Қоғам

Шымкентке жаңа стадион не үшін қажет?

  • Мегаполистің қазіргі стадионы жанкүйерге тарлық етуде. «Футбол ойындарында Қажымұқан атындағы стадионға көрермен симай кетеді». Осылай дейтін оқырман көп. «Ордабасы» командасы ел чемпионы атанды. Қазақстанның намысын қорғап, Европаның чемпиондар лигасында өнер көрсететінін ескерсек, Шымкентке келетін шетелдік футбол командасы мен олардың жанкүйерлерін қабылдауға бірнеше жыл бұрын ғана жөндеуден өткен қазіргі стадион қауқарсыз болғаны ма?

Ілияс ЖОЛДАСОВ, Сейдахмет Бердіқұл атындағы сыйлықтың лауреаты. Көп жылдар «Ордабасы» командасының пресс-атташесі болып қызмет атқарған, «Топжарған» журналының бас редакторы, «Оңтүстік Спорт» газетінің құрылтайшысы:

– Қазіргі стадион талапқа сай емес. «Ордабасы» командасы Евролигада өнер көрсететін болғандықтан жеребеде Итальяның атақты «Ромасы» түсе ме, Англяның «Челсиі» түсе ме білмейміз ғой. Мүмкін Францияның «ПСЖ-сі» кеп қалар. Қайсысы болса да осал команда емес. Олардың кемінде 50-80 мың жанкүйері бар. Сондықтан Шымкентке ФИФА талабына сай заманауи тұрғыдағы жаңа стадион керек. Кемі 40 мың жанкүйер сиятындай болғаны жөн. Ал, егер әкімдік «оған шамамыз жетпейді, қаржы жоқ» дейтін болса Қажымұқан атындағы қазіргі стадионның оң қапталынан 15 мың жанкүйер сиятындай трубина салуы қажет. Жалпы, бұл стадион 70-ші жылдары салынған нысан. Қазіргі заман, талап басқа. Заманауи талапқа сай болғаны жақсы ғой…

Мақсат ОРЫНБАЕВ, Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының бұқаралық спорт және инфрақұрылым бөлімінің басшысы:

– Спорттық инфрақұрылымды дамыту жолында, атап айтқанда, 2023-2025 жылдар аралығында «Шымкент сити» шағынауданында «Шымкент арена» спорт кешенін салу жоспарлануда. Қажымұқан атындағы орталық стадионды реконструкциялау да көзделіп отыр. Техникалық сараптама жүргізілген. Сонымен қоса, ат манежі мен қосымша атқора құрылысын жүргізу үшін қалалық құрылыс басқармасына ұсыныс енгізілген. Қалада әзірге халықаралық талаптарға сай «Shymkent Shooting Plaza» оқ ату кешені, көркем гимнастика спорт кешені, Мұз сарайы, ұлттық теннис орталығы, БИІК спорттық базасы ғана жастардың игілігіне жарап тұр. Кез келген спорттың дамуы материалдық-техникалық базаға байланысты. Екінші, маман кадрлардың жеткілікті болуы. Үшіншіден, қаржы болса, инвестор табылса, соның бәрін ұйымдастыруға болады.

Тағабай ҚАСЫМОВ, журналист:

– Стадион мәселесі бұрыннан айтылып келе жатыр. Таяуда қала әкімі Ғ.Сыздықбеков «Ордабасы» ойыншыларын марапаттау рәсімінде қаланың жаңа бас жоспарына сәйкес, шаһарда футболға арналған стадион салу көзделгенін айтты. Оған арнайы жер де бөлінген екен.

Ел чемпионы «Ордабасы» 2024 жылы УЕФА чемпиондар лигасында ел намысын қорғайды. Қаламызда әлем чемпионаттары мен кубоктары, құрлық чемпионаттарын өткізу міндеті тұр. Футболдан бөлек, басқа да әлемдік деңгейдегі ірі жарыстарды өткізуіміз керек. «Шымкент арена» спорт кешені, Қажымұқан атындағы орталық стадионды реконструкциялау, жаңа футбол стадионының құрылысы, тағы басқа спорттық ғимараттар құрылысы айтылып жүрген мәселе. Спорттық инфақұрылымды дамыту, спорттық туризм, жалпы спорттық индустрияны қалыптастыру қажет. Бұл Шымкенттің оң имиджін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Нақты жоспар жасап, соны іске асырсақ болғаны.Ш

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *