Өткен шілденің аптап ыстық күндерінде Шымкентте электр қуатымен қамтамасыз етуде біраз шектеулер орын алғаны мәлім. Ол қала тұрғындарының тоңазытқыш, желдеткіш сияқты құрылғыларын жаппай қолдануымен түсіндірілді. Яғни электр желілеріне қалыптан тыс салмақ түскендіктен біраз апаттар болған. Осындай оқыс жайлардың алдын алу үшін бірқатар шағын аудандарда электр жарығы жоспарлы түрде бір-екі сағаттан сөндіріліп тұрды.
Мұндай жайлар, әрине, адамға ой салады. Түрлі сұрақтар туындайды.
Бүгінде Шымкенттің электр қуатына сұранысы қаншалықты? Қаладағы тозған электр желілері мен трансформаторларды жөндеу, жаңарту бойынша қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? Жоспарлы өшірулер алдағы уақытта да болып тұра ма? Тарифтің көтерілуіне не жағдай негіз болады? Мамандар, сала басшылары тарапынан баламалы қуат көздерін пайдалануға қатысты қандай қисынды ұсыныстар бар? Осы секілді сауалдардың бірқатарын таяуда қаланы электр қуатымен қамтамасыз ететін «Оңтүстік Жарық Транзит» серіктестігіне жолдаған едік. Кәсіпорын тарапынан жауап келді. Ендеше оны бірге оқып көрелік.
Электр қуатының құны артты
2025-жылдың 1-тамызынан бастап Шымкент қаласы мен Түркістан облысында электр энергиясына жаңартылған тарифтер күшіне енеді. Бұл шешімді ҚР Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Табиғи монополияларды реттеу Комитетінің департаменті бекіткен. Негізгі мақсат — Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, энергетикалық жүйенің сенімділігін қамтамасыз ету және электр желілерін кең көлемде жаңғырту.
Жаңа тарифтер мынадай:
- Тұрғындар үшін (1-топ): 26,64 тг/кВт·сағ (қосымша құн салығымен);
- Тұрмыстық емес тұтынушылар (2-топ): 44,75 тг/кВт·сағ.;
- Бюджеттік ұйымдар (3-топ): 74,08 тг/кВт·сағ.;
- Жеңілдетілген тариф (АЭА, АӨК, ИА): 38,42 тг/кВт·сағ.
Дифференциалды шкала (тұрғындар үшін):
- Электрлі плитамен – 25,42 теңге.
Электрлі плитасыз:
— 90 кВт·сағ. дейін – 24,24 теңге.
— 90–150 кВт·сағ. – 31,97 теңге.
— 150 кВт·сағ. жоғары – 39,97 теңге.
Қымбаттауға не әсер етті?
Тарифтердің өсуі – бұл мәжбүрлі қадам әрі коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртудың стратегиялық құралы. Егер бүгін жаңартуға қаржы бөлінбесе, ертеңгі салдары анағұрлым ауыр әрі қымбат болады. Энергетика министрлігінің мәліметінше, негізгі себеп — инфрақұрылымның күрделі тозуы. Ел бойынша жылу жүйелері мен су құбыры желілерінің 60 пайыздан астамы ескірген.
Тарифтердің өсуіне бірқатар факторлар әсер етті: көмір, жанармай, электр энергиясы мен құрылыс материалдарының қымбаттауы, сондай-ақ сала мамандарының еңбекақысын қайта қарау қажеттілігі. Сонымен қатар, жылдар бойы тарифтер жасанды түрде ұсталып, индексацияланбады. Бұл өз кезегінде қаржы тапшылығына және инфрақұрылымның тозуына әкеп соқты. Оған қоса, сыртқы факторлар – санкциялар, импорттың қымбаттауы, теңгенің әлсіреуі де әсерін тигізді.
Тозу деңгейі 56,7 пайызға дейін төмендейді
Шымкентте 200 шақырымнан астам электр желісі мен көптеген қосалқы станциялар нормативтік мерзімнен тыс пайдаланылып жатыр. Бұл әсіресе жүктеме артқан кездерде өшіру қаупін тудырады. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін кезең-кезеңімен инвестициялық бағдарлама жүзеге асырылуда.
2024 жылы қалада 107,6 шақырым желі жаңғыртылды, 50 трансформатор ауыстырылды, 110 кВ қосалқы станция салынды. 2025 жылға жоспар бойынша қосымша 90,5 шақырым желі, 33 трансформатор, 4 қосалқы станция және 3 шақырым ВЛ-35 кВ жаңартылады. Жылдың қорытындысы бойынша тозу деңгейін 56,7 пайызға дейін төмендету көзделген. Бұл рұқсат етілген нормаларға жақындауды және энергиямен жабдықтаудың сенімділігін арттыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Ұлттық жоба аясында бірқатар қосымша жұмыстар жоспарланған. Бұл жоба аясында Шымкентте 6 қосалқы станция қайта жаңғыртылады, 112 трансформатор орнатылады, 238,6 шақырым желі жаңартылады. Шымкентте қуаттылығы 125 мвт. болатын «Қызылсу» қосалқы станциясын салу және жаңа желілер тарту жоспарланған.
Ұлттық жоба бойынша алдағы 5 жылда Шымкентке 39 миллиард теңгеден астам инвестиция салу көзделіп отыр. Жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстары тұрақты қаржыландыруды қажет етеді. 1-тамыздан бастап өңірде электр энергиясына жаңартылған тарифтер қолданысқа енгізілуі сол себепті жүзеге асырылған. Бұл өсім «Инвестицияға айырбас тариф» мемлекеттік саясаты аясында іске асуда. Барлық қаражат энергиямен жабдықтау сапасын арттыруға, ескірген жабдықтарды ауыстыруға және заманауи технологияларды енгізуге бағытталады. Сонымен қатар, бұл үдеріс әлеуметтік тұрғыдан да бағдарланған: халық үшін базалық тарифтер қолжетімді деңгейде сақталады.
…Міне, «Оңтүстік Жарық Транзит» серіктестігіне жолдаған сұрақтарымызға біз осындай жауап алдық. Әрине, болашақтағы электр қуатының сапасын арттыру өте маңызды, бірақ, ол үшін электр қуатының құнын ұдайы көтере беру – тығырықтан шығар жол емес. Өйткені, жарықтың қымбаттауы – кез-келген өнімнің қымбаттауына негіз болатынын да ұмытуға болмайды. Бұл халықтың қалтасына түсетін салмақты ауырлататыны айтпаса да түсінікті. Ал Үкімет сонда бар ауыртпалықты қарапайым халықтың мойнына салып қойып, сол халықтың маңдай терімен құралған қазынадан жалақы алып отыра бермек пе?! Бүгінде электр энергиясынсыз жұмыс істейтін құрылғы жоқтың қасы. Сол себепті, түйінді тарқату жолы ретінде тек қана жарықты қымбаттата берместен, баламалы жобаларға көңіл бөлу керек емес пе? Қазір әлемде, әсіресе Қытай мемлекетінде күннен қуат алатын құрылғылар өте көп. Неге бізде осындай тиімді, арзанға түсетін жобаларды арттырмасқа? Ол үшін тиісті мемлекеттік органдарда мамандар жеткілікті емес пе?
Жарықты қымбаттату – ойлануды қажет етпейтін ең оңай жол, бірақ, бар ауыртпалықты тұтынушылардың мойнына жүктейтін, құптамайтын қадам. Қарапайым халық қымбатшылықтан қашан көз ашар екен? Олардың қазіргі қолдан келері – электр қуатын үнемді пайдалану ғана болып тұр. Үнемдеу арқылы қалтаға түсер салмақты азайта аламыз. Ендеше, шығынға батқымыз келмесе үнемшіл болайық, ағайын!
Д. ОРАЗ.
