Әлеумет

  «Шардараның жайы маған әуелден таныс»

  

Елімізде мемлекет басшысының тапсырмасына сай аудан әкімдерін халық сайлай бастады. Алғашқы сайланған әкімдердің бірі – Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев. Халықтың қолдауына ие болып, аудан тізгінін қолға алған бір жыл ішінде сайлауалды бағдарламада көрсетілген жоспарлар қаншалықты іске асырыла бастады? Арман Романұлымен арада болған әңгіме осы сауал төңірегінде өрбіді. 

Мен үшін елге қызмет етуге күш беретін де, жігер беретін де – халықтың сенімі. Аудан тізгінін қолға алғаныма жылға жуықтағанымен, осы ауданның тумасы, тұрғыны ретінде маған Шардараның жалпы жағдайы белгілі еді. Бұл қызметке келгенге дейін бөлім басқардым, мәслихат хатшысы болдым. Жауапкершіліктің артқаны болмаса, бұрыннан атқарып келе жатқан жұмысым.

Әрине, аудан басшысы болғасын бірінші кезекте ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартуға көп көңіл бөліп, күш жұмсау керектігі түсінікті. Әуелі статистиканы сөйлетер болсам, тоғыз айдың қорытындысымен жергілікті бюджетке 3 миллиард 570 миллион теңге түсіп, жоспар 101,6 пайызға орындалды. Шығыстар бойынша жоспардағы 6 миллиард 425 миллион теңгенің 99,9 пайызы игерілді. Жергілікті бюджет түсімдері жыл басында 4 миллиард теңгеге бекітіліп, нақтылау барысында 825,6 миллион теңгеге ұлғайтылып, жоспар 4,8 миллиард теңгені құрады.

Экономиканы өрге сүйреуші өнеркәсіп саласының жайын айтсам, 16,4 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Бұлардың басым бөлігі балық өңдеу, мақта және күріш өсіру, электр энергиясын өндіру саласының көрсеткіштері. Өзіңіз білесіз, бүгінде инвестиция тарту басты талаптардың бірі. Ауданда негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 26,3 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 118 пайызға орындалды. Сонымен бірге жеке кәсіпкерлер есебінен инвестиция тарту бағытында құны 2,1 млрд. теңгені құрайтын, 97 жұмыс орнымен жабдықтаған бес жоба жүзеге асты. Атап айтсақ, олар: «Шебер» тігін шеберханасы, қауын өнімдерін өндіретін «Alul Bereke» ауылшаруашылығы өндірістік кәсіпорны, «Наурызбай» күріш өндіру кәсіпорны, темір бұйымдарын шығаратын «Нұрсила» ЖШС, ет өндіретін «Құралбаев Б» кәсіпорны.

— Шардара бұрыннан ауылшаруашылығы жақсы жолға қойылған аудан екені белгілі. Жұмыс басты бағыттан айныған жоқ па?

— Ауылшаруашылығы саласын әрмен қарай дамытпасақ, кері кету орын алған жоқ. Сөзімнің дәлелі ретінде айтсам, биыл 57 800 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылып, 711 800 тонна өнім жинау межеленді. Оның ішінде бидайдан – 3,7 мың, арпадан – 4,4 мың, күріштен – 20,2 мың, көкөністен – 21,2 мың, бақшадан – 262,4 мың, картоптан – 5,7 мың, жүгеріден – 30,1, маштан – 1,7 мың, күнбағыстан – 1,2 мың, мақтадан – 36,5 мың, мал азығы дақылдарынан – 324,7 мың тонна, қаражатпен есептесек 44,1 миллиард теңгенің ауыл шаруашылық өнімі өндірілді.

Биыл ауданда 1650 гектар жерге су үнемдеу технологиясын ендіру жоспарланып, толығымен орындалды. Оның ішінде 1340 гектар жерге тамшылатып суғару,  310 гектарға жаңбырлатып суғару жобасы іске асырылды. Ауданда 302 дана тік дренажды ұңғымаларды қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Дренаждар тиісті инфрақұрылыммен, қажетті бағаналармен, электр желілері мен трансформатормен қамтылған.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында шаруаларды несиелендіру ісі төрт бағытта жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, өсімдік, мал, құс, балық шаруашылығын дамыту және кооперативтерді техникамен жабдықтау, өз кәсібін ашу бағытында. Бағдарлама биыл Қоссейіт, Ұзыната, Ақшеңгелді, Достық ауылдық округтерінде іске асырылуда. Бүгінгі күнге ол округтерден төрт ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, даму бағыттары айқындалып, несиелендіруге құжаттарын рәсімдеу жұмыстары басталуда.

