Түркістанда тың бастама, ерекше іс-шара өтті. Ол қазақтың ұлы ойшылы, ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Абай ескерткіші алдында ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін қызықты көшпелі кітап көрмесі өтіп, оған облыс әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысты. Облыс басшысы және облыстық ардегерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, еңбек ардагері Жарқынбек Құлбайымбетов, облыстық полиция департаментінің басшысы Мұрат Қабденов сынды зиялы қауым өкілдерімен бірге өңірдің белсенді жастарына Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» кітабын тегін таратты.
Бұл түркістандықтардың биыл кітап оқу және білімге ұмтылу мәдениетін танымал етудегі негізгі мақсаттарына да сай келді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы әр шаңырақта Абайдың кітабы мен Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романы тұруы керек екенін айтқан болатын. Сол бастаманы Түркістан облысында іске асыру мақсатында қонақтарға, жастарға «Абай жолы» романы топтастырылған төрт томдық кітаптарды тапсыруды жөн көрдік. Бұл кітапты әр оқыған сайын жаңа дүниелермен танысасың, жаңаша ой түйесің. Жастарымыз да кітапты оқып, Абай өмірінің тереңіне үңіледі деп ойлаймын, – деді Нұралхан Көшеров.
Белсенді жастар өңір басшысының рухани мәні бар сыйлығына ризашылықтарын білдіріп, Абай мұрасына адал болатындарын жеткізді. Жалпы, 180 жылдыққа 180 кітап топтамасы шығарылып, жастар мен тұрғындарға үлестірілді. Игілікті істің басынан табылған меценат азамат, БалТекстил компаниясының басшысы Талғат Исхақов Абай Құнанбайұлы бейнеленген, ерекше шеберлікпен тігілген қабырғаға ілетін кілемшені кітапханаға тарту етті.

Іс-шара барысында Абайдың өлеңдері оқылып, әні шырқалды. Зиялы қауым өкілдерінің пікірлері тыңдалып, облыстағы кітапханалар ұйымдастырған кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Түркістанның төрінде «Абай күні» мен «Жастар күні» мерекелері рухани-танымдық іс-шараға негізделген күн болды. Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толу құрметіне орай Түркістан өңірінде жұртшылыққа ой саларлық 10 күн бойы мағыналы іс-шаралар ұйымдастырылып, өтуде. Өңірдегі кітапханалар мен мәдениет мекемелерінде рухани кештер, көрмелер, байқаулар ұйымдастырылуда.
Айта кетейік, Түркістан облысында 1 ауылдық округ, 4 елді мекен, 110 көше, 15 мектеп Абай есімімен аталады. Ұлы ақынның құрметіне өңірде 9 ескерткіш, 11 бюст орнатылған.
