- Біздің кейіпкер
Сабақтаулы инесін қолға алды. Кескіні алдын ала салынған әсем оюлы суреттің жиегіне иненің соңынан жіп еріп, әдемі із кетіп барады. Кезекті тапсырыс. «Әдемі шығуы керек». Гүлмира қиялына ерік берді. Өткенді-кеткенді ой елегі бір демде өткерді де алыстағы армандарға ала жүгірді. Ал қолындағы масаты матаның бетінде көздің жауын алар ою-өрнек әдептеліп жатыр…


Сіз кесте тіге аласыз ба? Нешеме ою-өрнекті көркемдеп кестелеп тігіп шығу оңай іс емес. Кесте тігетін адамның бәрі бірдей төзімді емес. Үйренген өнерін тастап кеткендер, ұмытып қалғандар да көп.
Шыдамдылықты, ұқыптылықты қажет ететін кестелеу өнері біртіндеп ұмыт бола бастағаны содан ба дерсін. Дей тұрып, кестесін тастамағандар барына қызығасын.
Соның бірі біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Гүлмира Ескендірқызы. Тапсырысқа кестелі барқыт сөмке ғана емес, қарапайым көйлек-көншекке кестелі ою-өрнек салып, қымбат, ешкімде жоқ ерекше киім етіп шығаратын шебер. Мақпал матаның бетіндегі Гүлмира салған ою-өрнекке қызықпайтындар аз.
Бәрінен де бір жұмысына кемі екі апталап уақытын сарп ететін ісмер келіншектің төзімділігіне тәнті боласын.


Гүлмира жақында ортаншы қызының пиджагын моншақтармен кестелеп, көркемдеп шықты. Күніне 8-10 сағатын арнай жүріп, екі жетіде бітірген жұмысына өзі дән риза. Шынында да пиджак өте әдемі шықты. Мұны көргендер тапсырыс бере бастайтыны даусыз.
–Тапсырыс берушілер аз емес. Десе де кесте тігу тез атқара салатын шаруа емес. Уақыт пен қиялыңды қажет етеді. Қиял болғанда… қайталанбайтындай ою-өрнек салғым келеді. Әр жіптің түсін өрнекке сай етіп үйлестере білу де ой еңбегін қажетсінеді,- дейді кейіпкеріміз.
Гүлмира Ескендірқызы Түркістан облысы, Жетісай қаласында туып өскен. Әкесі –инженер, анасы марқұм Роза Рахымқызы Жетісай мәдени-ағарту училищесінде оқытушы болды. Гүлмира кішкентайынан кесте тігу, кілем тоқуға қызығып өсті. Қызының талабын қоштаған анасы да бар білгенін үйретті.
–Анам жан-жақты адам еді. Мамандығы Библиограф болғанымен, суретті өте жақсы салатын. Кесте де тігетін, киім де пішіп, өзі тіге беретін. Ал мен керісінше, кішкентайымда кестені көп тікпейтінмін. Сурет салғанды ұнататынмын. Күнұзаққа қиялданып сурет салып отырғанды жаным қалайтын. 1992 жылы мектеп бітіріп, Шымкенттегі Ә.Қастеев атындағы көркем сурет училищесіне оқуға түстім. Кілем тоқу мамандығын меңгердім,- дейді Гүлмира.


Студент атанысымен оған анасы үйреткен кілем тоқу өнері көп көмегін тигізді. Курстағы қыздар тоқыманың сырын енді меңгеріп жатқанда Гүлмира әр өрнектің кескінін келістіруге кірісіп-ақ кететін. Кесте тігуде де қатарластары сауасағының икемін келтіріп әуре боп жатса бұл қай өрнекті қай түсті жіппен кестелеу қажеттігін жоспарлап отыратын.
–Біздің бала күнімізде ауылда кілем тоқитындар көп болатын еді ғой. Әрбір үйдің ауласында кілемнің жақтаулары құрылып тұратын. Қызы бар үйде кілем тоқу, кесте тігу міндетті іс болушы еді…
Иә, Гүлмира дұрыс айтады, бұрынғының бойжеткендері қолөнердің кем дегенді бірін меңгеруге күш салатын. Ал ісмерлері бірнеше өнерді ептей алатын. Оларға апа-әжелері, анасы үйретуден жалықпайтын. Сол өнерді меңгерген кешегі бойжеткен, бүгінгі Гүлмирадай аналар арамызда қазір аз да болса бар.
Гүлмира кілем тоқуды ұмытпады. Оған да тапсырыс қабылдайды. Көлемді, кең ауқымды дүние жасамаса да шағын гобелендерге тапсырыс беретіндер көп. Осыдан 3-4 жылдай бұрын қаладағы мештіттердің бірі Гүлмираға қабырғаға ілетін Құранның сүресі жазылған кілемге тапсырыс берді. Өз ісіне тиянақты әрі аса жауапкершілікпен қарайтын Гүлмира бұл тапсырыстың да үдесінен шықты. Тапсырыс беруші дән риза болды.
–Гобелендерге ою-өрнекті тапсырыс берушілер кейде өздері ұсынады. Кейде мен ұсынған нұсқаны таңдап, «дәл осылай тоқып берсеңіз» дейді. Көлеміне қарай гобеленді шамада екі- үш ай тоқимын. Уақытымды балалардың ас-ауқатын дайынадуға, үйге келімді-кетімді қонақтарға да жұмсауға тура келеді,-дейді ол.

Гүлмираның жұбайы Батырханды көпшілік жақсы таниды. Батырхан Дәуренбеков – қазақ мультфилімін Амин Қайдаров атамыздан кейінгі жаңғыртып жүрген, анимациялық және көркем фильмдердің танымал режиссері әрі сценаристі, бүгінгі қоғамымыздың айтулы азаматтарының бірі. Ұлттық өнер, салт-дәстүр, ою-өрнек тұрғысында ерлі-зайыптылар таңды таңға ұрып насихат айтуға дайын. Сол ұлтжандылық ұл-қыздарына да дарыған. Өрбітіп отырған үш қыз, екі ұлға қазақтың салт-дәстүрі, өнері жайлы өнеге айтудан жалықпайды. Нәтижесі де жоқ емес.
Үлкен қыздары Салтанат керамикалық түрлі бұйымдар жасаумен айналысады. Салтанат жасаған құмыра, қыш ыдыстарға Гүлмира мен Батырхан бояумен ою-өрнек салуға көмектеседі. Қышқа салынған бояулардың түстері арнайы пеште күйдірілген соң өзгеше реңге ауысатынынна шығармашылық одақ – ата-ана мен бала таң-тамаша болысады сосын.


Көпшіл адамдардың досы-жараны, туысы да көп.
Өнер байланыстаратын бейтаныстардың да жақынырақ таныспақ ниетпен есік қағып келетіні тағы бар. Осының бәрінің үдесінен шыға жүріп Гүлмира кестесін тастамайды.
–Қолөнер бұйымдарына қызықпайтындар кемде кем шығар. Көбіне қыз- келіншектерді кестеленген шағын сөмкелер, көйлектің кеудесіне түскен бисерлі немесе тамбур кестесі қызықтырады. Олар осы дүниеге жиі тапсырыс береді. Ал гобеленді тықыр етіп те, түкті етіп те тоқимын. Тапсырыс берушінің қалауына қарай түрлі техникаларды қолдануға болады, — дейді Гүлмира.


Қолөнершінің ойынша қолөнер бұйымдары ешқашан сәннен қалмайды. Оған деген қызығушылық қай елде болсын жоғары. «Бірнеше шетелдерді аралап, саяхаттағанда сол елдердің қолөнер бұйымдарымен танысуға тырыстым. Олардың ою-өрнектерін ұғынуға тырысамын. Себебі ұғынған адамға әрбір оюдың, өрнектің айтатын сыры бар» Гүлмира осылай дейді.
Мінезі тұйықтау, өз өнері жайлы ашылып баршаға мақтана бермейтін кейіпкеріміз кестені әсіресе түнгі уақытта тіккенді ұнатады. «Үйдің бар шаруасын бітіріп, балалар ұйқыға жатқанда, өзіңмен өзің отырып кесте тіккен рахат сезімге бөлейді» дейді ол. Шығармашылық адамға түн де өз тыныштығымен шабыт сыйлайтындай.
Ал таңертең…
Күнделікті тұрмыстағы тірлігін бітірген Гүлмира кезекті тапсырысқа қажетті түрлі-түсті жіп, бисер моншақтар алуға базарды бетке алып бара жатады. Іздегені базардан табыла қоймайтын да кезі бар. Әсіресе, жапондық бисерлер Шымкентте тек бір ғана дүкенде сатылады. Жіптің де тәуірі сонда. Базардан таппағанын Гүлмира сол дүкеннен алады. Алда-жалда жолы Түркия мен Ташкентке түсіп жатса өзіне қажетті жіп пен моншақтың сан түрін молынан сатып алып келуге тырысады. Себебі ол кесте тігу мен кілем тоқуды жақсы көреді.
Ж.ЖАЙЛАУБЕКҚЫЗЫ