— Құрылыс саласындағы қарқын қандай деңгейде?

— Жыл басынан бері құрылыс жұмыстарының көлемі 14 миллиард 358 миллион теңгені, нақты көлем индексі 124,6 пайызды құрады. Былтырғы жылдан биылға өтпелі Шардара қаласы мен Ұзын-Ата ауылдық округінің әкімшілік ғимаратының құрылыс жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасы аясында қаладағы №4 шағын аудан мен Исатай көшесінің бойында екі әлеуметтік нысан құрылысы жүргізілуде. 24,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өткен жылғы осы мерзіммен салыстырғанда 103,1 пайызды құрады. Сондай-ақ, халықтың осал тобына жататын 120 отбасыға пәтер сатып алу жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа Республикалық бюджеттен 1,9 миллиард теңге бөлінді. Бүгінгі таңда «Асем-ай» шағын ауданындағы 2 пәтерлі 32 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары толық аяқталып, құжаттары рәсімделу барысында. Сонымен қатар, 4-ші шағын аудандағы 24 және 36 пәтерлі тұрғын үйлердің басым бөлігінің құрылысы толық аяқталып, кілті табыс етілер күн таяу.

— Шардарада ауыз сумен қамту өзектілігін жойған емес, бұл мәселе қалай шешімін табуда?

— Аудандағы 23 елді мекеннің 18-і ауыз сумен қамтылған, яғни жалпы қамту деңгейі — 96 пайыз. Қуандық, Құйған елді мекендеріне кешенді блок модуль қондырғысын орнатуға облыстық бюджеттен 75,0 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ұлттық қор есебінен «Қызылқұм ауылының ауыз су беру торабы құрылысы» жүргізілуде. Құны 348,1 млн. теңгені құраған бұл жоба бойынша тереңдігі 1020 метр ұңғыма бұрғылау қарастырылған. Бүгінгі таңға құрылыс жұмыстары аяқталып, орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосу жұмыстары жүргізілуде. Жоба жүзеге асқан жағдайда аудандағы құбыр суымен қамтылған тұрғындар үлесі 99,3 пайызды құрайтын болады. Ал, Бағыскөл, Бозай, Бимырза елді мекендері халық санының аздығына және ауыл округтерінен шалғай орналасуына байланысты экономикалық жағынан тиімсіз болып танылған.

— Ал табиғи газбен қамту мәселесі қай деңгейде?

— Бүгінгі таңда халықтың газбен қамтылу көрсеткіші 97,6 пайыз. Қазіргі кезде Қ.Тұрысбеков ауылдық округі, Ақберді елді мекенін табиғи отынмен қамтамасыз етуге облыстық бюджеттен 46,0 миллион тенге бөлініп, қыркүйек айында құрылыс жұмыстары басталған-ды. Осы жоба аяқталған жағдайда аудан тұрғындарын газбен қамту көрсеткіші 98 пайызға көтерілетін болады. Шалғайда орналасқан шағын Айдаркөл, Қашар, Жоласар, Баспанды, Қуанқұдық, Құйған, Бимырза елді мекендеріне газ тарту экономикалық тұрғыда тиімсіз болып отыр.

— Шардара қаласын сарқынды су жүйелерімен қамтамасыз ету жұмыстары қалай жүргізілуде?

— Шардара қаласы тұрғындарының 27 пайызы ұзындығы 36 шақырымды құрайтын кәріз жүйелерімен қамтылған. Құны 906,9 миллион теңгені құраған Қызылжар, Майқала, Абай, Ақбала шағын аудандарына кәріз жүйесін тарту жобасы аяқталған. Қазіргі кезде құрылыс барысында зақымдалған автомобиль жолдары мен аяқ жолдарды қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, 2026 жылға дейін Шардара қаласының тұрғындарын толықтай кәріз жүйесімен қамту жоспары түзілген.

— Жолдың жағдайы қалай болып жатыр?

— Аудан аумағында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 719,5 шақырым. Биыл ұзындығы 25,2 шақырымды құрайтын асфальт және тас төсеу жоспарланып, осы мақсатта жергілікті бюджет есебінен 374 миллион теңге қаралды. Сонымен қатар, республикалық «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 390 миллион теңге бөлініп, оған Қоссейіт және Қ.Тұрысбеков ауылдық округтерінің ішкі көшелеріне 14,8 шақырым асфальт төсеу жоспарланды.

— Әлеуметтік саланың әлеуеті қалай?

— Әлеуметтік саланы сөз еткенде ең алдымен халықтың әл-ауқаты ойға оралады. Жыл басынан бері аз қамтылған 377 отбасыға немесе
2445 адамға 130,1 миллион теңге атаулы әлеуметтік көмек және кепілдендірілген әлеуметтік пакет төленді. «Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде биылға 3894 адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатыстыру жоспарланып, қазіргі таңға 2763 адам жұмысқа орналасты. «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» жобасы аясында тоғыз айда 421 адамға жұмыс табылды.

Осы әңгіме арасында Шардара қаласының №4 шағынаудан аумағында саябақ салынып жатқанын айтып өткім келеді. Өйткені, бұл да халықтың әлеуметтік жағдайына оң әсер ететін жаңалық деп есептеймін. Тұрғындарға жайлы орта құру мақсатында жергілікті бюджет есебінен 300 милилион теңге бөлініп, жеңімпаз деп танылған мердігер шардаралықтарға әсем саябақта серуендеу мүмкіндігін жасайды деп үміттенеміз.

— Білектінің емес, білімдінің заманы туғанын қазір әлем мойындайды. Ендеше, білімді ұрпақ тәрбиелеу қамынан ешкім де шет қалмау керек. Сапалы білім, саналы тәрбие беру мақсатындағы атқарып жатқан жұмыстарға да бір шолу жасап өтіңізші.

— Шардара ауданы аумағындағы 32 мектепте 18 882 оқушы білім алады. Мектепке дейінгі 41 ұйымда 4 730 бүлдіршін тәрбиеленуде. Биыл 30 мектептің ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге 78,0 миллион теңге қаржы қаралып, ол мақсатты пайдаланылды. Сонымен қатар, 2023-2025 жылдары аралығында «Жайлы мектеп» жобасы аясында ауданда 2 мектептің құрылысын жүргізу қолға алынғаны жайында жоғарыда айтып өттім. Жобаға сәйкес, 1500 оқушы заман талабына сай мектеппен қамтылады. Көксу ауылындағы Т.Айбергенов атындағы мектептің ғимаратын күрделі жөндеуге облыстық бюджеттен 810,6 миллион теңге қаралды. «Vek-Stroy-Com» ЖШС жеңімпаз атанып, осы жылы 708 миллион теңгенің жұмысының атқарылуы келісілген. Қалған 102,6 миллион теңгені келесі жылы игеру жоспарланған. Оқушылардың алаңсыз білім алуына жағдай жасау жолында аянып қалмаймыз.

— Қол күрес арқылы Шардараның атын айдай әлемге танытуға үлес қосқан азамат ретінде, сізден спорт саласының қазіргі ахуалын сұрағымыз келеді.

— Ауданда 3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, №4 олимпиада резервін дайындайтын мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, 3 спорт клубы жұмыс істейді. Аталған мекемелерде спорттың 27 түрі дамытылып, 6 мыңнан астам балалармен жұмыс атқарылуда. Спортпен шұғылдану мүмкіндігін арттыру мақсатында осы жылы жергілікті бюджеттен Шардара қаласы, Көксу және Ұзын-ата ауылдық округтерінен кіші футбол алаңшалары салынып, ауыл жастарына пайдалануға берілген. Бүгінге дейін әлемдік және азиялық түрлі спорттық додаларға шардаралықтардың 158-і әлем чемпионы атанса, 259 спортшы Азия чемпионы болды. 479 спортшы ел чемпионатында жеңімпаз атанды. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта тағы да жоғарылып, еліміздің абыройын асқақтатар жастар саны артатын болады деген сенімдеміз.

— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасхан Р.ШАЛҚАР.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *