса, кем басқармайтынына күмән болмауы тиіс. Әрине бұрынғы директорда белгілі деңгейде жетістік болуы мүмкін, бірақ ол одан кейінгілердің қолынан ештеңе келмейді дегенді білдірмесе керек.
Тағы бір нұсқа — 7 жылдан кейін мектеп ұжымы және әр сыныптағы ата-аналар комитетінің төрағалары мен төрайымдарының қатысуымен жабық сайлау өтуі қажет. Кімнің басшы болу керектігін ұжым мен оларға ұл-қыздарының болашағын сеніп тапсырып отырған ата-аналардың шешкені дұрыс. Сонда білім сапасы артып қана қоймастан, сыбайластық пен жемқорлыққа да тоқтам болады. Директордың ұжым мен ата-аналар алдында жауапкершілігі артады.
Жанат Әбдіманапқызы.