Біле жүріңіз

ВИРУС, БАКТЕРИЯ, МИКРОБ, ПАРАЗИТ…

Жазда күн ұзақ, ауа температурасы жоғары. Той-томалақтың маусымы. Жұрттың көшеден тамақтануы да жиілейді. Балғын көкөніс, жеміс-жидек, қауын-дарбыз жеуге мүмкіндік көп. Адамдар жылдам әзірленетін, тез бүлінетін азықты да жиі пайдаланады.

Табиғат аясына шығып демалады, суға шомылады. Осының бәрінде де тиісті сақтық шараларын есте ұстау керегін ұмытпаған абзал. Өйткені, мұндайда ішек инфекциясын жұқтырып алу мүмкіндігі жоғары болады.

Ішек инфекцияларының сальмонеллез, диарея, дизентерия сияқты түр-түрі бар. Күн ыстықта дұрыс сақталмаған, бүлінген тағам, көкөніс, жеміс-жидектер, су арқылы вирус, бактерия, микроб, паразиттер де жұғуы мүмкін.

Сүт өнімдері, дайын тағам сияқты азықты пайдаланарда оның зақымданбағанына көз жеткізіп алуды әдетке айналдыру керек. Етті, кәуапты, жұмыртқаны шала піскен күйінде жемеген жөн. Кей адамның «қуат береді», «дауысты ашады» деп шикі  жұмыртқа жұтатыны бар, бұл да дұрыс емес. Егер ол сальмонелламен бүлінген болса, адамның денсаулығына елеулі қатер төндіреді. Қауын-дарбызды тоя жеуден де абайлау керек, егер құрамында нитраттар көп болса, ішті бүлдіреді, адам уланып қалуы да мүмкін. Көкөніс, жеміс-жидектерді қолданбас бұрын бүлінген тұсы бар-жоғына көз жеткізіп алып, мұқият жуып жеген жөн. Әрине, жеке гигиенаны сақтаңыз, қолды әрдайым сабындап жуып жүрген жақсы.

Ішек инфекциясын жұқтырудың негізгі анық белгісі  —  ол іштің бүлініп, сұйылуы, диарея. Адам дембіл-дембіл әжетханаға жүгіріп әбіржиді. Егер уланып қалған болса, лоқсып, құсады. Іш ауырады, үлкен дәрет сұйылып, түсі өзгеріп, қан араласуы да мүмкін. Дене қызуы көтеріледі.

Осындайда көпшілік жұрт бірден өз бетінше емделуге кіріседі. Дәрінің бәрі қазір қолжетімді. Түрлі сорбенттер, «Смекта», белсенді көмір түйірін, антибиотиктер ішіп жатады. Бірақ бұлай емделу көп жағдайда дұрыс болмайды, ең дұрысы — дәрігерге көріну. Дәрігер тексеріп көріп, сынама алып, ауру қоздырғышын анықтауы тиіс, оның ағзаға қалай түсіп, қаншалықты көлемде әсер етіп жатқанын білуі керек. Соған қарай ем-дом тағайындайды.

Ішек инфекциялары әсіресе иммунитеті төмен, созылмалы дерттерден зардап шегетін, әлсіреп жүрген адамдар мен сәбилерге ауыр тиеді. Олар құсып, іші өтіп, көп сұйықтық жоғалтады. Сонымен бірге ағзада аса қажетті минералдар да азайып, су мен қышқыл-сілті теңгерімі бұзылады. Сондықтан науқасқа мүмкіндігінше сұйықтық ішкізе беру керек. Қайнаған су ішкізген жөн. Суды бірден қылғытып салмай, бөліп-бөліп жұтқан дұрыс болады.

«Өзі қояды» деп екі-үш күн бойы күтіп жүре берген дұрыс емес. Ауру асқынып кетуі мүмкін. Ондайда науқас қатты әлсірейді, тіпті денесі құрысып-тырысып, есінен тануы да мүмкін.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *