«Биылғы қыс қатты суық болмайды. Шаруаға жайлы болады, қар да анау айты көп жаумайды екен…» Шымкенттіктер «келісіп алғандай», ауа-райына қатысты осындай болжам айтып жүр. Қыстың аты қыс. Қанша айтсақ та, желтоқсан, қаңтар, ақпан айларында сыртқа жазғы көйлекпен шықпасымыз анық.
Үй егесі мен коммуналдық шаруашылыққа жауапты сала мамандары да қысқа дайындық шаруасына қазір жүрдім бардым қарап жүргені рас. Мысалы, қаладағы су және кәріз желісін қысқа дайындау мәселесіне келейікші. Былтыр қыста, дәлірегі, 2023 жылдың қаңтарында, қаладағы көпқабатты және жер үйлердің ауыз су құбырларында, есептегіш орналасқан торабында айтарлықтай проблема туындады. Үйішілік су желілері суықта қатып қалды. Көпқабатты 252 үйдің тұрғындары бірнеше күн, тіпті апта бойы ауыз сусыз отырды. Жеке үйлерде де, коммерциялық нысандарда да осындай проблемалар көптеп байқалды. «Су ресурстары-маркетинг» ЖШС басшылығының айтуынша, кәсіпорынның арнайы бригадалары, міндетіне кірмесе де, күндіз-түні жұмыс істеген. «Қатқан құбырларды жылытып, жарылғанын жамап, қайта жалғады, құбырларды ауыстырды. Осының бірден-бір себебі – немқұрайлылық» дейді сала мамандары.
Осыдан 1 жарым ай бұрын кәсіпорын БАҚ беттерінде хабарландыру-ескертуін жариялапты. Онда былай делінген:
«Құрметті су және кәріз желісін тұтынушылар!
«Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС әкімшілігі Сіздерден қысқы маусымға су құбыры желілерін тыңғылықты дайындауды сұранады. Көпқабатты үй тұрғындары, кіреберістегі есіктер мен терезелерді бүтіндеп, әйнегі болуын, есігінің жарамдылығын қадағалаңыздар. Сонымен бірге, жертөлелердегі су құбыры желілерінің суыққа дайындығын тексеріңіздер. Оқшаулап, жылыту керек болса, осы бастан суыққа төзімді болуы үшін орап қойыңыздар. Жер үйлердің иелері де аулаларындағы су құбыры мен көшедегі, жер бетіне жақын орналасқан құбырларды оқшаулап, крандарын қажетті материалдармен орағаны дұрыс.
Көпқабатты үйлерде ішкі инженерлік желілердің пайдалану жарамдылығына тұрғындардың өзі жауапты. Кондоминиум объектілері болып тіркелген үйлерде қызмет көрсетуші мен тұтынушылар арасындағы, су құбыры желілері бойынша теңгерімдік шекарасы — сол үйдің сыртқы қабырғасы. Қыс маусымына дайындыққа салғырт қарамаңыздыр».
Енді осы ескерту, хабарландырудан бір нәтиже шықты ма? Бұл сұрақты «Су ресурстары-маркетинг» ЖШС бас директорының орынбасары Бекжан Ешімбетовке қойдық.
–Біз қыс маусымына дайындықты жүйелі түрде әр жылы жаздан бастаймыз. Биылғы қысқа да дайындық паспорты дайын. Ол құжат 1-ші қазанға дейін тапсырылған. Қыс маусымына дайындық бойынша, үйлер мен түрлі нысандарға техникалық қызмет көрсетуші мекемелермен келісім-шартқа отырғанбыз. Олардың тапсырған құжатына сәйкес, ЖШС-нің өзінде ішкі комиссия құрдық. Яғни, апта сайын мониторингтік бақылау жасалады. Анықталған кемшіліктер бойынша жұмыс істейміз. Кемшіліктер бар. Мысалы, жеке есептегіш құралдары орнатылған жәшік тораптардың іші жылытылмаған, оқшауланып оралмаған жағдайлар аз емес. Есіктерін қанша жөндеп, ысырма-ілмек қойсақ та, келесі барғанда сынып жатады, ілмектер жұлынып тасталғанын көреміз. Бұл да тәртіп бұзушылық — мүлікке қол сұғу болып табылады. Оны сырттан келген біреу емес, сол маңайдағы тұрғындар істеуі әбден мүмкін. Негізі, темір жәшіктер ашық жатпауы керек. Біздің мекемеге қарасты аудандарда су есептегіш құралдары құдықтарда емес, жәшіктерде орналастырылған, — дейді ол.
Өздігімізден мекемеге қарасты бірнеше үйдегі жағдайды көруді ұйғардық.
Мысалы, біз байқаған көппәтерлі тұрғын үйлерден 8 шағынаудандағы №1 үй, Мангелдин көшесі, №44 үй, Жібек жолы №30;32;34 үйлер, 16 шағынаудандағы № 5;48 , Отырар шағынауданындағы 13, 54-ші үйлер, Уәлиханов көшесіндегі №215А;186;217 Г үйлердің есік-терезелері ашық, салынбаған күйде тұр. Жертөлелеріндегі жағдай тіпті мүшкіл.
Күншығыс (Восток) шағынауданындағы №41; 42; 55; 67; 3; 21; 1А; 91; 27, Исмаилов көшесіндегі 125 үйдің, Октябрь көшесіндегі 27 үйлердің тұрғындары да суықта құбырлардың қатқанын күтіп жүрген сияқты. Елшібек батыр көшесіндегі №114 үй, Қазыбек бидегі — №29 үй, Айбергенов көшесіндегі №1Б үйдің қысқа дайын еместігін тұрғындардың өздеріде жасырмайды. Ешбірінде ішкі жүйе оқшауланып, жылытылмаған. Аяз түссе, осы үйлерде проблема туындайтыны анық. Ол кезде, әдеттегідей, кінәліні іздейміз!?
Қала аумағы кеңейіп, жаңа аудан, шағынаудандардың бой көтеруімен су құбыры, шайынды су желілері де жаңадан тартылады. 2020 жылы дербес мекеме болып құрылған «Су құбыры және канализация басқармасы» Мемлекеттік коммуналды кәсіпорны осы шағынаудандардағы тұрғындар мен мекеме, ұйымдарға тенхникалық қызметін көрсетеді. Желіні жаңалау, қайта құру, апаттарды жөндеуге жауапты. Мекеме директоры Байболов Бағдат Сарыбайұлы. Тағайындалғанына 1 айдан асыпты. Дегенмен, саланы жақсы білетінін, бұл жүйенің өзіне етене таныс екенін айтты. Істің маманы болғаны жақсы. «Біздің мекеме қысқы маусымға дайындықты толық, жан-жақты жүргізіп жатыр. Теңгерімімізде 11555 су торабы болса, қазіргі таңда 35 пайызында оқшаулау, орау, жылыту жасалды. Оған 250 дана арнайы құрылғы да алдық. Ашық, сынған жәшіктерді қалпына келтіріп жатырмыз. Алдағы уақытта жұмыс істеле береді. Жалпы, суыққа желілеріміз дайын. Су қабылдағыш құрылғыларымызды да жылытып жатырмыз. Жылытқыштар орнатып. Электр жүйелерін қалпына келтірдік. Ол бойынша жұмыстар 93-94 пайызға орындалды», — дейді ол.
Айтпақшы, канализациялы насосты стансалар да МКК-ның жіті қадағалауында екен. Бағдат Сарыбайұлы «Санитарлық нормаларға , талаптарға» сәйкес, есептегіш құралдарды темір жәшіктерге орналастыруға болмайтынын да айтты. Себебі, темір жәшікте құралдардың қатып қалу мүмкіндігі көп. Санитарлық нормаларға сәйкес есептегіштер құдықшаларға қойылуы керек екен. Беті жабық тұратын құдықтарға. Тағы бір санды естідік: «Су құбыры және канализация басқармасы» Мемлекеттік коммуналды кәсіпорнына қарасты су құбыры желісінде 18000-нан астам құдықшалар бар. Ал кәріз жүйесі бойынша — 13000 құдықша. «Бұрын жәшіктердің барлығында ВК – су арнасы деген жазу және сол кәсіпорынның тел. нөмірі жазулы тұратын. Қазір сол өзіміздің нөмірлерді жазып, ауыстырып жатырмыз. Инстаграм желісі арқылы өз аумағымыздың тұрғындарына түсіндіріп жатырмыз, мәлімет беріп отырамыз»,- дейді.
Сол құдықшалар мен жәшіктердің біразының қандай күйде екенін көзбен көргіміз келді. Алдымен, «Самал-3» шағынауданындағы Нұртау көшесіне бұрылдық. Су есептегіштер орналасқан құдықтардың 5-уін көрдік. Барлығында су толы. Екеуінде сатысы да сынып кеткен. Сонда бақылаушылар қалай түсіп, мәлімет алады? Айдын Үсенбаева, Бәшір есімді тұрғындар «ылғи осындай боп жатады, ешкімнің жұмысы жоқ. ГКП-сына звондап ала алмай қойдық. 1,2 рет өзіміз ақысын төлеп тазарттық. Қайтып су толып қалды. Келіп тексеріп жатқан ешкім жоқ, ішінде құбыр шіріп жатқан шығар»,- деп налыды. Шұбаркөл, Мәңгілік ел көшесіндегі құдықтардың да сиқы осы. Іші толы су, баспалдағы сынып кеткендері көп. Есептегіштегі мәліметті қалай алады?
«Қайтпас-2» шағынауданындағы Сәдуақасов көшесіне де бардық. Көшедегі 680-671 үйлерінің жанында орналасқан су есептегіштер орналасқан темір тораптардың күйі мүшкіл. Барлығы жерде орналасқан, ол аз дегендей, есіктері жабылмайды. Жаз бойы бір адам оны қызықтап көрмегені, тексермегені көрініп-ақ тұр.
Ал, Қарабура 61 мекенжайындағы тораптың есігі ашық, жерде жатыр. Жәшіктерді оқшаулап, жылытылған күйін көргеніміз жоқ. Сәл ғана суықтан қатып қалатыны бірден байқалады.
Неге тек сол мекенжайлар деген күдік болмасын деп, қала орталығынан шеткерірек аумаққа да бардық. Ынтымақ шағынауданындағы (Тұрлан экспедициясы) Имантау, Таң нұры көшелерінде орналасқан 4 құдықшаның екеуінде қақпағы жоқ. Бәрі суға толы. Баспалдақтары да сынып жатыр.
Нұртас шағынауданындағы Жас талап, Тайбеков, Құлагер көшелерінде де есептегіштер орналасқан жәшіктер қараусыз күйде, жермен жексен боп кеткен. Зорға жабылып, ашылатын есіктерінде ескі нөмірлер жазулы тұр. Кейбірінде, ешқандай мекеме атауы, не нөмірі жазылмаған. Осыдан болар, тұтынушылардың көбі «водоканалға хабарлассаң, ГКП-ға қарайсыз, соларға звондаңыз дейді. Ал ГКП-сы мүлдем берген нөмір бойынша жауап бермейді» деп жатты.
Бұл тізімді тоқтаусыз жалғастыра беруге болады. Қысқы суыққа дайынбыз деген кәсіпорындардың жауаптыларының сөзіне сеніп-ақ шыққанбыз. Ал көзбен көргеніміз жоғарыдағыдай. Жер үйлердің жеке есептегіштері орналасқан құдықшалардың көбінің жәйі мәз емес. Мекемелердің өздерінің тексеруші, бақылаушылары оған түсіп мәлімет ала алмайды. Қарап тұрсаңыз, тұтынушылар да, қызмет көрсетушілер міндетіне кіретін тұстарды әлі реттей түсуі керек. Себебі, жауабы нақты емес сұрақтар бар. Шындығында, әсіресе, көпқабатты үйлерде бірыңғай кондоминиум жүйесі құрылмай, өз үйіндегі тірлікті бір-біріне сілтейтіндер көп. Ал, оқыс жағдай бола қалса, кінәліні, жауаптыны іздейміз. Аудан әкімдіктері де, жауапты кәсіпорын, мекемелер де түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқаны туралы көп сан айтады. Әлде санамыз дайын емес пе?!
Жалпы, қала бойынша су құбырының ұзындығы 5000 шақырымнан асады. 2020 жылы дербес мекеме болып құрылған «Су құбыры және канализация басқармасы» Мемлекеттік коммуналды кәсіпорнының теңгеріміндегі құбыр ұзындығы – 3685 шақырымды құрайды екен. Қалған 1900 шақырымы «Су ресурстары-маркетинг» ЖШС балансында деген сөз. Осы ретте, мына тұсқа назар аудару керек: МКК өз теңгеріміндегі желі арқылы суды тасымалдау бойынша Су арнасымен («Су ресурстары-маркетинг» ЖШС) келісім-шарт түзген. Суды қалалықтарға жеткізуші, шайынды су бойынша қызметті көрсетуші — «СРМ» ЖШС. Су мен кәріз қызметі үшін төлемақыны осы ЖШС-не төлейді. Түптеп келгенде, тұтынушы оған басын ауыртпайтыны анық. Суы өшпей, кәріз желісінде ақау болмай тұрса болды… Бірақ, тұтынудың да тәртібі мен жауапкершілігі барын көбінде естен шығара береміз.
Сая ЖҰМАҒҰЛОВА