Әлеумет

         «Сен салар да, мен салар…»

Апта басында Тұран ауданы «Құрсай» шағын ауданына қарасты Аршалы көшесінің тұрғыны Айдар Ермаханұлы «көшедегі құбыр жарылғандықтан су есептегіш құралдары орналасқан құдыққа су толғанын, тиісті орындарға хабарласқанымен ешкім келмей жатқанын, шұғыл жөндемесе етектегі үйлерге зақым келтіруі мүмкін екенін» айтып хабарласты.

Айтқан мекен жайға жылдам жеттік. Есептегіш орналасқан құдық суға толған. Хабар берілгеніне 2-3 сағат болғанымен төтеншеліктер әлі келмепті. «Мына су есептегіштерді ауыстырғанымызға енді 2 жыл болды. Міне, тағы су астында қалды. Бұдан кейін ол жарай ма, жарамай қала ма, белгісіз. Құбырдың шіріп тұрғанын, ауыстырмаса болмайтынын бақылаушыға талай ескерттік. Ол «ұсыныс беріп қойдым» дегеннен басқа ештеңе айтпайды. Жауапкершілік жоқ. Тиісті мекемелердің төлемақы жинаудан басқа жұмысы жоқ па, білмедік. Енді мына далаға кеткен судың ақысын кім төлейді, бізден өндіре ме?» – деген Айдар Ермаханұлы құзырлы орындардың осындайда дәрменсіздік танытатынына нарызылығын білдірді.

Біз тұрғындар берген бір нөмерге телефон соқтық. «Біз мемлекеттік мекемеміз, жәшіктің іші бұзылса, ол Ормановқа қарайды, соларға хабарласыңыз. Мен оларға бағана айтып қойдым, баруы керек еді ғой», – деді тұтқаның арғы жағындағы маман. Тағы біраз күткенімізбен, ешкім қара көрсетпеді. Содан кейін Тұран ауданы әкімінің міндетін атқарушы Дәурен Балғановпен байланысып, бұзылған құбырды кімнің жөндейтінін сұрадық. «Сіз кімсіз? Сол жерде белсенділер бар, айтсаңыздар, солар хабарласады», – деген қысқа қайырған жауабынан оның не айтқысы келгенін түсінбедік. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек әр сәрсенбіде өтетін журналистермен жүздесуінде Шымкент әкімдігінің тұрғындарға ашықтығын әрдайым айтып отырады. Ал Тұран ауданы әкімінің міндетін атқарушы азаматтың тұйықтығын, ойын мәселенің мән-жайын ашып айта алмауының себебі түсініксіз болды.

Түсқайта қайта хабарласқан Айдар Ермаханұлы мамандар келіп, су жіберіп жатқан саңылауды бітегенімен, шіріген құбырға қатысты ешқандай амал жасамағанын айтты. Демек, бұл жағдай көп ұзамай тағы қайталануы мүмкін. Өйткені, шіріген құбырдың қысымға ұзақ төтеп бере алмайтыны түсінікті. «Сен салар да мен салар, атқа жемді кім салар?» демекші, әкімдік «Су ресурстары маркетингіне», олар әкімдікке сілтеп жүргенде қаншама су ысырап болып, тұтынушылар зардап шегуде. Шымкентте мұндай келеңсіздікке тап болған тұтынушылар аз деп айта алмасақ керек.

Ұлықбек ҮМБЕТ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *