Біз және әлем
(Басы https://ozgepikir.kz/?p=5319 )
…Қаладағы иесіз иттер түгелімен піштіріліп, құлақтарына нөмірлеп сырға тағылған, сырғасы бар иттер мұнда қауіпсіз деп есептеледі; қала ішіне асфальт төселмейді, көлік жүретін бүкіл көше тақта тастармен қаланған, бұл күн ыстықта асфальттың буы көтеріліп, битум иісі адамдарға зиянын тигізбеу үшін жасалған экологиялық шара; барлық дүкен, ресторан, мекеме атаулары грузин тілінде, біздегідей ағылшынша, не ата-бабасының атын қойған атауларды кездестіре алмайсыз; шетелден келіп, шағын бизнес жүргізгісі келгендерге тек грузин тілінде құжат жүргізу міндеттелген; ең табысы көп адам біздегідей МАИ қызметкері емес, көше сыпырушы, бағбан сияқты карапайым еңбек адамдары; ер азаматтарына мемлекет тарапынан өз үйінде қару-жарақ ұстауға рұқсат берілген; бейіт-мазарлар шеткері емес, қала көшелерінде, үй іргесінде орналаса береді екен.
Байқаймыз, мұнда туристер күн құрғатпай, ағын судай ағылып жатыр. Туристерді магниттей тартып жатқан не сонда? Әрине, алдымен тұп-тұнық таза ауасы, сосын адамдарының қонақжайлығы, ұрлық пен бұзақылықтың болмауы, ең бастысы, өзіңді өзге елде емес, өз еліңде жүргендей еркін сезінуің. Олар минералға бай бұлақтарымен мақтана алады. Суы нәрлі әрі емді. Мұнда 3 мыңға жуық минералды бұлақтар бар екен. Тамақтандыру сервисін тіпті тілмен айтып жеткізу қиын. Клиентті Құдайындай сыйлайды. Даяшы тек егде тартқан ер азаматтар. Сыртта, кіре берісте тұрған ас мәзірімен танысып, «сәл қымбаттау екен, басқа жерді де байқап көрсек бола ма?» десең, бір жұтым тегін сусын ішкізіп, жылы жымиып шығарып салады.
Грузия халқы қазақ халқы сияқты «шақырмаған жерге барма, шақырылған жерден қалма» деген ұстанымда. Бармай қалса үй иесінің көңіліне дақ түседі деп есептейді. Үйлену тойында бүкіл қонақтар қалыңдыққа алтын сыйлауға міндетті. Ал, жаназаға келген әрбір жан өзімен бірге шарап, ет, азық-түлік әкелуі тиіс. Грузиндер ұлттық тағамдарын біздегі ет жегендей қолмен жейді. Хинкалиді шанышқымен, не пышақпен жеп отырған туристерді көргенде, олар күле қарайды.
Біздегідей ұйқысы қанбаған, не қабағын шытып зіркілдеген даяшыларды кездестіру қиын. (Бұл «мына кафеге бармаймын, даяшы мені жақтырмады» деп, басқа жақты меңзеген шетел туристерін Түркістанда жетелеп, талай басқа мекенге апарғанымды есіме түсірді). Көшеде зәре-құтыңды қашырып, қиқулап жүрген жол сақшылары мүлдем кездеспейді. Себебі, көше тар, арнайы автотұрақ қарастырылмаған соң, кез келген жерге, жол жиегіне көлігіңді уақытша тастап, дүкендегі, дәріханадағы шаруаңды бітіріп келе бересің. Бюджетті толтыру үшін жұмыртқадан жүн қырқып, жол жиегіне тоқтаған көлікке ала таяғын ала ұмтылатын біздегі сөз ұқпас жол инспекторларына мұндай демократияны ұқтыру қиын-ау деп ойладық. Әйтпесе, бір сүйем жерді пайда көретін ашкөз тұрғындар көше бойлатып қорған соғып тастағандықтан автотұрақ түйінін шешу қиын. Сөйте тұра «әлемге есігімізді айқара ашып, туристер мекені болғымыз» келетіні күлкілі. Онсыз да бос тұрған жол жиегін неге қызғанамыз, түсініксіз. Дәл біздегідей қай көшенің бойында да «көлігіңді аялдатсаң артып алып кетеміз» деген белгі атымен жоқ. Мәселе, жол тәртібінде не адамға қарапайым жағдай жасауда емес, адамның жарты айлығын құрайтын қымбат айыппұлмен қалта толтырып отырған бюджет қомағайлығында сияқты. Дегенмен, мұнда жаяу жүргіншілер жол жүру ережесін мүлдем сақтамайды екен. Бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кете береді.
Грузия ерекше үлгідегі сәулет ескерткіштеріне өте бай. Оларда да батыр бар, оларда да еңбек ардагері бар. Бірақ дәл біздегідей атқа қонып, қылыш сермеп отырған, не болмаса кеудесіне салпыншақ таққан бюст-көкелер некен-саяқ. Мұнда «әр ескерткіш бір мағына беруі тиіс» деген ұғым алдыңғы кезекте тұратын сияқты. Мәселен, біз төл әліпбиімізді анықтай алмай, тұрақтай алмай жүргенімізде, грузиндер ерекше графикадағы әліпбилеріне биік ескерткіш орнатып қойыпты.
Ия, Грузия бізге таныс әрі бейтаныс. Туристерді көптеп тарту үшін барлық мүмкіндіктерді қарастырып жатқаны ұнады. Себебі, олар қаржының туризм арқылы көптеп құйылатынына күні бұрын көз жеткізіп қойған сияқты…
Бекжігіт Сердәлі, журналист.